Таяуда Сауран ауданында игілікті іс-шара өтті. Тарқатып айтатын болсақ, Қарашық ауылдық округі, Құмтүйін елді мекенінің кіре берісіне ауыл тұрғыны, жеке кәсіпкер Ырысбай қажы Айтуғановтың бастамасымен арнайы қақпа орнатылып, ашылу рәсімі өтті.Шараға аудан әкімі Ғ.Рысбеков, ауылдық округтің ақсақалдары мен тұрғындары қатысты. Құмтүйін ауылының тұрғыны Ырысбай қажы Айтуғанов бұған дейінде көптеген игілікті істің ұйытқысы болып келген екен.
Аудан әкімі Ғани Құрмашұлы елді мекен тұрғындарын игілікті шараның ашылуымен құттықтап, ел игілігін молайту жолындағы еңбегін жоғары бағалап, ауданның дамуына үлес қосып келе жатқанын айта келе, ақсақал Ырысбай қажы Айтуғановқа алғыс хат табыстады. Бұдан соң ауыл имамы Ж.Джакенов, «Тұран» шаруа қожалығының төрағасы Х.Азимов, ауыл ақсақалы, қажы Ы.Айтуғанов сөз сөйледі.
ҚАДАМЫ ҚАРЫШТЫ – ҚАРАШЫҚ
Жалпы, Қарашық ауылдық округі аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен. Қарашық ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Жасыбаевтың айтуынша, осы ауылдық округке бұрын Бірлік ауылы да кірген екен. Қазіргі таңда Түркістан қаласының аумағы үлкеюіне байланысты қаланың шағын ауданына айналғандығын атап өтті.Қарашық ауылдық округінің құрамы үш елді мекеннен құралған. Атап айтсақ, оның құрамына Қарашық, Құмтүйін, Қаратөбе елді мекендері кіреді. Онда 11068 адам тұрады.
АЗДАН ДА КӨПТЕН ДЕ ҮНЕМДЕУ – ӨМІР ТАЛАБЫ
-Жасыратыны жоқ, бізді аздан да көптен де үнемдеуге өмір үйретті. Кешегі тәжтажал індеті басталған тұста қаншама кәсіпкерлеріміз жұмыссыз отырды. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлері үйде қамалып қалды. Барлығы жайлап әкімшілікке келіп, «Енді не істейміз? Қандай амал бар?», — деп сұрайды. Тепсініп, есігіңді жұлқып ашатындары да бар. Соларға жайлап түсіндіріп, бүкіл елдің басына түскен нәубет екендігін айтқаннан кейін, көбі түсініп, өздерінің отбасылық бюджетін түгендеп, үнемдеп, сол кезде басқа саладан да нәпақа тауып, кәсібін дөңгелетіп әкеткендері де бар»,- дейді ағынан жарылып.
Мәселен, Қарашық ауылы әкімі аппаратына 2021 жылда барлық шығындарын өтеуге 54 млн 634 мың теңге бекітілген. Шығындар: оның ішінде ауыл әкімі аппараты қызметкерлерінің еңбек ақысына – 33 326 мың теңге, іс бағдарламасына 275,0 мың теңге, іс бағдарламасын сүйемелдеуге 150,0 мың теңге, кеңсе тауарлары қызметіне 250,0 мың теңге, электр қуатына 2104,0 мың теңге, мекеменің күрделі шығындарына 1410,0 мың теңге, спорттық іс-шараларға 250,0 мың теңге, Қарашық елді мекеніне Тутарық және Тұран көшелеріне екі трансформатор – 2 100,0 мың теңге, Қарашық ауылдық округі әкімі аппараты ғимаратын қоршау, дәнекерлеу, электромонтаж жұмыстарына – 4 396,0 мың теңге жаратылды. Мұның барлығы ешқандай артық шығынсыз орындалды.
Қайта нақтылау бойынша 6 айда салық түрлері бойынша түскен 10 млн 373 мың теңгені техникалық персоналдың еңбек ақы төлеу – 1 500,0 мың теңге, елді мекендердің көшелерін жарықтандыруды күтіп ұстау үшін 1,0 млн, жергілікті деңгейде дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларға -1435, машиналар, жабдықтар өндірістік және шаруашылық муккамал құралдарын сатып алуға – 500 мың, Құмтүйін елді мекеніне балалар ойын алаңшасын орнатуға- 2 млн 500 мың, Қарашық елді мекені Н.Төреханов көшесіне тас төсеу үшін 3 млн 438 мың теңге бағытталған болатын. Ол да көңілден шықты.
Қарашық ауылы әкімі аппаратына 2022 жылда барлық шығындарын өтеуге 75 млн теңгеге бекітілген. Шығындар: оның ішінде ауыл әкімі аппараты қызметкерлерінің еңбек ақысына — 28313 мың теңге, электр энергияға — 1902,0 мың теңге бағытталған.
Әсіресе, салықтық түсімдер ойлағандағыдан да жоғары орындалды. Қарашық ауылдық округі бойынша 2021 жылы 12 айдағы жоспар бойынша мүлік салығы 662 мың теңге 100 пайызға, жер салығы 571,0 мың теңге 100 пайызға, көлік салығы 14 млн 465,0 мың теңге 147 пайызға орындалды.
Қарашық ауылдық округі бойынша 2022 жылы 5 айдағы жоспар бойынша мүлік салығы 47 мың теңге 94 пайыз, жер салығы 87,0 мың теңге 87 пайыз, көлік салығы 10 млн теңге 200 пайызға орындалды.
ДИҚАНҒА ТИЕСІЛІ СУЫ БОЛСА- НУЫҢЫЗДЫ ӨЗІ ЖАСАЙДЫ
Қарашық ауылдық округі Түркістан қаласының іргесінде болғандықтан мұндағы халықтың дені, жер емген өзбек ұлтының бейнеткеш диқан қауымы ертелі-кеш, таңның атысы, күннің батысы, шағын бау-бақшасынан шықпай, соны күтіп баптайды. Ауылдың округ әкімінің баяндауынша, ауыл округінің жалпы ауылшаруашылық жері -15497 гектар. Оның ішінде, суармалысы -3350 гектар, жайылымы -11808 гектар. Ащысайда 3600 гектар болса, Қаратөбеде 3708 гектарға жетеді. Шабындық жердің аумағы -287 гектар. Басқа да жерлер-102 гектар шамалас.
2021 жылы Қарашық ауылы бойынша 3350 гектар жерге егілген ауыл шаруашылық дақылдары толығымен игерілді. Егілетін егіс көлемі 150,0 га дәндік жүгері, 50,0 га сүрлемдік жүгері,1100 га мақта,650,0 га бақша,153,0 га күздік бидай, 210,0 га көкөніс,720,0 га жоңышқа,97,0 га жаңа бау. 315 гектар жер Жасыл аймаққа өтті.
Қарашық ауылдық округі бойынша, күзгі дала жұмыстарына 63 тонна жанар жағармай алынды. Көктемгі дала жұмыстарына 79 тонна жанар жағармай алынды.
Қарашық ауылдық округі бойынша 2,6 га жылыжай бар. Соған байланысты 2-3 өнім алу жобасы бойынша 25 жоба бекітіліп, іске асырылуда.
Азық түлік белдеуі бойынша 2000 гектар жоспарланған. 2022 жылға жаңбырлатып суару технологиясы 175 гектар жерге жаңбырлатып суғару технологиясын қойылу жоспарланып, келісім-шартқа отырды.
Қарашық ауылдық округінде «Картекс»агро АӨК құрылып, 39 шаруа тіркелген. Қазіргі таңда 104 шаруа қожалығында 656 гектар жер тіркеуге өткізілді.
Қарашық өзенінен бастау алатын Көкарық арығын тазалауға 1300,0 мың теңге қаржы қаралып, тазалау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда 6 жаңа ауыл шаруашылық техника алынды.
«Маханбет» шаруа қожалығының төрағасы Калия Саулембаева 300 бас малды бордақылау алаңын салды.
Биылға жаңадан «Рахат» шаруа қожалығының төрағасы Фуркат Айтметов 1,0 гектарға жылыжай салуда.
Қарашық ауылдық округінің орталығында тұратын қадірменді қария Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы төрағасының орынбасары, Қарашық ауылы ақсақалдар алқасының төрағасы Жумадулла Омаровтың айтуынша, соңғы жылдар қарашықтық диқандар оранғай маңындағы қиыршық тас алатын карьерлер салынуы, жолшыбай суды тиімсіз пайдаланатындардың салдарынан, соңғы лектегі диқандар қатты су тапшылығын көріп отырғандығын алға тартады. Бұдан осы ауылға жиі келіп, кездесу өткізіп жүрген аудан әкімі Ғани Рысбеков те хабардар. Сондай жиі кездесулердің нәтижесінде Қарашық елді мекенінен сыйымдылығы 6 млн³ су қоймасын салу бойынша 72 гектар жер телімі бөлініп, бүгінгі таңда мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Диқандар қауымы жақсылықтың ерте кеші жоқ. «Бірер жыл күте тұрайық» деседі. Себебі, төрт жылда Түркістанның танымастай өзгергенін, Сауран ауданының бір жылда қаншалықты дамығанын көздерімен көріп отыр.
КӘСІПКЕРЛІК — ҚОҒАМДЫ АЛҒА БАСТАЙДЫ
Мұны дүниежүзіндегі нарық заңдарына бағынған, демократиялық жолдағы дамыған мемлекеттердің іс-тәжірибесі көрсетіп отыр. Дамыған мемлекеттерді қиын-қыстау сәттерден аман-есен алып шыққан шағын және орта бизнес өкілдері. Мұны жете түсінген қарашықтық кәсіпкерлер барынша тиімді де табысты саланы игеруге кіріскен. Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту саласында ауылдық округ бойынша бір мақта зауыты орналасқан. «Тұран» мақта зауытын алыс-жақындағы ағайындар жақсы біледі. Бір сүт өңдеу цехы, бір жіп иіру цехы, бір май шығаратын цехы, бір сабын өндіретін цехы, төрт дәріхана, бір диірмен жұмыс істейді.
Одан басқа 37 сауда нүктесі бар. Бір тойхана, бес тамақтану орны, төрт наубайхана елдің игілігіне жаратылуда. Оның сыртында қалаға жиі қатынайтын автокөліктерге арналған бір желімдеу цехі, жеті автокөлік жуу орны, екі май құю бекеті орналасқан.
Қарашық елді мекенінде «Тұран» шаруа қожалығы ауыл тұрғындарынан сүт қабылдап, қайта өңдеп, сүзбе, қаймақ, айран, сарымай, пастерленген сүт дайындайды.
Қазіргі таңда Қарашық елді мекенінде «Нұр — Әсем» мал базары жұмыс жасайды.
Жұмсақ жиһаз шығарумен «Дивалюкс» ЖШС жұмыс жасап, жиһаздарын облыстарға және шет елдерге шығаруда.
САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – ӨМІР ТАЛАБЫ
Жақында Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбековпен кездесуде Қарашық ауылдық округі мен Құмтүйін елді-мекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін көтеріп, халықты сапалы ауыз сумен қашан қамтамасыз ететінін сұрады.
«Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтиін елді мекенінен ауыз су ұңғымасын қазуға Кентау қаласы әкімдігі тарапынан 42 миллион теңге қаржы қаралып, 370 метр қазылды. Сонымен қатар, «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Жер асты су қоры анықталған соң, ұңғыманы тиісті тереңдікке дейін қазу жұмыстары басталады», — деген болатын аудан әкімі Ғани Рысбеков.
Соған орай, Қарашық ауылдық округі бойынша, Құмтүйін елді мекенін сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында ауыз суға қазылған тік су ұңғыманы 400-500 метр қаздырып, тұщы су шығарып беру үшін 41336,35 мың теңгеге сметалық құжаты дайындалды. 39 872 000 теңгеге «БеМир-Құрылыс» ЖШС ұтып алды. Жұмыс жалғасын тауып, одан әрі жүргізілуде.
Қарашық елді мекені Н.Төреханов көшесіне тас төсеу үшін 3 млн 438 мың теңге сметалық құжат дайындалды. 1 990 240 мың теңгеге «Rah-Man Holding» ЖШС ұтып алып тас төсеп, үнемделген 1 447 760 мың теңгеге Қарашық елді мекені Ш.Ганиев көшесіне тас төсеу жұмыстарын жүргізді. Қарашық елді мекеніне 2 (екі) трансформатор 2 млн 100 мың теңгеге орнатылды. Қарашық елді мекенінде кәсіпкер Муютов Хуршит спорт кешенін ашып, ауыл жастарынан 400 бала спортпен айналысуда.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАНЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТАДЫ
Қарашық ауылдық округінде ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, 2021 жылдың І-тоқсанында 98 құжат өткен, ІІ-тоқсанда-97, ІІІ-тоқсанда -95 ІV-тоқсанда-48 құжат өткізілген. Олардың барлығына 9 404 076 теңге төленді. Осы жылы І-тоқсанға -51 адамға жәрдемақы тағайындалды.
Ауылда тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға демеушілер есебінен 15 отбасыға азық –түлікпен және екі отбасыға қатты отынмен көмек берілді және жалғызілікті Нигаманова Флюраға демеушілер есебінен үйінің шатырын ауыстырып, есік алдын қоршап берді.
Ақылы қоғамдық жұмыстарға 19 азамат тартылды. Олар негізінен Қарашық, Құмтүйін, Қаратөбе елді мекендерін абаттандыруға, көкжелектендіруге, тазалық жұмыстарына тартылды. Жастар практикасына алты адам тартылып, қоғамдық жұмыстармен айналысты. Алты адам 3 млн 498 мың теңгенің қайтарымсыз грантын ұтып алып, өз жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елбасымыздың «Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің, үлгісіне айналуы керек » деген сөзіне орай, тазалық денсаулық кепілі екенін жете түсініп, 7200 түп ағаш көшеті отырғызылды. Әр сенбі күні ауыл тұрғындары өз үйінің қас беттеріне сенбілік жұмыстарын жүргізуде.
Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда. 2022 І-тоқсан 50 құжат өтті, ІІ-тоқсан-61 құжат өткізіліп тағайындалды.
Биылғы алты айда ауылда тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға демеушілер есебінен 11 отбасыға азық –түлікпен және 1 отбасыға қатты отынмен көмек берілді. Жастар практикасы- 5 адам жұмысқа тартылды. Алғашқы жұмыс орындарына — 8 адам жұмысқа жіберілді, (29 жасқа дейінгі жастар) әлеуметтік жұмыс орындарына — 11 адам жұмыспен қамтылды.
БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН КӘСІПКЕРЛЕР ДЕМЕУДЕ
Қазіргі таңда Қарашық ауылдық округіне қарасты үш жалпы орта мектеп бар. Қарашық жалпы орта мектебінде 940 оқушы, Тұран жалпы орта мектебінде 1172 оқушы, Құмтүйін жалпы орта мектебінде 471 оқушы білім нәрімен сусындауда. 2021-2022 оқу жылында 3 мектепте барлығы 2583 оқушы білім алуда. Оларға 248 мұғалім сабақ береді.
Қазіргі күнде ауылда 1 мемлекеттік, 3 жекеменшік балабақша бар. «Құлыншақ» бөбекжай балабақшасында 120 бала тәрбиеленеді.
2021 жылы жаңадан ашылған «Жасмин» бастауыш мектебінде 20 бала, балабақшасында 100 бала тәрбиеленеді. «Жасмин» балабақша әрі бастауыш мектебін өткен жылы жергілікті кәсіпкер Атахан Файзиев өз қаражатына салдырған екен. Аудандағы тұңғыш балабақша әрі бастауыш мектепті Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков өзі келіп ашыпты. Білім ордасының әдіскері Шайра Абдулхакимованың айтуынша, қазір төрт топта 100 бүлдіршін бастауыш сыныпта тәрбиеленуде. 22 бала жазғы лагерь секілді өз білімдерін жетілдіруде.
— Қазір әр балаға 6 мың теңгеден белгілеп отырмыз.Соның өзін де уақытында төлей алмай отырғандары бар. Біз оларға түсіністіпен қарап, барынша қолайлы жағдай жасаудамыз. Мемлекет тарапынан дотация да, субсидия -қайтарымсыз қаржы да алып отырған жоқпыз. Бірақ, басшылардың уәдесі бар, — дейді Шайра Абдулхакимова.
Қазіргі таңда «Мадина» балабақшасында 125 бала, «Қарашық №1» бөбекжай балабақшасында 145 бала тәрбиеленуде. Барлығы 510 бала тәрбиеленуде. Яғни, осы шамадағы ата-аналар Түркістанға қатынап, жұмыс жасауда. Бұл бала бақшаларда 163 адам жұмыс істейді.
Ауылда оқушылар санының күн санап артып келе жатқандығына орай «Тұран» шаруа қожалығының иесі Азизбек Азимов есімді жігіт үш қабатты 1600 орындық мектеп құрылысын бастаған. Қазіргі таңда іргетасын қалау жұмыстарының өзіне 100 миллион теңгедей жұмсалған көрінеді. Мектепті келесі оқу жылына дейін аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отыр.
Береке бірлігі жарасқан ауылда емхана, пошта, АТС халыққа қызмет көрсетіп келеді. Барлығы ауыл әкімшілігімен тығыз байланыс орнатқан.
ҚАРАШЫҚТА БАЛАЛАР МЕН ҚЫЗДАР МЕДРЕСЕСІ БАР
Қарашық ауылдық округін басқа өңірлерден ерекшелейтін екі нәрсесі бар екен. Бірі Қарашық ауыл мешіті жанынан балалар мен қыздарға арналған медреселер ашылған. Медресе ұстазы Осман Шариповтың айтуынша, мұнда елу бала тәрбиеленеді. 2017-2018 оқу жылында алғашқы діни сауат алу курсы болып басталды. Мұнда негізінен құранды жаттатып, әдеп курсы оқытылады. Бұдан бөлек жақында қыздарға арналған медресе жұмыс жасайды. Онда да елуге жуық қыз бала тәрбиеленеді.
— Жасыратыны жоқ, елімізде ғана емес, Түркістан өңірінде материалдық жағдайларға байланысты отбасыларының ажырасуы жиілеп кетті. Ұлдарымыз жұмыссыздыққа ұрынып, соның салдарынан ішімдікке әуестігі күшейіп, есірткіге салынып кеткендері де бар. Болашақ ана болатын қыздарымызға да қырық үйден тыйым салып қана қоймай, осылай діни тәрбие беру арқылы отбастарын сақтап қалудың қамын жасаудамыз, — дейді Қарашық ауылы Ақсақалдар алқасының төрағасы Жумадулла Омаров.
Жумадулла Омаров ақсақал бұрын осы шаруашылықта 42 жыл ветеринарлық дәрігер болып қызмет еткен екен. Күні кешеге дейін мал тұқымын асылдандырумен айналысқан.
— 1983 жылы Белоруссияның Гомел мен Брест қалалары маңынан 2600 бас аққарабас сауын сиырларын әкеліп, Түркістан ауданына тараттым. 1991 жылы Украинадан 266 бас сүтті және етті бағыттағы сиырларды осы ауылға әкеліп шаруашылыққа жібердік. Қазіргі кезде ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырдым. Өзім есік алдындағы бау-бақшамды қарап отырмын. Соңғы жылдары агрономдықты меңгеріп те алдым. Әттең, ең қиын болып тұрғаны бақшалық судың жетіспеушілігі. Аудан әкімі Ғани Рысбековтың қолдауымен ауыл әкімінің міндетін уақытша атқарушы Сержан Жасыбаев есімді азаматымыз 6 миллион текше метр су сиятын Қарашық су қоймасын салып береміз деп отыр. Осы жастарға құдай қуат берсін деп біз де ақсақалдық ақылымызды айтып отырмыз, — дейді қадірменді қария Жумадулла Омаров.
Бір қызығы ауыл әкімінің сұрауымен 76 жастағы Қарашық ауылдық Ақсақалдар алқасының төрағасы Жумадулла Омаров ақсақал өзінің «Мерседес» машинасымен барлық қажетті мекемелердің бәрін аралатты. Жиырма шақты мекемені аралаған кезде, ауылдың жетістіктерін айтып ауызы жабылмады. Кешке дейін рульде отырған сексенге иек артқан ақсақал қыңқ еткен жоқ. Түркістандағы жұмыс орныма өзі әкеліп тастады. Ақсақалға алғысым шексіз.
АУЫЛДА ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ
Түркістаннан Қарашыққа жеткізіп салған таксистен бастап ауыл тұрғындарының бір өтініші «айдалада ақ отау аузы мұрны жоқ отау» дегендей Қарашыққа жеткен бойда Интернет желісі ұстамай қалады екен. Жаңа жылдан бері осындай күйде көрінеді. Мұның ақ-қарасын ауыл әкімінен білді. Қазіргі таңда ауылға кабелдік желімен электр қуаты жеткізіліп жатыр екен.
— Ауыл тұрғындары 11 мыңнан асқаннан кейін бұрынғы Интернет желісінің шамасы жетпей жатыр. Соған байланысты жаңадан салынған вышканың құрал жабдықтары жеткізіліп, таяуда Теле-2, Актив, Билайн, Алтел, Кселл желілері іске қосылады. Өзіміз де осыны күтіп жүрміз,-дейді Қарашық ауылының әкімі нің міндетін уақытша атқарушы Сержан Жасыбаев.
Жақында журналистермен кездескен Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек ауыл аймақтардағы интернет сапасының не себепті төмен екенін түсіндірді.
Былтыр мобильдік интернет сапасына қатысты 532 шағым түсті. Ал біздің елде 26 млн түрлі смартфон, бірнеше компьютері бар желі қолданушылары бар. Статистикаға қарап, интернет сапасына қатысты 532 шағымның аз екенін көреміз. Жалпы, шағым барлық аймақта бар. Біз бірқатар өңірдің географиялық орналасуының күрделі екендігін түсінуіміз қажет. Ондай өңірлер – Қарағанды, Ұлытау облыстары, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының кей жерлері. Жер бедері күрделі болған кезде операторларға интернеттің қолданыстағы технологияларын жеткізу өте қиын. Сондықтан ол жерлерге интернет спутник арқылы беріледі, — деді Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі. Вице-министрдің айтуынша, спутниктен берілген интернеттің сапасы төмен болады.
Бүгінгі таңда мұндай мыңнан астам локация бар. Және де бұл локацияларда неостанционарлы спутниктің технологияны пайдалану арқылы қамтимыз. Бұл технологияның трафик сапасы біршама жақсы. Жалпы, ол тұрғыны 200 адамнан аспайтын шағын елді мекендерді сапасы жақсы интернетпен қамту үшін жеткілікті, — деді Асхат Оразбек.
ЖОБАЛАР ЖОСПАРДАҒЫДАЙ ОРЫНДАЛУДА
Қазіргі таңда Қарашық елді мекеніндегі Шоқан Уәлиханов, Ибн-Сина көшелері, Құмтүйін елді мекеніндегі Шора Қожахметов көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Қарашық елді мекені Қарашық көшесі, А.Новай И.Худайкулов көшелеріне, Құмтүйін елді мекені А.Ақтанбаев, Н.Халжанова көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жалғасуда.
Биыл Құмтүйін елді мекеніне екі трансформатор қою жұмыстары жүргізіледі.
-Қазіргі таңда кей үйлерде үш төрт келінімен сығылысып отырған отбасылары бар. Қарашық ауылында 11 мыңнан астам адам тұрса, қазіргі кезде өз алдына жер алып, үй салып алғысы келетіндердің тізімі екі мыңнан асып кетті. Бас жоспарға сәйкес тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу үшін, елді мекен шегіндегі жерлерді арнайы қорға қайтару жұмыстары жүргізілуде. Ең үлкен проблемамыз осы болып отыр. Бұл біздің демографиялық өсіп өнуімізге кері әсер етіп отыр. Осыны жоғарғы жаққа жеткізсеңіз! — дейді ауыл ақсақалы Жумадулла Омаров.
ӨЗЕКТІ ЖАЙЛАР РЕТІМЕН ШЕШІЛУДЕ
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Қарашық ауылдық округінде тұрғындармен жиі кездесіп есеп беріп отырады. Ауылдың барлық өзекті жайларын бес саусағындай біледі. Қарашық ауылдық округінің өзекті жайларының тізімі жасалған. Басымдықты тұрғыдағылар алдыңғы қатарға шығарылған. Мәселен, ауылда жаңа үлгідегі 300 орындық мектеп салу қажеттілігі бар. Оранғай арығының 4 шақырымына лоток орнату қажеттігі туындап отыр. Бас жоспар жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұрылым жүргізу мәселесі кезек күттірмейді. Халық санының көбеюіне байланысты, электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 3 трансформатор орнатуды қажет етеді. Елді мекеннің ішіндегі жолдарды кезең-кезеңімен асфальттау мәселесі алда атқарылады.
Құмтүйін елді мекені бойынша, жаңа үлгідегі 300 орындық мектеп салу қажеттілігі бар. Халық санының көбеюіне байланысты, электр энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ету үшін 1 трансформатор орнатуды қажет етеді. Оңтайландырылған сызба жасалынған жерден тұрғын үй үшін берілетін жерлерге инфрақұ-рылым жүргізу керек.
АУДАН ӘКІМІ ҚАРАШЫҚТА СЕГІЗІНШІ МӘРТЕ БОЛДЫ
Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қарашық ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өткізді.
Кездесуде Ғани Рысбеков Қарашық ауылдық округінде жеке қаражат есебінен 2021 жылы жалпы 890,0 млн. теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарланып, 2021 жылы спорт мектебі мен бастауыш мектеп-балабақша кешені сияқты 2 нысанның құрылыс жұмыстарымен қатар құжаттандыру жұмыстары толық аяқталып, өз жұмысын бастағанын айтты. Нәтижесінде ауданға 640,0 млн.теңге инвестиция тартылды.
Оның айтуынша, 2022 жылы жоба құны 370,0 млн.теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобаның құрылысы жүруде. Қарашық ауылдық округінің тұрғындары кездесуде жол мәселесін көтерді. Аудан әкімі Қарашық ауылынан өтетін облыстық маңызы бар Түркістан-Қарашық-Қарнақ автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Құмтүйін елді мекенінің тұрғындары ауыз су мәселесін көтеріп, халықты сапалы ауыз сумен қашан қамтамасыз ететінін сұрады.
«Қарашық ауылдық округіне қарасты Құмтиін елді мекенінен ауыз су ұңғымасын қазуға Кентау қаласы әкімдігі тарапынан 42,0 млн.теңге қаржы қаралып, 370 метр қазылды. Сонымен қатар, «Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы» тарапынан жер асты су қорына геологиялық іздеу-барлау жұмыстары жүргізілетін болады. Жер асты су қоры анықталған соң, ұңғыманы тиісті тереңдікке дейін қазу жұмыстары басталды», — деді аудан әкімі Ғ. Рысбеков.
Сонымен қатар Қарашық және Құмтүйін елдімекендерін сапалы электр жүйелерімен қам-тамасыз ету жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімінің баяндауынша, Қарашық ауылдық округі 2021 жылы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына тартылған инвестициялар соммасы 197,26 млн.теңгені құраған. Бұдан бөлек, Қарашық ауылдық округінде ағымдағы жылы жалпы құны 300 млн.тг құрайтын 2 инвестициялық жоба жүзеге асырылады.Кездесуде Ғани Рысбеков қарашықтық шаруаларды жаңа әдістерді пайдалануға шақырды.
Қарашықтық диқандар қауымы мен мал өсірушілер жайылымдық және суармалы жерлердің күн санап тарылып бара жатқандығына шағымданды. Ауыл маңындағы қазылған карьерлердің қайтарыла бастағандығын бірақ оны иемденген кәсіпкерлердің тарапынан жерді көміп, қалпына келтіру жұмыстарының баяу жүргізіліп жатқандығына тоқталды. «Қарашық ауылдық округі облыс орталығына жақын орналасқандықтан болашақта егістік жерлер тарылады. Сол себептен заманауи үлгідегі жаңбырлатып суару, тамшылатып суару сияқты жаңа әдістерді қолға алғандарыңыз тиімді болмақ. Ауыл шаруашылығы саласы ауданымыздағы ең маңызды сала болғандықтан, біз шаруаларға барынша жағдай жасаймыз. Мемлекет тарапынан да субсидияларды шаруаларға қол жетімді ету әрекеттері жасалып жатыр. Мал шаруашылығына тоқталатын болсақ, ауыл айналасындағы жайылым жерлерді ортақ жайылымға қайтару жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын айтқым келеді. «Жер халықтікі». Халық өкілі Қауымдастық болғандықтан осы ұйым арқылы барлық даулы мәселелерді ынтымақтастықпен, тыныштықпен шешуге болады, — деді аудан әкімі. Ауыл тұрғындары мен ақсақалдары аудан әкімдігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Өз кезегінде Ғани Құрмашұлы да ауыл тұрғындарын өздерін толғандырған сұрақтары бойынша кез-келген уақытта қабылдауға әзір екендігін жеткізді.
Ескендір ЕРТАЙ.