Осы айтулы күнге орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы мектеп-интернаттың 2005 жылғы түлектері өздері түлеп ұшқан алтын ұяларына деген құрмет ретінде балалар ойын алаңын салып беріп, оның ашылу салтанатын өткізді. Салтанатты шараға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Серікжанұлы, ардагер ұстаздар Мейрамкүл Тұрлыбекова мен Шәрипа Үмбетова қатысып, жаңа ойын алаңының лентасын қиды.
«Туған жерге туыңды тік» деген халқымыздың нақылын берік ұстанған түлектер туған ауылына, мектебіне деген шынайы жанашырлығын осылайша білдіріп отыр. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы елге көрсеткен үлгілі істері үшін түлектерге алғысын айтып, арнайы алғыс хаттармен марапаттады.
Шара соңында мектептің төменгі сынып оқушылары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, «Аманат» партиясының Отырар аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркеғали Таңатаров жарысқа қатысушы коммандаларға спорттық форма мен футболдық доптар табыстады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат