Сейсенбі, 27 Тамыз 2024 12:46

Түркістан: «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын білім мекемелерінде іске асыру жолдары талқыланды

Биылғы жаңа оқу жылында барлық білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы негізінде жүзеге асатын болады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мазмұны жаңартылды.

Мемлекет басшысы еліміздің болашақтағы негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан - Адал азамат - Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттады. Бұл үштаған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының басты идеясына айналып отыр. Бағдарлама адал еңбек пен қоғам игілігін алдыңғы орынға қоятын, адал азаматтарды тәрбиелеу арқылы озық ойлы ұлтты қалыптастыруға бағыт береді.

2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысы осы бағдарламаның негізгі ережелеріне сәйкес ұйымдастырылатын болады. Тәрбие парадигмасын жаңарту қазіргі қоғамның мәселері, шешу жолдары, құндылықтар, әрекет, іс-шара, құзыреттілік, нәтиже арқылы көрсетіледі.

Түркістан қалалық білім бөлімінің кезекті басқосуы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын білім мекемелерінде іске асыруға арналды. Мектеп басшыларымен өткен жиналыста бөлім басшысы Оразкүл Шайхықызы бағдарламаның мән-мазмұны, жас ұрпақтың болашағына әсері жайлы әңгімелеп, бағдарламаны іске асыруда әрбір педагог белсенді әрекет етуі керектігін нақтылап айтты. Ал, Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шарипа Прімбетова мен қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлмира Құлбайымбетова бағдарламамен, оның негізгі басымдықтарымен, іске асыру бойынша жоспарымен толық таныстырып өтті.

Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Міне, осы қасиетті бойына сіңірген адамның келешегі зор, болашағы айқын болмақ. Адам баласының мәдениетін, парасатын тұлғалайтын да осы қасиеттер. Бұл да бүгінгі жастарымызға керек-ақ.

Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Дәл осы өскелең ұрпағымыз ұлттың сапасын құрайды. Сондықтан да қадір-қасиет, ар-намыс, адалдық, патриотизм, жауапкершілік, әдептілік, мейірімділік, сүйіспеншілік, үлкенге ізет, кішіге құрмет сияқты қасиеттерге ие шығармашыл азаматты тәрбиелеу маңызды. Міне, сондықтан Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы білім беру саласына қатысты бірқатар негізгі міндеттерге тоқталған болатын. «Ұлттық тәрбие – ел болашағы» тәрбиесінің тұжырымдамалық негіздері енгізілді. былтыр оқу жылынан бастап 2023-2025 жылдарға арналған Біртұтас тәрбие бағдарламасы іске асырылуда. Бұл құжат жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде өскелең ұрпақты тәрбиелеу сапасын арттыруға бағытталған. 

Өскелең жас ұрпақты рухани-адамгершілік қасиетке баулу, тәрбиелеу – барлық кезеңде өзекті. Біздің келешегіміз – жас ұрпақ, ал ұрпақ тәрбиесі адамзаттың мәңгілік тақырыбы. Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. 
Тәрбие мен оқыту өзара тығыз байланысты, бір бірінен бөліп алуға болмайтын біртұтас процесс. Білім беру ұйымдарындағы тәрбие пән мазмұны, сынып сағаттарының және мектептен, сыныптан тыс қосымша білім беру мазмұны арқылы жүзеге асады. 

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қасиетті Түркістан қаласы, Түркі елінің шаңырағында өткізілген «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» атты ІІ Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл үлкендердің кінәсі»- дей келе, Әділетті Қазақстанды құру үшін: бүкіл қоғам болып жұмылу керектігін: - ең бастысы, әр азаматтың сана-сезімі жаңғыруы қажеттігін; - халқымыздың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс екендігін; - әйтпесе, басқа реформаның бәрі бекер болатындығын нақты атап өтті.

«БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫ» – ұлттық, адами құндылықтарға негізделген. Бұл құжатта білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысын толыққанды жүзеге асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптастырылуы тиіс құндылықтар мен тәрбиенің мақсаты, міндеттері айқындалады. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, әлемдік озық білімді игерген саналы азаматты тәрбиелеу мақсаты көзделеді.

«БІРТҰТАС ТӘРБИЕ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ» МАҚСАТЫ: 
Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу. 

МІНДЕТТЕРІ: 
1. Ата-ананың өсиетін тыңдауға, отбасы татулығы мен берекесін қадірлеуге, перзенттік парызын өтеуге тәрбиелеу. 2. Ұлттық мұраны қастерлеуге, қазақ тілін, мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, татулық, келісім, ынтымақ және ел бірлігін сақтауға, отаншылдық пен мемлекетшілдікке тәрбиелеу. 3. Жақсылыққа, игілікке бой түзеуге, абыройлыболуға, ар-ұждан, намыс, жауапкершілік, мейірімділік, қамқорлық пен Ұсыным әділдік қасиеттерін жоғары ұстауға баулу және құқықтық мәдениетін қалыптастыру. 4. Денсаулықты қадірлеуге, салауатты өмір салтын ұстануға, ойдың тазалығын және эмоционалды тұрақтылыққа баулу. 
5. Табиғатқа, табиғи мұраға ұқыптылықпен қарауға және табиғи ресурстарды үнемді әрі тиімді қолдануға тәрбиелеу және еңбекқорлыққа баулу. 

КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕ: 

1. Ата-анасын сыйлайды, перзенттік парызын түсінеді, «қарашаңырақ», «жеті ата», «тектілік» ұғымдарының маңызын бағалайды, отбасы татулығы мен берекесін қадірлейді. 

2. Отаншыл, мемлекетшіл, намысшыл, халқына адал қызмет етуді, мемлекет тәуелсіздігін және елі мен жерінің тұтастығын қорғауды борышым деп санайды жәнеұлттық мәдениетті құрметтейді, салт-дәстүрлерді біледі, оны сақтайды. 

3. Әр ісіне, қадамына жауапкершілікпен қарайды, әдепті және мейірімді, сөзінеберік, ісіне адал, кішіге ізет, үлкенге құрмет көрсетеді, ар-ұятты жоғары бағалайды. 

4. Жан мен тән тазалығын сақтайды, дұрыс тамақтану мәдениетін түсінеді, эмоционалды жай-күйін басқарады. 

5. Тұратын үйін, ауласын, қаласын таза ұстайды, қоғамдық орынға және қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарайды, табиғатқа жанашыр және туған жердің қайталанбас ерекшелігін және оныңбірегей болмысын таниды және адал еңбекті жоғары бағалайды. 

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР: ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, АР-ҰЯТ, ТАЛАП. 

Ұлттық мүдде құндылығы:

- Қазақстан мемлекеттілігін нығайтуға атсалысу; 

- Қазақстанның оңтайлы имиджін қалыптастыруғабелсенді үлес қосу; 

- Ұлттық мұраға ұқыпты қарау;

- Қазақ тілінің қолдануаясын кеңейту;

- Қазақстан мүддесінеқызмет етуге ұмтылу; 

- Қоғам игілігі үшінқызмет ету; 

- Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасызетуге дайын болу;

- Ұлттық мәдениетті дәріптеу; 

Күтілетін нәтижесі:

- Отаншыл, мемлекетшіл және намысшыл 

- Мемлекеттік рәміздерді қадірлейді 

- Елінің тарихын құрметтейді 

- Ұлттық мирасты, мәдениетті дәріптейді 

Ұсыным - Құқықтық және экологиялық мәдениеті жоғары 
Ар-ұят құндылығы: 

- Академиялық адалдыққағидатын қолдау; 

- Адал еңбекті құрметтеу; 

- Сөзіне берік, ісіне адал болу; 

- Халқына адал қызмет ету 

- Әдеп нормаларын ұстану; 

- Шешім қабылдай білу және жауапкершілікті сезіну; 

- Достарына, сыныптастарына, отбасы мүшелеріне қамқор болу, мейірімділік таныту; 

- Өзін отбасының, сыныптың, мектептің, қоғамның, Отанның бірмүшесі екенін сезіну. 

Күтілетін нәтижесі: 

- Ар-ұят, адалдықты жоғары бағалайды; 

- Сөзіне берік, ісіне жауапкершілік танытады; 

- Ата-анасына сүйіспеншілікпен қарайды; 

- Достарын, сыныптастарын сыйлайды; 

- Кішіге ізет, үлкенге құрметкөрсетеді. 

Талап құндылығы: 

- Сыни және креативті ойлау; 

- Жеке және командамен жұмыс істей білу; 

- Білуге, жаңаны тануғақұштар болу; 

- Физикалық белсенді болу; 

- Салауатты өмір салтын ұстану; 

- Технологиялық және цифрлық дағдыларды ілгерілету; 

- Дұрыс қарым-қатынас орната білу; 

- Уақыт пен қаржыны тиімді жоспарлау. 

Күтілетін нәтижесі:

- Жан мен тән тазалығынсақтайды;

- Дұрыс тамақтану мәдениетін түсінеді; 

- Қоршаған орта тазалығын сақтайды; 

- Ақпараттық, медиа және қаржылық сауаттылық; - Ізденімпаз, жасампаз тұлға. 

Тәрбиенің кешенді жоспарын іске асыруда балалардың жас ерекшеліктерін ескеруде берілетін ұсынымдар:

Туғаннан 6 жасқа дейінгі бала тәрбиесі

Мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінде:

- баланың дербес әрекетіне қолдау көрсету;

- баланың шексіз мүмкіндіктеріне сенім білдіру;

- баланың қызығушылық танытқан іс-әрекеттерін сынап көруіне мүмкіндік беру ұсынылады.
Ұсынылады:

- бесік-жырлары, арнау-тілек өлеңдер, өтірік өлеңдер, санамақтар, жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдер, жұмбақтар, балалар айтысы және басқа да балалардың тілдік қарым-қатынас жасауына қолайлы халық ауыз әдебиетінің үлгілері мектеп жасына дейінгі бала тәрбиесінің құралы ретінде жүйелі қолдану;

- балабақшада түскі (ұйқы) демалыс алдында оның жақсы ұйықтап, тынығуы үшін 0-3 жас аралығындағы бөбектерге бесік жырын (басқа да балаларға арналған жағымды әуенді әндер) тыңдату, ал 3 жастан асқан балаларға мейірімділік пен жақсылықты дәріптейтін ертегілер айту дәстүрін енгізу;

- балалармен ертегі сағаттары, «Әжемнің ертегісі», «Бал бала» тіл ширату жобалары мен іс-шараларын жүзеге асыру;

- балалардың жас ерекшелігін, қызығушылығы мен қажеттілігін ескере отырып ұлттық қимыл-қозғалыс ойындарын, спорттық қимыл-қозғалыс ойындарын жүйелі қолдану ұсынылады.

6-10 жастағы бала тәрбиесі

Ұсынылады:

- тәрбиелік іс-шаралардың мазмұны, форматы, көркемдік стилі, ұсынылу тәртібі қазіргі балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне, қызығушылықтарына, қабылдауына сәйкес болуы;

- қысқа және ұзақ мерзімде іске асырылатын тақырыптық жобаларды жоспарлау арқылы тәрбие жұмысының жүйелілігін, бірізділігін, тұтастығын қамтамасыз ету;

- халық ауыз әдебиеті үлгілері, көркем шығармалар тәрбиелік шаралар мен жобалардың мазмұнын қамтамасыз ететін дереккөзі ретінде қолдану;

- бастауыш сынып білім алушыларының мінез-құлық әдебі мен өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастырудың құралдарының бірі ретінде қазақ халқының мақал-мәтелдерін, тыйым сөздерін қолдану;

- ұлттық ойындарды («Асық ату» өткізу, Хан талапай, Арқан тартыс, Алтыбақан, Айгөлек, Белдесу, Саққұлақ, Тымпи, Тоғызқұмалақ т.б.) баланың физикалық, зияткерлік тұрғыдан дамуына ықпал ететін құралдардың бірі ретінде қолдану арқылы оның қолданыс аясын кеңейту;

- әлеуметтік тәжірибелер арқылы адамдарға, жан-жануарларға қамқорлық және табиғатты қорғау аясында жасалған қайырымдылық іс-шараларына тарту, оларды әлеуметтік желілерде насихаттау ұсынылады.
Жасөспірімнің тәрбиесі (11-15 жас)

Ұсынылады:

- тәрбие шаралары мен жобаларының мазмұнын, форматын, көркемдік стилін, ұсынылу тәртібін анықтауда жасөспірімдік кезеңдегі балалардың психологиялық ерекшелігін, қызығушылығын назарға алып, цифрлық технологиялардың жетістіктерін ескеру;

- жас ерекшеліктеріне сай келетін классикалық көркем шығармалар мен көркем әдебиеттерді ұсыну; оқылған шығарма кейіпкерлерінің бойындағы адами қасиеттері мен жағымсыз әдеттерін талқылауға бағытталған кейстік жағдаяттарды шешуді ұсыну;

- еліміздегі тарихи орындарға, ескерткіштерге экскурсия жасау, ел мен жер тарихы туралы деректермен танысу, театрға, музейлерге, мұрағаттарға, ұлттық парктер мен қорықтарға бару, виртуалды саяхаттар жасау немесе/және цифрлық технологиялардың жетістіктерін қолданып таныстыру;

- ақын-жыраулар және ұлт зиялыларының, батырлардың, тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолдарымен, олардан мирас болып жеткен мұралармен таныстыру;

- тарихи, деректі фильмдерді талдау;

- білім алушылардың мәдени және ұлттық мұраны насихаттау бойынша бастамаларына қолдау көрсету;

- табиғатты қорғау, адамның әрекеттерінен туындайтын апаттардың алдын алу бойынша жобалар әзірлеу;

- жобаларды жүзеге асыруға отбасын әлеуметтік әріптестікке тарту;

- «Гаджетсіз демалыс» күндерін ұйымдастыру, кітап оқу, спортпен шұғылдану, табиғат аясында серуендеу т.б. шаралар ұйымдастыру ұсынылады.

Жастар тәрбиесі (15-18 жас)

Ұсынылады:

- жастар тәрбиесі ел мен жер тұтастығын, ел тәуелсіздігін қадірлеуге, ар-ұят, намысты жоғары ұстауға, адал еңбекпен қызмет етуге, қоғам игілігі үшін азаматтық белсенділік танытуға, жауапкершілікті саналы түсінуге, салауаттық, зияткерлік құндылықтарына негізделген тәрбиеге басымдық берілуі тиіс;

- ел болашағы үшін маңызды буын екендіктерін сезінуіне, отбасы алдындағы парызын, Отан алдындағы борышын өтуге белсенділігін арттыруға бағытталған әлеуметтік тәжірибелер мен жобаларға жастарды тарту;

- ұлттың тарихи сана-сезімін жаңғыртудың маңыздылығы, тарихи төл шежіресін дәріптеуге айырықша мән бере отырып, халқымыздың ата-бабадан мирас болып қалған мұрасын дәріптеу, ұлттың кодын сақтауда жастардың бойындағы рухты ояту, отаншылдық пен мемлекетшілдік сезімдерін арттыруға бағытталған шаралар ұйымдастыру;

- отбасы құндылықтарын дәріптеуге, отбасын құруға жауапкершілікті түсіндіруге бағытталған іс-шараларға тарту;

- адал еңбекті жоғары бағалауға, еңбек адамын құрметтеуге бағытталған іс-шараларға тарту, кәсіптік бағдарын дұрыс анықтауға қолдау көрсету ұсынылады.

Білім беру ұйымдары мен педагогтың міндеті:

- балаларды заңға, адамның және азаматтың құқықтарына, бостандықтарына, ата-анасына, үлкендерге, отбасылық, тарихи және мәдени құндылықтарға, мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету, жоғары имандылық, патриоттық, қоршаған ортаға ұқыпты қарау рухында тәрбиелеу;

- білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өмірлік дағдыларын, құзыреттерін, өздігінен жұмыс істеуін, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және саламатты өмір салты мәдениетін қалыптастыру.

Оқу мен тәрбие — егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл – Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» десе, ал В.Белинский: «Бала тәрбиесіне ерекше мән  берілуі керек, тәрбиенің арқасында болашақ адамзат тағдырының негізгі мәселесі шешіледі», — деп білгірлікпен дөп басып айтқан.

Бала тәрбиесі — өте күрделі процесс. Оның күрделігі бесіктен бастау алып, үнемі уақытпен, бала көңіл – күйімен, жеке қабілетімен, икемділігімен, тізгінді үнемі қадағалау қажеттігімен ұғындырылады. Ойлап қарасақ, тәрбие баланың бал дәуренінен бастап азамат болғанға дейін тәні мен жанына төрт – бес арнамен құйылады.

«Тәртіптің ең тамаша мектебі – отбасы», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», — дейді халқымыз. Иә, ұрпақтың тәрбиесі — қоғамның болашағы және оған аса зор жауапкершілікпен қарау – әрбір саналы азаматтың борышы. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деп М.Әуезов көрегендікпен дәл айтты емес пе? Бала тәрбиесінің дұрыс жолға түсуі оны қоршаған ортаға, әсіресе отбасы мен ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Мемлекетімізде қазіргі таңда сапалы білім берумен қатар, болашақ жастарды рухани – адамгершілікке тәрбиелеудің де зор қажеттігі туындап отыр. Әлеуметтік жағдайлардың өзгеріске ұшырауы білім беру мекемелеріндегі тәрбие жұмыстарын тоқырауға әкелді. Қазіргі кезеңде тәрбиеге және тәрбие жұмыстарына деген жаңаша көзқарас қалыптасуда, олардың ізгілік мәні тереңірек ашылуда. Тәрбие даму ретінде қарастырылады, яғни ол педагогикалық қарым-қатынаста адамдық сапаларды сақтау және қалпына келтіру.

Тәрбие жұмысы — педагогтардың нақты міндеті, яғни шәкірт тұлғасын сомдау мәселесін саналы түрде шешуге бағытталған үйлесімді іс-әрекеті. Тәрбие және тәрбие жұмыстары әр баланы қайталанбас тұлға ретінде қарап, оның өзгеше қасиеттерін дамытуы қажет. Әрбір бала — тұлға, өзінше бір әлем, ал әр педагогтың міндеті әр тұлғаны көре білу, жүректеріне жол табу. В.А.Сухомлинский: «Әлемде адам тұлғасынан күрделі, одан бай ешнәрсе жоқ», — деп жазған. Бүгінгі күнде барлық ұстаздардың алдындағы мақсат — өмірдің барлық саласында белсенді, шығармашылық іс-әрекетке қабілетті, еркін тұлға тәрбиелеу болып табылады.

Халықтың болашағы — ұрпағы, ұрпақтың тәрбиесі – ұстазда. Ұстаздың мұраты — жетілген, толыққанды азамат тәрбиелеу. Ал толыққанды азамат қалыптасу үшін – ақыл-ой тәрбиесі, имандылық, еңбек, эстетикалық, тілдік қатынас, дене тәрбиесі, сонымен қатар экологиялық, экономикалық, жыныстық, патриоттық тәрбие берілуі тиіс. Тәрбиенің қалыптасуы – ұстаз, бала, ата-ана еңбегімен байланысты екендігі айқын. Демек, бұлар береке–бірлікпен жұмыс істеп, бұзылмайтын, айнымайтын темір тәртіпке бас игенде ғана іс оң нәтиже таппақ. Бұл ұлдың еркіндігіне, қыздың шіркіндігіне қойылытын жоғары талап. Сондықтан да осы үш негіз бірлесе отырып жұмыс жасаса өкінбейтініміз анық.

Тәрбие мәселесін тек мектеп пен ұстаздар қауымының мойнына арта салумен іс бітпейді. Оның нәтижелі болуы ата-аналар мен қоғамдық ортаның тәрбие ісінен шет қалмай белсене араласуына, адам тәрбиелеудегі жауапкершілікті бірлесе қөтеріп, жұмыла істеуге тікелей байланысты. Ол жөнінде Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заң  жобасында «Ата-аналар балалардың өмірі мен оқуы үшін олардың денсаулықтарын, рухани әрі дене қуатының қауіпсіз дамуын, адамгершілігі жағынан дұрыс қамтамасыз етуге міндетті» делінген.

Қазіргі таңда тәрбиенің теориясымен практикасының  өзекті мәселелерінің бірі – білім-тәрбие жүйесінің мақсатын белгілей білу. Мәселен, «мен  оқушыларымның бойынан қандай қасиеттерді көргім келеді немесе болашақта қандай азамат болып өссе екен деп ойлаймын», осындай сауалдарға  жауап іздеу барысында оқушыларға тәлім – тәрбие берудегі басты – басты мақсаттарды анықтап алуға болады. Жаңа заман адамдарын тәрбиелеуде ұстаз қауымына өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Ал ұстаздардың осы талап тұрғысынан табылуы, олардың адам тәрбиесіне өнер деп қарап, үнемі шығармашылықпен іздене жүргізуіне, мектеп басшыларының күнделікті бақылау басшылығына, әр ұстаздың бойындағы жақсы қасиетті, өнегелі істі танып көре білуіне, оны үлгі-өнеге етуіне байланысты.

Егеменді еліміздің ертеңі өткен тарихымызбен тығыз сабақтасып келеді. «Жаста берген тәрбие – жас шыбықты игендей», — деп Ы. Алтынсарин айтқандай, халқымыздың сан ғасырлық тарихынан өзек тартатын рухани мұрасын ұрпақ бойына сіңіргенде ғана еліміздің жұлдызы жанып, әлемдік мәдениетке ұмтылары айқын. Ел басшысынан бастап даладағы еңбекшіге дейін мектеп босағасынан өтіп, тәрбие алып шығатыны белгілі.

Болашақ – жастардікі, тәуелсіз Қазақстанның тірегі — бүгінгі мектеп партасында отырғандар деп айтатынымыз рас. Бұл жас жеткіншектер арасындағы тәрбие жұмыстарын жоғары деңгейге көтеруге меңзейді. Ұлтымыздың асыл қасиеттерін саналарына сіңірген ұлтжанды жастар ғана еліміздің ертеңі, мектебіміздің, отбасымыздың тірегі бола алады.

Тәрбие үрдісінде ұстаздың білім өресі мен әдіскерлік  шеберлігі, жеке басының үлгісі, шешуші роль атқаратынын ұмытуға болмайды. Шәкірттер өз ұстаздарының жүріс-тұрысына, мінез–құлқына, іс-әрекетіне, дүниетану көзқарасына еліктемей тұра алмайды. Орыстың ұлы педагогы К.Ушинский: «Тәрбиенің қайнар көзі тек адамның жеке басының өнегесіне негізделген. Ешқандай жарғы да, бағдарлама да, ешқандай орынның жасанды әрекеті де оның орнын баса алмайды» деп текке айтпаған.

Оқушы жастардың жүрегін тебірентіп, ой-сезіміне әсер ету үшін біріншіден, тәрбиеші ұстаздың саяси сауатты, жан–жақты энциклопедиялық мол білімі болуы шарт, екіншіден, тәлімгер ұстаз өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдіскерлік  шеберлігі қажет, үшіншіден, мұғалім оқу–тәрбие үрдісін жүргізу кезінде оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай, тамыршыдай тап басып білетіндей сезімтал психолог болуы керек. Яғни А.Н.Толстойша айтқанда «Мұғалім өн бойына өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса ғана ол нағыз ұстаз».

Егеменді ел болып, етек-жеңімізді енді ғана жинап болған қазіргі шақта халқымыздың тәлім–тәрбиесін игерген, рухани бай, ел болашағын ойлайтын, парасатты да саналы азамат тәрбиелеу-біздің, ұстаздардың басты міндеті. Білім мен тәрбиені сабақ барысында ұштастырып, бірлікте оқыту — әрбір ұстаздың басты шарты болса, сынып жетекшілері тек сабақта ғана емес, сабақтан тыс уақытта да іздене жүріп, оқушылардың бойына тәрбиенің, соның ішінде ұлттық тәрбиенің, ең ізгісін, ең асылын сіңіре білуі керек.

Тәрбие жолы — қиын жол. Өмірді өрнектейтін адам –ұстаз шәкірт алдындағы парызын ешуақытта ұмытпайды. Мүлт етсе үлкен қателік жіберіп алатынын біледі. Ал тәрбиеде кеткен қателікті түзеу оңай іс емес. Мектептегі әр ұстаз ізденуді, білім беруді, баулуды, тәрбиелеуді, шығармашылықпен еңбек етуді абыройлы міндет, айбынды мақсаты  деп  біледі . Жас  ұрпақты  білімді, жан- жақты  етіп өсіруге әрбір ата-ана, мектеп және бүкіл жұртшылық болып қатысу керек. Сондықтан да ұстаздар қауымы сапалы білім бере отырып, еліміздің болашақ жастарын ұлағаттылыққа тәрбиелеуі маңызды.

Қазіргі таңда елімізде енгізілген жаңарған білім беру бағдарламасы аясында үш тілді қатар оқыту мәселесі жолға қойылғандығын ата-аналар мен ұстаздар оңынан қабылдады деп айтуға болады. Жалпы айта кетерлік мәселе, мұғалімдердің сабақтағы әдістемесін өзгерту, оқулықтарды қайта шығару оңай дүние емес. Әрбір істе, әсіресе бастапқы кезеңде қиыншылықтардың болуы заңдылық. Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша енгізіліп жатқан оқу-құрал әдістемелері ұстаздардың өздеріне де, оқушыларға да өте қолайлы екен.

Оқу бағдарламасы мұғалім шығармашылығына еркіндік беретінін атап өту керек. Мұнда ұстаз да, оқушы да басты рөл атқарып, ұстаз оқушыны өз бетінше ізденіп, көбірек мәлімет жинауға ынталандыратыны қуантты. Білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалауда да үлкен ерекшелік бар. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, бағдарламаны толық меңгере алмайтын оқушылармен қосымша жұмыс істеу де жаңа бағдарламада қарастырылған екен.

Баланы  тәрбиелеу - баршаның ісі. Адамгершілік асыл қасиеттер адамды арман мұратына жеткізсе, ал жаман қылық жат әрекеттердің зияны тиіп, жаманшылыққа ұшыратып жатады. Қазақтың ұлттық педагогикасындағы мол қазына деп әдеп, бірлік, сыйластық тәрбиесін айтуға болады. «Әдепті бала» оқу іс-әрекетінде, әдеп тәрбиесі балаларға ізеттілікке, сыпайлыққа инабаттылыққа тәрбиелейді.

Балаларды адалдыққа, әділеттікке, ерлікке, әсемдікке, достыққа үйретуіміз керек, жамандықтан, өтіріктен, зұлымдықтан аулақ болуға тәрбиелеуіміз керек. Осының барлығы баланы табиғи ортаны қорғау, өмір сүру қабілетін қалыптастыру, халықтың салт-сана, дәстүр, әдет-ғұрпын білуге үйрету арқылы, болашақта ары таза, рухани байлығы мол, ізетті, инабатты, сегіз қырлы бір сырлы тұлға тәрбиелеуге бағытталған. Болашақ азаматтарымыз, біріншіден саяси өмірге белсене араласатын, өзіндік ойы, талғамы бар, жауапкершілігі мол болуы керек.

Екіншіден, өз халқының мәдени-тарихи байлығын, жалпы адамзаттың мәдени мұрасымен ұштастыра білу керек. Үшіншіден, өздері дұрыс шешім қабылдай алатын, өз құқығын білетін болуы керек. Төртіншіден, өз ойын еркін жеткізе алатын, шығармашылығы дамыған адам болуы керек. Педагог баланың келешегіне, мақсатына жетуіне, қиындықтарын жеңе білуіне әсер ете білуі қажет.

Бала тәрбиесіндегі педагогтың рөлі зор. Баланың қабілеті мен қажеттіліктерінің қалыптасуына мүмкінлігі мол, ол әлеуметтік орта және тәрбиемен тығыз байланысты. Сапалы білім саналы тәрбиемен ұштасқанда ғана қоғам өзінің рухани дамуында нәтижеге жетеді. Бала жүйелі білім алып, алған білімін есте сақтап және сол білімді тәжірибеде пайдалана білгені ғана жеке тұлға ретінде қалыптасады. Бала ұлттың болашағы дегім келеді. Педагогпен пен ата-ананың тәрбиелік тұрғыдан мақсатына жетуіне көмектеседі. Сондықтан ата-ана, педагогтар болып, жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беру тәжірбиесін  назарда ұстағанымыз абзал.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет