Қылықты бас дәрігер «отпускіден» кейін қызметінен не үшін кетпек?

Ұзынқұлақтың айтуынша күнгей облыстардың орталықтарының бірінде орналасқан үлкен бір аурухананың сұлу әрі қылықты бас дәрігері «отпускіге» шығып, ары қарай өз еркімен қызметінен кету жөніндегі арызын жазып қойыпты деседі.


«О заманда бұ заман, әйел басшының білдей бір аурухананың бас дәрігерлік қызметінен өз еркімен бас тартуы сирек кездесетін оқиға еді, бұлай етуіне не себеп болды екен» дейтін сауал сол облыстың орталығындағы ақ халаттылар талқылайтын басты тақырыпқа айналыпты. Бірінің айтуынша, әлгі үйлі-баранды бас дәрігер әйел облыстағы медицина саласында жүрген үлкен бір шенеунікпен жақын қарым-қатынаста көрінеді. Жақын болғанда да, әншейін достық рәуіштегі қарым-қатынас емес, біраз жерге барып қойған-мыс. Бас дәрігердің қызметінен бас тартуына да осы мәселе және осы гу-гу себеп болғанға ұқсайды. Нақтырақ айтқанда, үлкен шенеунік: «масқара болмай тұрғанымызда кете тұр, маған да, саған да кесірі тиіп кетуі мүмкін, кейін бірдеңесін нетерміз» депті. Егер ұзынқұлақтың осы айтқандарының бәрі рас болса, «нетерміз» деп жүргенде Құдай өздерін «нетіп» жібермесін деңіз...

ИДЕОЛОГ БОЛУДАН ДӘМЕЛІ ТЕСТІЛЕУДЕН ҰШЫП КЕТКЕН БЕ?

Күнгей облыстардың бірінің идеологиясына басшы болудан дәмелі бір пысықай мемлекеттік қызметкер атану жолындағы тестілеуден бірінші тапсырғанында-ақ ұшып кеткен көрінеді. Оның компьютердегі жауабын көрген тест қабылдаушылар «Ойпырмай, талай сауатсызды көріп едік, бірақ мынандай «білгішті» тұңғыш рет көруіміз» деп жағасын ұстапты. Алайда олар жағасын ұстап отырғанда, әлгі «мықты» сынақты екінші рет тапсырып, өтіп кетіпті-міс.

ТҮРКІСТАНҒА ТОҚАЛЫН ЕРТЕ КЕЛІПТІ

Биыл Ұлыстың ұлы күні ОҚО-да ерекше сипатта тойланды. «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылуы мен Наурыз мерекесіне арналған Түркі әлемінің «Наурызнама» шарасы қатар өтті. Түркі елдерінің тағдырын тоғыстырған киелі Түркістан төріндегі дүбірлі шараға 23 мемлекеттен меймандар арнайы шақырылыпты. Арасында кімдер жоқ дейсіз?! Кілең ығай мен сығайлар. Қазақтың мүйізі қарағайдай зиялы қауымына жататын азаматтарды да көзіміз шалды. Жөн-ақ, орайы келіп тұрса, небір жақсылар мен жайсаңдардың мәңгілік мекеніне айналған рухани орданың топырағына табан тигізіп, неге зиярат жасамасқа?!

Алайда майын тамызып сөйлегенде ауыздыға – сөз, аяқтыға жол бермейтін, елдің идеологиясын жасауға бір кісідей-ақ атсалысып жүрген көкеміз біраз жасқа келсе де, Түркістанның киелі жер екенін білмейді-ау. Төрінен көрі жақын шақта өзімен бірге тоқалын ба, ойнасын ба, ерте келген дей ме, бірдеңе.

Оны көрген күнгей облыстың жас идеологтарының бірі «Шіркін-ай, бізде де мұндай «сұлу» бар еді ғой. Өстіп қасымда жайраңдап жүрер еді, тойды тамашалап. Мен де неғып әкеле салмадым-ей!» деп, іс-шара біткенше әжептәуір өкініп, «Мөлдір де мөлдір, мөлдір мұң!..» деп, ыңылдап әндетіп жүріпті-міс. 

«КІСІКИІКТЕУ, «КРУГҚА» ҚОСЫЛМАЙДЫ», МЕНТАЛИТЕТІ ДЕ БАСҚАША»

Күнгейдегі облыстардың бірінде бірқатар басқармаларға басшы тағайындау қиын соғып жатқан көрінеді. Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, әлгі басқармалардың бірінің тізгінін ұстайды деп таудай сенім артылған кісі конкурстан сүрініпті-міс. Енді «екінші айналымды» тағатсыздана күтіп жүр екен. «Қалайда бағым жануы тиіс» деген ниетпен. «Сірә, жоғары жақта «бағын жандыратын» жәкелері бар-ау. Әйтпесе өңірдегі №1 кісі анау-мынауға қарайламаушы еді. Өзінің ырқында болса, әлдеқашан сынақтан сүрініп-қабынып жүретін мұндай шикі кадрға емес, өз ісіне мығым, тірлігі тап-тұйнақтай маманға «ставка» жасар еді» дейді желауыздар. Әзірге, амал нешік, әлгі тұтастай басқарма мен оған қарасты мекемелер болашақ жаңа басшының екінші рет конкурсқа қатысар уақытын саусақпен санап тосып жүргенге ұқсайды.  

Одан бөлек 2-3 айдан бері тағы бір басқарманың басшысын лауазымынан босату ақырет болып тұрғандай. Сірә, облыс әкімінің оны өз командасында көргісі келмеген емеурінін дұрыс түсінбесе керек. «Қайта-қайта «больничный» аштырып, оны әрлі-берлі созып, әуре-сарсаңға түсіп жүр. Шамасы, жоғары жақтан өңір басшысына сөзін өткізіп, араша түсе алатын көкелерін жағалап жүр-ау. Алайда оның «өлетін» жағдайы жоқ. «Госслужбадан» кетсе де, күнін «беймарал» көреді. Дөңгелетіп отырған әжептәуір тірліктері бар» дейді құлағы түрік сәуегейлер. Әйткенмен ол шендінің өзінде де бір кәкір бар сияқты. «Кісікиіктеу, «кругқа» қосылмайды», менталитеті де басқаша» дей ме, бірдеңе. 

БАСТЫҚТАРДЫҢ «ШАЙҚАСЫ» НЕМЕН ТЫНАР ЕКЕН?

Күнгей облыстардың біріндегі басқарма басшысы өзіне «подведомственный» бір мекеменің бастығының соңына шырақ алып түсіп алыпты-мыс. Соңғы уақытта тіпті жұмыс істеуіне мұрша бермей, қайта-қайта тексеру жібертіп жатқан көрінеді. Егер ұзынқұлақтың сөзі рас болса, бүгінге дейін төрт рет «сүзгіден» өткізіпті. Араларын бұрындары ала мысық кесіп өткен бе немесе бір-біріне тізесі батыңқыраған ба, бірдеңе. Әйтеуір, кешірілмес бір кек бардай.

Бауыздалып жатқанда қой екеш қой да тұяқ серпімеуші ме еді, адымын аштырмай қойған бұл жағдайға төзімі түгесіліп, шыдамы шегіне жеткен әлгі мекеменің бастығы енді өзінен бір бас жоғары тұрған «қожайынының» үстінен Тәртіптік кеңеске арызданып жатқанға ұқсайды. «Арты не болар екен?» деп уайымдап отырмыз. Тек әйтеуір "екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі" демекші, қатардағы қызметкерлер жапа шекпесе екен.    

«МЕНІ КРЕСЛОДАН АЙЫРҒАН ҚАЙ КІСІНІҢ ЕКПІНІ?»

«Оңтүстіктегі қызметінен босатылған бір басқарма басшысының түк «настроениесі» жоқ. Қой аузынан шөп алмайтын-ақ азамат еді. Кімге жақпай қалды екен?» дейді ұзынқұлақ. Оның айтуынша, әдепкіде әлгі экс-шенеунік «Қашанғы басқарма тізгіндеп жүре беремін?! Әкім болатын уақытым болды ғой. Лауазымымнан өзім кеттім. Бір ай демалып алайын, сосын шаруама кірісемін ғой...» деп өзін-өзі алдарқатып жүріпті-міс. Сірә, мұнысы «Бөрі арықтығын білдірмес, сыртқа жүнін қомпайтардың» кері болар.

Әйткенмен зымырап бара жатқан уақыт. Ол жылы орнын суытқалы да біраз боп қалды. Қашанғы өз-өзін алдайды?! Тыпырлап әрекетке көшкен көрінеді. «Сені көлден айырған – лашын құстың тепкіні, мені елден – айырған хан Жәңгірдің екпіні» демекші, ауық-ауық «Мені креслодан тайдыруға ықпал етті-ау» деген күмәнмен сырт көзге тойған қозыдай, моп-момақан боп көрінетін бір кісіні кінәлап, сыбап жүргенге ұқсайды. «Не жазып қойдым сонша? Әлде қызметім керек болды ма екен? Қай жерден қателік жіберіп алдым?» деген мың сан сұрақтарға бас қатырып, өткен күндерге ойша шолу жасап жүрген сияқты.

«Ер мойнындағы қыл арқан шірімейді» дейді атам қазақ. Бәрі жақсы болады, экс-шенеунік!   

«ЗАМ-ға» БАҒЫНҒЫСЫ КЕЛМЕЙ ЖҮР

Ұзынқұлақтың сөзіне сенсек, Оңтүстікте бір басқарманың басшысы өзі тізгіндеп отырған саланы «курировать» ететін облыс әкімінің орынбасарына бағынғысы келмей, қиқаңдап жүрген көрінеді. Әлі күнге дейін оның алдына бірде-бір рет кірмепті. Тиісті мәселелерді «зам-памдарға» бұрылмай-ақ, өңірдегі «үлкен кісінің» өзімен-ақ тікелей шешкісі келеді екен.

Бірақ әлгі облыс әкімінің орынбасары да «Қоя берші, білгенін істесін» деп, кеңшілік жасап, мұндайды кешіре салатындардың сортынан емес-ау. «Қолыма бір түсерсің...» деп тісін қайрап, «қанжарын» сайлап, жақсылап «сыбағасын» беріп, қарымтасын қайтарар оңтайлы сәтті күтіп жүрген сияқты.

Оның үстіне «Екеуінің де қалтасы қалың, байшыкеш» дей ме, бірдеңе...   

ОҚО ІШКІ САЯСАТ БАСҚАРМАСЫ СӘЛАФИЛІК ОҚУ ОРНЫН БІТІРГЕН «МҮРИДТІҢ» ҚОЛЫНА ӨТСЕ ОҢТҮСТІКТІҢ ИДЕОЛОГИЯСЫ НЕ БОЛМАҚ?

«ОҚО әкіміне жақын жүрген бір «пысық» жігіт ішкі саясат басқармасының басшысы болудан дәмелі» дейді ұзынқұлақ. Соңғы кездері «ақырғы айламды пайдалансам да Болатбек Төлегеннің орнын қалайда аламын» деп, астыртын әрекеттерге көше бастаған көрінеді.


Әйтсе де, бұл пысық кезінде Шымкентте сәлафилік бағытта білім беріп келген деп табылып, соның кесірінен жабылып тынған Қазақ-Кувейт университетінің түлегі екенін бір адам білсе, бір адам білмейтін болуы мүмкін. «ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың да қаншалықты бұдан хабарының бар-жоғы белгісіз. Алайда, ғайыптан тайып, ОҚО-дай үлкен облыстың былайша айтқанда идеологиялық орталығы болып табылатын ішкі саясат басқармасын сәлафилік іліммен қамтылған оқулықтар оқытылып, Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан келген діни миссионерлер білім, тәлім берген университеттің "мүриді" басқаратын болса, күнгейліктерге түгел сақал өсіртіп, еркектеріне қос-қостан тоқал алдыртып, әкімдіктің ішін мешіт қып жібермей ме? Сақал-сақал діндерден құтыла алмай жүргенде тағы бір пәлеге тап келмейміз бе?» дейді әлгі ұзынқұлақ. Қарап тұрсаң, уайымы негізсіз емес сияқты.

Енді Қазақ-Кувейт университеті мен оның сәлафилік ағымға қандай қатысы бар екендігіне қысқаша тоқтап өтсек.  www.e-islam.kz сайтының жазуынша, елімізде сәлафилік діни сенімді ең алғаш болып насихаттаған «Әлеуметтік реформалар қоғамы» болып табылады екен. Бұл қайырымдылық қор 1952 жылы Кувейтте құрылған. Аталмыш ұйым өз жарғысында басты мақсаты ретінде – исламдық білім мен тәлім-тәрбие және әлеуметтік көмек көрсетуді негізге алатынын атап өткен. Бұл ұйым Қазақтанда тоқсаныншы жылдары жұмыс істей бастайды. Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасында 1998 жылы ресми тіркелген. Қайырымдылық қор 1999 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің №268 қаулысымен Қазақ-Кувейт университетін ашуға лицензия алады. Бастапқыда университет «0215 – араб тілі және әдебиеті», сондай-ақ «0218 – дінтану» мамандығы бойынша студенттерді дайындайды. Бұл оқу орнының шетелдік оқытушылар құрамына осы қор арқылы Иордания, Тунис, Египет және Мароккодан діни миссионерлер тартылған.

Қазақ-Кувейт университетінің оқу бағдарламасы негізінен Сауд Арабиясының баспаларынан шыққан сәлафилік іліммен қамтылған діни оқулықтармен жабдықталған болып шығады. «Әлеуметтік реформалар қоғамы» коммерциялық мақсатты емес, негізінен сәлафилік ілімді насихаттау үшін құрылғандықтан университетте ақысыз тегін білім беріп келіпті.

 «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қоры қайырымдылық шара ретінде жетім немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 150-ден астам жасөспірім қыздарға арнап «Мерси» қыздар-пансионатын да ашты.

Білім және ғылым министрлігінің 2004 жылы жүргізген тексеру шараларының нәтижесінде бұл қайырымдылық қордың прозелетистік насихат жүргізгені анықталады. Оқу орындарында мемлекеттің конституциялық құрылымын бұзуға бағытталған идеялар насихатталғандығы әшкереленді. Осыған орай, Шымкент қаласының ауданаралық мамандандырылған экономикалық соты 2004 жылы қайырымдылық қордың Қазақстан аумағындағы қызметіне тыйым салыпты. Ал 2005 жылдың 15 наурыз айында қабылданған Жоғары Соттың шешіміне сәйкес «Әлеуметтік реформалар қоғамы» қайырымдылық қоры зайырлы үкіметке қарсы бағытталған, әлеуметтік бағдарламаларды бүркену арқылы жұмыс жасайтын террористік ұйым деп танылған.