Бейсенбі, 26 Мамыр 2022 23:01

ШЫМҚАЛАДА 9 ЖАҢА ЖОБА ІСКЕ АСАДЫ

Шымкент қаласы әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен кезекті инвестиция штабының отырысы өтті. Жиын барысында 2022 жылдың 4 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың игерілуі мен хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы талқыға түсті.

Инвесторлар «zoom» платформасы арқылы байланысқа шыққан қала басшысына жаңа жобалар туралы баяндады. Негізінен құрылыс, жеңіл өнеркәсіп және әлеуметтік сала бойынша жалпы 9 жаңа жобаның жүзеге асыру мәселесі қаралды.Соның бірі - керамика плитасы өндірісі. Жоба құны 13,5 млрд теңге. Жоба жүзеге асса 200 адам жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда «Жұлдыз» индусриалды аймағынан 25 гектар жер беру қарастырылуда.

Жылына 100 млн метр тамшылатып суаратын таспа мен 9000 тонна дайын полимер бұйымдарын шығаратын өндіріс те жаңа жобалардың қатарында. Ол үшін «Жұлдыз» индустриалды аймағынан 3 га жер бөлу жоспарланып отыр. Жобаның құны 1,3 млрд теңге. Жылына 10 000 тонна электр энергиясы өндірісіне қажетті жабдық шығаратын зауытқа да 10 га жер телімі қажет.

 Келесі бір жоба – асфальт зауыты. Асфальт битиумдарын өндіретін және сақтайтын жобаның құны 300 млн теңгені құрайды. Жеке инвестор жылына 255 мың тонна асфальт өндіруді қолға алмақ. Ал, 897 адамды жұмыспен қамтуға арналған текстил жобасының құны 15,2 млрд теңге. Кәсіпорын жылына 10 440 тонна иірілген мақта жіп пен18,9 млн шаршы метр мата тоқуға қауқарлы. Сондай-ақ, жылына 3,6 млн орам қағаз шығаратын мекемеге «Оңтүстік» индустриалды аймақтан жер бөлу жұмысы қаралуда.

Қала әкімі жаңа өндіріс орындары қаламыз үшін маңызды екенін, ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Индустриалды аймақтардан қажетті жер беріледі. Шаһар басшысы жобаның жүзеге асырылуы барысында кездесетін мәселелер бойынша тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеді.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 324 рет