Дүйсенбі, 13 Маусым 2022 19:26

ШЫМКЕНТ ЖЫЛЫЖАЙЛАРЫНЫҢ ӨНІМІ МОЛ

Бүгінде Шымкент қаласында 204 гектар жерде 113 жылыжай кешені орналасқан. Оның ішінде аумағы 71 га құрайтын 23 өнеркәсіптік жылыжайда ауылшаруашылық өнімдері өсірілуде. Бұл жылыжайларда жылына 17 мың тоннадан астам қызанақ, қияр және басқа да көкөніс өнімдері өндіріледі. Қаладағы жылыжайлардың өнімдері бүгінде базар, дүкендерде самсап тұр және жыл бойы үзілген емес. Өнімдер ішкі нарықты қамтып қана қоймай, көрші елдерге де экспорт жасалады.

Шымкент көкөніс, жеміс-жидегімен елімізге ғана емес, шетелге мәлім қала. Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестікке қабілетті етіп өндірілетініне ілгеріде күмәндана қарайтындар көп болатын. Алайда, енгізіліп жатқан жаңа технологиялар көптің күмәнін сейілткен. Оған  – Бозарық тұрғын алабында орналасқан «Зауре» жылыжайы дәдел. Аумағы 3 гектарлы өндірістік жылыжай кешені 2020 жылы іске қосылған.

Жаңа технологияларды қолданған «Зәуре» жылыжайында өнім сапасына да аса мән беріледі. Соның дәлелі мұндағылар тозаңдау жүмыстарына арнайы араларды пайдаланады екен.

Тозаңдаушы араларды  Голандия мен  Украйнадан алдырған. Шетелдік жәндіктердің ерекшелігі еңбекқорлығында. Сонымен қатар ұясынан алыс кетпей бір жерге тез бейімделеді екен.

Жылыжай «Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау» және тыңайтқыш құнын субсидиялау бағдарламалары бойынша мемлекеттен қолдау алғаннан кейін көкөніс өндіру ісі өркендеді. Туркияның алдынғы қатарлы технологиясымен жабдықталды. Жылына 600 тонна өнім өндіріліп отырған агрокешенде 30-дан астам адам жұмыспен қамтылып, қызанақтың органза, мэрлис және тарелино түрлері өсіріліп жатыр. Өнімдер қала нарығы мен еліміздің солтүстік өңірлеріне саудаланады.

 

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 316 рет