Сәрсенбі, 18 Қаңтар 2023 22:15

Түркістанда «әлеуметтік дүкендерді» жүргізіп отырған кәсіпкерге айыппұл салынды

«Үш жылдан бері жүргізіп отырған кәсібіме келісімшарт бұздың деп 20 млн көлемінде айыппұл салынып отыр», – деп шағымданды жеке кәсіпкер Бабаджанова Г.У. Кәсіпкердің айтуынша «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ осы уақытқа дейін төлемдерді кешіктіргені жөнінде ескерту хат жолдап отырған. Алайда ол хатта айыппұл туралы мәлімет болмаған. Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Департаментінің тексеру актісінен кейін 20 млн айыппұл салынғандығы жөнінде ескерту хат жолданған.

Осы мазмұндағы уәжбен Палатаға Түркістан қаласының бірнеше кәсіпкері арызданып, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен жасалған келісімшарттардың талаптарының заңдылығына қатысты көмек сұраған.

Өңірлік палата аталған мәселенің маңыздылығы мен жүйелілігін ескеріп оны жан-жақты объективті талқылап, шешу жолдарын қарастыру мақсатында, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Н.Арынбаев, Түркістан қаласы прокуратурасының прокуроры Т.Құрасбек, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ-ның өкілдері мен Тұрақтандыру қорының директоры Л.Жанасбаеваның қатысуымен арнайы дөңгелек үстел өткізді.

Кездесу барысында Комиссионер Тұрақтандыру қорынан алынған тауарлар үшін бір аптадан асқан қарыздар болғандығы, кешіктіріп төлегендігі үшін айыппұл салынғаны анықталды. Комиссионерден өндіру жөнінде тиісті шаралар жасалмағандықтан, шарт талабын бұзғандығы үшін 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әрбір уақытылы төленбеген қарызға айыппұл салынатындығы түсіндірілді.

«2022 жылы Департамент өкілдерімен «Түркістан» ӘКК» АҚ-да сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді. Нәтижесі бойынша Акционерлік Қоғам мен бизнес өкілдері арасында жасалған келісімшарттардың талаптары бір жақты, кәсіпкер үшін қолайсыз жасалғаны анықталып, осы сәйкессіздіктерді жою жөнінде ұсыныстар енгізілді», - деп атап өтті Нұрлан Керімханұлы.

Жиын соңында Палата атынан бұл мәселені екі жақты Заңды шешу мақсатында «Түркістан» ӘКК АҚ-ның заңгерімен зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажет болған жағдайда медиаторға жүгіну жолымен кәсіпкерге бір жолға қатаң ескерту беруді немесе салынған айыппұлдың сомасын төмендету ұсынылды.

Оқылды 230 рет