Бейсенбі, 12 Қыркүйек 2024 19:43

Түркістан: оқушылар арасында «Тілім менің - тірлігімнің айғағы» тақырыбында онкүндік өтуде

Түркістан қаласы білім бөлімі әдістемелік кабинетінің 2024-2025 оқу жылындағы жылдық жоспарына сәйкес бөлімге қарасты білім мекемелерінің мұғалімдері және оқушылары арасында «Қазақстан халықтарының тілдері күні» мерекесіне орай «Тілім менің - тірлігімнің айғағы» тақырыбында онкүндік өтілуде. Онкүндіктің ашылу салтанаты С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінде ұйымдастырылып, өтілетін шаралардың жоспары таныстырылды.

Жоспар бойынша мұғалімдер мен оқушылардың дарындылығын анықтау мақсатында «Тілім менің - тірлігімнің айғағы» тақырыбында сырттай эссе жазу байқауы ұйымдастырылды. Қатысушылар эссе жазуда тарихи деректерге сүйеніп, тіл байлығын дәлелдермен жеткізуге тырысты. Ал, «Білім сапасын арттыруға бағытталған әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы TEDx форматындағы мұғалімдер арасындағы байқауда мұғалімдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу әдістемесіне негізделген нақты дәлелдер келтірді.

Сонымен қатар, байқауы 7-8 сынып оқушылары арасында «Мен көп тілді білемін» мәнерлеп оқубайқауы өтіп, байқау барысында оқушылар тілдерді жетік меңгергендіктерін байқатты. TED Talk форматындағы мәнерлеп оқу арқылы оқушылар өз пікірлерін ашық білдірді. Барлық қатысушылар өз қабілеттерін шыңдап, байқауларда ерекше көзге түсті.

Қазақстан халқы тілдері күні 2018 жылға дейін 22 қыркүйекте аталып өтетін. Үкімет қаулысымен осымен жетінші жыл мерекелік дата 5 қыркүйекте тойланады. Ата заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екені жазылған. Ал орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. «Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды», - делінген Конституцияда.

Тілдер мерекесінің датасы неге өзгерді? 1989 жылы 22 қыркүйекте «Тілдер туралы» заң қабылданғаны белгілі. Ал Тілдер мерекесінің өзі 1998 жылдан аталып өте бастады. Сол жылы тұңғыш президенттің жарлығымен 22 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні болып жарияланды.Алайда араға жиырма жыл салып, атаулы датаның күні өзгерді. 2017 жылы күзде үкімет қаулысымен Тілдер күні 5 қыркүйекке ауыстырылды. Мұның өзіндік себебі бар еді. 5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Міне, осы себептен 2018 жылдан бастап Қазақстан халқы тілдері күні қыркүйектің бесінші жұлдызында мерекеленеді.

Қазақстан – көпұлтты мемлекет, бір шаңырақ астында 130-дан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүреді. Мемлекет құраушы ұлт – қазақтар, олардың үлесі жетпіс пайыздан асады. Сондай-ақ орыстар, татарлар, өзбектер, украиндар, грузиндер, армяндар, шешендер, ингуштер, беларусьтер, кәрістер, қырғыздар және тағы басқалары тұрады. Елімізде 100-ден астам ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Мемлекет тарапынан қазақ тілін дамытуға, оның қолданыс аясын кеңейтуге жағдай жасалып жатыр. Қазақ тілін үйреніп жүрген, қызығушылық танытатын азаматтардың саны да жылдан жылға көбейіп келеді, олардың арасында өзге ұлт өкілдері де баршылық. Үкімет қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.

Республикада 111 мемлекеттік орталық жұмыс істейді, онда ересек тұрғындарға қазақ тілін тегін оқытады. 2022 жылы Ақмола, Атырау, Жамбыл облыстарында осындай үш жаңа орталық ашылды. Қазақ тілін өз бетінше үйрену үшін Tilqural.kz, Abai.institute, Tilmedia.kz, Balatili.kz, Soyle.kz, Bala.soyle.kz, Qazonline, Ana tili қосымшалары жұмыс істейді. Бұдан бөлек жыл сайын тіл мәдениетін арттыру мақсатында "Мемлекеттік тіл және БАҚ", "Тіл шебері", "Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы" байқаулары, "Мен қазақша сөйлеймін" акциясы және тағы басқа республикалық конкурстар өткізіліп тұрады.

Билік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан тіл саласында проблемалар әлі де жетерлік. Қазақ тілдің қолданысына байланысты даулар мен түсінбеушіліктер ара-тұра туындап жатады. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше көңіл бөледі.

«Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», - деген еді мемлекет басшысы бір сөзінде. Сондай-ақ президент мемлекеттік тілді меңгермеген қазақстандықтарға тіл білмегені үшін қысым жасауға болмайтынын да ескертті. Тоқаев қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек деп санайды.

Еліміздің көпұлтты болуына байланысты, бұл мерекені Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдері мен ұлыстар атап өтеді. Қазір елімізде жүргізіліп отырған салиқалы тіл саясаты толеранттық тілдік орта қалыптастырудағы маңызды қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени құндылықтардың бірі болып саналады. Қазақстанда 100-ден асатын ұлтқа Ассамблея жанында тілдерін дамытуға мүмкіндік жасалған. Елімізде оннан астам этникалық топтың өз тілдерінде оқытатын мектептері бар және оларды мәдени-рухани қолдау орталықтары жұмыс істейді.

Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде өзге ұлт өкілдерінің тілінің дамуымен қатар, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде елімізде 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік тілді дамытудың бағдарламасы да қазақ тілінің ұлтаралық қатынастар тілі деңгейіне жетуіне бағытталған.

Бұл мерекенің негізгі мақсаттары – қазақ тілін ұлттар арасында дамыту және насихаттау, қазақ мәдениеті мен дәстүрін ілгерілету, көпұлтты мемлекеттің тұтастығын, ынтымағын қалыптастыру, жас буынды өзге ұлттардың дәстүрі мен мәдениетін құрметеуге тәрбиелеу. Қазақстанда тұратын ұлт өкілдеріне мемлекет толеранттылық қарым-қатынас ұстанады: оларға өз дінін ұстануға, мереклерін тойлауға, өз тілдеріне сөйлеуге рұқсат етіп, құрметпен қарайды.

Ұзақ жылдар бойы тілге анықтама берілгенде көбіне оны «қатынас құралы» ретінде танып келгенбіз. Бұл көзқарас әлі де толық өзгере қойған жоқ, өйткені оған деген сұраныс қатынас жасауға жарамдылығына байланысты артатынын қоғамдағы жағдайдан көріп отырмыз. Дегенмен, әр ұлт тілінде өзінің байырғы тұрмыс-тіршілігі, өмір-тарихы, арман-тілегі, мақсат-мұраты, дүниеге көзқарасы т.б. туралы барша ақпараттардың сақталатынын ескерсек, оған тек қана «құрал» деп қарай алмаймыз. Еңбек өнімділігіне қарай құралды ауыстыруға болады, ал тілді ауыстыруға жол жоқ. Әр адам сүйініші мен күйінішінен тұратын барша сезімін, айтқысы келген  ішкі тілегін туған тілі арқылы ғана толық жеткізетін болғандықтан, оны жан әлемімен сүйеді, қорғайды, суығына тоңып, ыстығына күйеді. Бұл тұрғыдан алғанда тіл тек «қатынас құралы» ғана емес, қазіргі кезде жиі айтылып жүргендей «ұлттың жаны» деген анықтамаға көбірек иланамыз.

Қазіргі қазақ тілі туралы сөз қозғағанда оның бойынан екі нәрсе көрінеді: біріншіден, жалпы ұлттың тілі арқылы жеткен рухани кеңістік және ердің құнын екі ауыз сөзге сыйдырған шешендік пен көсемдік, яғни сөзге тоқтаған ұлттық тектілік. Екіншіден, унитарлық мемлекетке тән мемлекеттік тіл қызметі. Қоғамдық құрылыстың өзгеруіне байланысты қазіргі таңда бұлардың алғашқысы өз қызметінің елеулі бөлігін кейінгісіне берген, алайда ресми түре солай болғанмен, ел бірлігі мен біртұтастығының кепілі ретінде тілдің байырғы ерекшелігі өзінің әуелгі миссиясын орындап келеді. Тұрмыстық қатынастар, ағайынгершілік, азаматтардың бір-біріне құрметі секілді игі дәстүрлерді жүзеге асыру қабілеті – тіл бойындағы байырғы қасиет. Қасиет дейтініміз тілдің халықты ұйыстырушылық мүмкіндігі осы ерекшелігінде сақталады.

Кеңестік деп аталатын біртұтас ұлт жасауға негізделген саяси жүйе ұлттық тілдің дамуына түрлі тосқауылдар қойғанда осы шындыққа көбірек назар аударса керек. Әсіресе өткен ғасырда ұлттық тіл өте күрделі кезеңдерді басынан кешірді. Тіл білімінің білгірі Б.Хасановтың зерттеулеріне сүйенсек, 30-шы жылдардың екінші жартысынан бастап ұлт тілдерінің дамуын тежеу механизмдерінің қалыптасқаны айтылады. Ғалым халық санағы мәліметтеріне сүйене отырып, 1926-1989 жылдар аралығында жалпы алғанда жыл сайын 3792 қазақ ана тілімен қош айтысып отырған деген болжам жасайды (Хасанов Б. Ана тілі – ата мұра. – Алматы: «Жазушы», 1992. – 272 бет.). Қазақ мектептері тың игеру жылдары жүздеп жабылды. Қалалық жерлерде қазақ балалары негізінен орыс тілінде оқыды. Осыған қарамастан  сол тұстағы саяси ұстаным мен тіл өміршеңдігінің ара салмағын сараласақ, оның қалыптасуы мен дамуы қандай ұзақ дәуірлерді қамтыса, жойылуы бір күнде бола салмайтынын шамалаймыз.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптен қордаланған мәселелер күн тәртібіне шықты. Оның көпшілігі күрделі жағдайда еді. Санаға сіңірілген дағдыдан бірден арыла алмай не көз алдына елестету мүмкін емес жаңа қоғамның келбеті қалай болатынын болжай алмай, белгілі жағдайда ел ішінде дағдарыстың көрініс бергені рас еді сол тұста. Әкімшілік басқару жүйесінің қалалық жерлерде орналасуы, ал ол ортада жергілікті ұлт өкілдері санының аздығы немесе елдің белгілі бір аймақтарында өзге ұлт өкілдерінің көп шоғырлануы тіл саясатындағы баршаға қолайлы қазақстандық үлгінің дүниеге келуіне ықпал етті. Тәуелсіздік жылдарындағы тілдердің даму барысына көз салғанда сол талап үдесінен шыға алғанымызды көруге болады.       

Баршаға қолайлы тіл саясатының бастауында ҚР Конституциясы тұр. 7-бапта 1. «ҚР мемлекеттік тілі – қазақ тілі» деп анық көрсетілді, 2. «...ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылатын» тіл ретінде  орыс тілінің және 3. Өзге ұлттардың тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға мемлекет қамқорлық жасайтынын айқын да, анық көрсетіп берді. ҚР Конституциясының негізінде ҚР «Тіл туралы» Заңы дайындалды, онда «Жалпы ережелермен» қатар, «Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында», «Білім беру, ғылым, мәдениет және бұқаралық ақпарат құралдары саласында», «Елді мекен атауларында, жалқы есімдерде, көрнекі ақпаратта», «Тілді құқықтық қорғауда», «Шет елдермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда» пайдаланудың негізгі мәселелері айқындалды. Осы Заң талаптарын жүзеге асыру барысында біршама тұжырымдамалар мен бағдарламалар дүниеге келді, олар белгілі бір уақыт көлемінде туындаған сұрақтарға орай дайындалып, құқықтық тұрғыдан жауап ретінде ұсынылды.

Бүгінге дейінгі аралықта осы Заң аясында көптеген сұрақтар мен мәселелер өзінің шешімін тауып келеді. Екінші сөзбен айтқанда қоғамдық сана мен қалыптасып отырған жағдай қажетті заңды өзі тудырады, ал құжаттың дайындалуы кезінде жалпыға ортақ қажеттіліктер дұрыс қамтылмаса, ол орындалмауы немесе құқықтық мәнін жойып алуы мүмкін. Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан асып бара жатқан тұсында да бұл құжаттың белсенді қолданысы әуел бастағы алдыға қойылған мақсаттың айқындығы мен стратегиялық болжамның дәлдігінен болса керек. Сонымен қатар «Тіл туралы» Заңның орындалуын бақылаушы тетіктер де қалыптасқан, олар бақылаумен қатар тілдердің әрі қарайға даму бағыттарын да айқындап, тиісті ұсыныстар енгізіп отырады.

Құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етілген Қазақстандағы тіл мәселесі тіл саясатының негізгі бағдары екені рас. Осы Заңның басты ерекшелігі ретінде оның әмбебаптық принциптері мен мазмұнын атауға болады. Біріншіден, көпұлтты мемлекет ретіндегі жағдайымызға лайықталған. Қазіргі кезде қоғамдағы басымдыққа ие болып отырған орыс тілі мен қазақ тілінің қайсысына сұраныс артса, Заң сол тілдің қолданысының артуына мүмкіндік жасайды. Бұл Тәуелсіз елдің алыс болашаққа жасалған стратегиялық жоспарының бір тұсы, өйткені жыл өткен сайын арта түсетін демография мен көші-қон жағдайы алдыға қойылған мақсатқа бейбіт жағдайда жетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанда қоғамдық келісімді қалыптастыру мәселесі елдің көпұлтты болмысымен түбегейлі тығыз байланысты. Ал өзіндік ерекше, көп бағытты және кейде өзара шектелетін мүдделері бар әр түрлі топтарды бір бүтінге біріктіру - өте күрделі міндет. Әдетте, бұл процесс ұлттық өзін-өзі тану жағдайындағы белгілі бір қиындықтармен, этно-ұлтшылдық сезімдердің мерзімді көріністерімен бірге жүреді.

Әмбебап механизм жоқ, оның арқасында белгілі бір идея негізінде азаматтық ұлт қалыптастыруға болар еді. Әр мемлекет өз мемлекетінің этникалық құрамына, тарихи -аумақтық ерекшеліктеріне, заңнамалық нормаларына, стратегиялық және идеологиялық принциптеріне назар аудара отырып, этнополитика мәселесін шешеді. Қоғамдағы тұрақтылықтың негізгі шарты - әр түрлі этностардың мүдделерін үйлестіруді жүзеге асыру әлеуметтік тұтастықтың бұзылуына әкелмейді және ұлтаралық шиеленістің көрінуіне ықпал етпейді. Жалпы, ұлтаралық шиеленістің болуы әрқашан ашық қақтығыстарға әкелмейді, сондықтан бұл құбылыстың факторларын уақытында болжап, алдын алу қажет.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлік қоғамдағы азаматтық бейбітшілікті сақтаудың ең оңтайлы әдісі ретінде мемлекет пен оның институттарының белсенді ынтымақтастығы жағдайында мүмкін болады. Қазақстан үшін қоғамдық келісімді сақтау мен ұлттық бірлікті нығайту саласындағы негізгі институт - Қазақстан халқы Ассамблеясы. ҚХА бейбітшілік пен рухани келісім принциптерінің дирижері ретінде бүкіл Қазақстан бойынша көптеген этномәдени бірлестіктердің қызметін біріктіреді.

Бүгінде республикада 367 этномәдени бірлестік аккредиттелген, оның ішінде 14 республикалық. Жалпы алғанда, бүкіл ел бойынша 43 этностың 1025 этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделі, «әртүрлілікте бірлік» принципіне сүйене отырып, қазірдің өзінде елде де, одан тыс жерлерде де жеткілікті түрде қайталанатын бренд болып табылады. Бұған көп күш пен мемлекеттік бағдарламалық құжаттар бағытталды.

Көп ұлтты қоғамдағы диалогтың табысы кешенді шаралар мен идеологиялық конструкцияларды әзірлеу мен енгізуді қамтамасыз етеді. Осыған байланысты қоғамдық келісімнің моделі мемлекеттің республиканың барлық этностарымен қарым-қатынасын анықтайтын және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеудің, ұлттық мүдделерді қорғаудың, әріптестік қарым-қатынастың демократиялық принциптеріне негізделуімен анықталады.

Қоғамдық келісімді жасанды түрде сақтауға болмайтыны түсінікті. Қоғамның өзі бұл процеске мемлекет пен азаматтық институттардың өзара әрекеттестігі негізінде қатысуы керек. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлттық масштабта азаматтық сектормен, халықаралық ұйымдармен, мемлекеттік органдармен, ғылыми және шығармашылық интеллигенциямен, бұқаралық ақпарат құралдарымен белсенді түрде өзара әрекет жасайды. Осылайша этносаяси және этномәдени құзыреттіліктердің қалыптасуы мен дамуын қамтамасыз етеді.

Қызмет аясы кеңейіп, қойылған міндеттер жүйелі түрде жүзеге асқанда, ҚХА жергілікті деңгейдегі қоғамдық бақылау, қайырымдылық, делдалдық және т.б сияқты жұмыстың жаңа институционалды бағыттарын дамытады. Барлық аймақтарда ҚХА қамқорлығымен 3 мыңнан астам қоғамдық келісім кеңестері мен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейдегі 1793 аналар кеңестері, сондай-ақ ірі кәсіпорындар жұмыс істейді. Қоғамдық кеңестер құрудың негізгі мақсаты азаматтық институттардың, саяси және басқа да бірлестіктердің қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті нығайтудағы күш-жігерін шоғырландыру болды.

Қазақстанның теңдестірілген этносаралық саясаты демократияның тұжырымдамалық негіздерін құрайды. Бірақ демократия, біз білетіндей, басқаша. Бұл жағдайда қазақстандық демократия этносаралық қатынастардағы принциптерді бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру принциптеріне айналды. Біз тәуелсіз ел атанған соң бейбітшілік пен келісімнің қазақстандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларға, сондай -ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай байып, дамығанын көрдік. Сонымен қатар, осы салыстырмалы қысқа уақыт ішінде, іс жүзінде, мүмкін болатын іске асыру тұрғысынан оларды шешуді және талдауды қажет ететін көптеген мәселелер жинақталды.

Этносаралық және конфессияаралық қатынастардың саласы өте күрделі. Мұнда кез келген жағымсыз фактор үлкен шиеленіс немесе күрделі мәселе тудыруы мүмкін. Жаһандық үдерістерге тән экономикалық дағдарыс, әлеуметтік әділеттілік принциптерінің бұзылуы, адамгершіліктен айырылу этникалық топтардың агрессивтілік, әлеуметтік қашықтықтың ұлғаюы, алыстау сияқты қорғаныс реакцияларын туғызады, бұл түптеп келгенде ұлтаралық шиеленістің күшеюіне әкеледі. Бұл елдің имиджіне де, одан әрі дамуына да әсер етері сөзсіз. Жалпы алғанда, кез-келген мемлекет үшін қоғамдық келісімді сақтау мен нығайтудың маңызы жоғары болып қала береді, өйткені ол тұрақтылық пен ұлттық бірліктің нығаюының кепілі, олар мемлекеттің даму саясатының негізгі принциптері ретінде берік бекітілген.

Ұлтаралық татулық мәселесіне келер болсақ, дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген. Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Мемлекет басшысының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді. Ата-баба арманы болған Мәңгілік елге айналу ісін жүзеге асыруды мақсаттаған Елбасымыз: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп болашақтың бағытын да айқындап берді. Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді. Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы қазақ халқын «Мәңгілік елге» айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Әйтсе де, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі мен бірлігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі ғана емес, ол келер ұрпаққа өнеге болып қала беретін тарихи шындық.

Қандай қиын кезеңдерде де қыран тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» деп түйіндеп отырған. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да елге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.

«Ынтымақ болмай іс оңбас» дейтін бабамыздан қалған сөз бар. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі - тұрақтылық. Осы тұста Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деген сөзі де еске оралады. Ендеше бірлік, татулық арқылы тұрақтылық қамтылып, ол Тәуелсіздігімізді берік ете түсері сөзсіз. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды. Жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай дамуға кері әсер беретін құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы - бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім. Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін Мемлекет басшысы ұдайы көтеріп келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар - бір туған жердің балалары. «Біз бәріміз - біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады - бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір - біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім - әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» - дейді ол.

Бір шаңырақтың астында ұзақ жылдар бойы 140-қа жуық ұлт пен ұлысты, қырық түрлі дінді уағыздайтын үш мыңға жуық діни бірлестіктерді тату-тәтті ұстап отыру оңай емес. Алайда, еліміз қанша уақыттан бері шашау шығармай, достық пен бірлікті ту етіп, ортақ мүддеге жұмылдырып, олардың ортақ Отаны бола алып отыр. Егер кезінде еліміздің құрамы көпэтносты және көпконфессиялы болуына байланысты күмәнді болжамдар айтылып, сонау Тәуелсіздік алып, еліміз енді аяғынан тұра бастаған тұста сарапшылардың «Қазақстанды қақтығысқа қолайлы, яғни, конфликт қаупі жоғары аймаққа жатқызғанын» ескерсек, мұның қаншалықты қиын шаруа екенін түсінеміз. Алайда, тәуба! Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, күні бүгінге дейін еліміз мемлекет үшін ең маңызды ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен тұрақтылықты, достықты өзіндік ұстаным етіп өмір сүруде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде бірлік пен тұрақтылықтың сақталуына айрықша мән береді. Мұны оның халыққа арнаған Жолдауларынан да байқауға болады. Яғни, өзінің баяндамаларының барлығында әрқашан да елдегі ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылықты сақтап қалудың маңыздылығын айрықша атап өтіп отырады. Сондықтан, елдік ұстанымға сай, еліміздегі барлық этностар арасында достық қатынас орнатып, олардың ауызбіршілікте өмір сүруі және әртүрлі діндер арасында өзара түсіністіктің орнауы берік қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, бүгінде елімізде этносаралық тату-тәтті қарым-қатынас пен қоғамдық келісімнің қазақстандық өзіндік үлгісі қалыптасқан. Бұл қазақстандық үлгінің астарында «алуан түрлілік арқылы тұтастыққа» деген халқымызды біртұтастыққа шақырушы ұстаным жатыр. Бұл ұстанымның еліміз үшін бағасы қашанда қымбат болған! Және алдағы уақытта да қымбат бола береді. Өйткені, елдік ұстаным осы!

Осы орайда атап өтер жайт, еліміздегі барлық этностардың өздерінің ұлттық тілі мен әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін дамытуға деген ұмтылысын, ынтасын байқап, еліміз барлық қажетті жағдайлармен қамтамасыз етіп қана қоймай, ұдайы қолдап отырады. Елбасының елімізде нәсiлдiк, этникалық, тiлдiк, дiни және өзге де белгiлерiне байланысты кемсітуге жол бермеy туралы нақты ұстанымын да айта кеткен жөн. Бұл бағытта елімізде бірде бір заң жоқ. Яғни, еліміздегі барша ұлттың баласы теңдікте өмір сүріп жатыр деуге болады. 

«WWW.AQ-QARA.KZ»

Оқылды 15 рет