Сәрсенбі, 18 Шілде 2018 17:15

Шымкент көпқабатты үйлерден тұрады

Миллион тұрғыны бар Шымкенттің алдағы келбеті қандай болуы керек? Қаладағы көлік кептелісін болдырмаудың жолы қайсы? Бұған ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі, Шымкент қаласының бұрынғы бас сәулетшісі Асқар Мамырбаев былай дейді... 

Асқар Мамырбаев – 40 жылдық еңбек өтілі бар сәулетші. Түркістан, Шымкент қалаларының бас сәулетшісі болып еңбек еткен. Сондықтан бұл салада атқарылған жұмыстарды бүге-шігесіне дейін біледі десек, қателеспейміз. Шымкент қаласының бас жоспарын бекітуге үлес қосқан. «Сол нұсқа бойынша жұмыс істеп, қаладағы көлік кептелісін болдырмау қала басшылығының басты назарында болуы керек»деген пікірде.

«20 мың немесе 30 мың адамдық шағынаудандар салынатын болса, соның ішінде адамдардың демалуын, жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалуы керек. Сонда қаладағы кептелістің болмауының басты кепілі сол» дейді ол.

Сонымен қатармегаполис болғасын көпқабатты үйлер көп салынғаны дұрыс. Әйтпесе шаһарымыз өз мәртебесіне сай болмайды. Мегаполис деген аты болғанымен, заты – «үлкен елдімекен» болып қала береді деген ойын жеткізді.  

«Аз қабатты үйлер орталық ауданда өте көп. Байтұрсынов көшесі, Қонаев даңғылы, Дулати көшелерінің барлығында 1 қабатты, 2 қабатты ескі тұрғын үйлер орналасқан. Сол жерлерде инфрақұрылым бар. Енді инвесторларды тартып, жақсы жобаларды ұсынып, осы жерлерге көпқабатты үйлер тұрғызған дұрыс» дейді А.Мамырбаев

Сырттан келетін әуе, теміржол көліктері үшін екінші әуежай мен теміржол вокзалы салынбаса, жолаушылар нөпірін ретке келтіре алмаймыз. Алавтокөліктер қалаға оңай кіріп шығуы үшін айналма жолдар салып, қала ішіндегі жолдарды кеңейткен жөн. Міне, сонда ғана мегаполис халқы ыңғайлы жағдайда өркениет игіліктерінің рахатын сезінетін болады. Талай жыл басшылықта болған тәжірибелі сәулетшінің көзқарасы осындай.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1172 рет