Ө.Жәнібеков атындағы лицей интернатының оқушылары жасаған көрме көпшілікке таныстырылумен бастау алды. Салтанатты шарада сөз алған Ө.Жәнібеков атындағы лицей-интернатының директоры Ерғали Серікбаев оқу жылында жеткен жетістіктерімен атқарған жұмыстары туралы баяндап өтті.
Мектеп түлектері мен ұстаздар қауымын соңғы қоңырау іс-шарасымен шын жүректен құттықтап, ізгі ниетін білдірген аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мектеппен қоштасу балалықпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басу екендігін ерекше атап өтіп, бітіруші түлектерге шын көңілден ақжол тілесе, Облыстық мәслихат депутаты Нұржан Сейтжанов түлектерге сәттілік тіледі.
Шара барысында үздік оқушылар мен ұстаздар марапатталып, өнерпаз оқушылардың қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мектеп бітіруші түлектерге арнап жылы лебіздер мен ізгі тілектер айтылып, қонақтар болашаққа сәт-сапар тіледі. Мектеп оқушыларының ән-күйімен, мың бұралған биімен әрленген шарада 11-сынып оқушылары еліміздің қасиетті көгілдір туын 10-сынып оқушыларына салтанатты жағдайда табыстады. Салтанатты шараның соңында мектеп бітіруші түлектер аудан әкімімен естелікке суретке түсті.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат