Сейсенбі, 15 Қазан 2019 12:20

Шымкентте мектеп оқушылары арасында сайыс өтеді

«Қобыланды батыр» жырын жатқа айтқан оқушыға 1 млн. теңге беріледі. Жеңімпаз шәкірттің ұстазы одан екі есе көп қаржы алады. Бұл – «Qazaqepos» қоғамдық қоры жариялаған «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жүлде қоры. Сайысқа Шымкент қаласындағы 116 мектептің мыңға жуық шәкірті бақ сынамақшы. 

Байқаудың басты мақсаты – бала бойында ұлттық тәлім-тәрбиенің негізін қалыптастырып, мұғалімдердің біліктілігін арттыру. Байқауға қатысуға 610 мұғалім мен 1094 оқушыдан өтініш түскен. Сайыстың алғашқы кезеңі қазанның 28-і мен 31-і аралығында өтеді. Ол кезде Шымкент қаласына қарасты 4 ауданнан үздіктер анықталады. Қазылар алқасының сынынан сүрінбей өткен оқушылар ақтық кезеңде бақ сынасады.

Жоба жетекшісі Нұрдәулет Кенжебай: «Аудандық кезеңде жырды жаттау мәнеріне және жырдың арасында кездесетін көнерген сөздің мәнін ашып, қойылған сұрақтарға жауап беруі тиіс. Бұл шара республика аумағында ұйымдастырылып жатыр. Біздің қалада 3-ші өтетін болады» - дейді. Байқау 10 балдық жүйемен бағаланады. Негізгі үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – жырдан сайыс. Бірі бастаған жырды екіншісі мүдірмей сол жерден жалғап кетуі керек. Жырда кездесетін жер-су атауларына, көнерген сөздердің мән-мағынасын ашу бойынша сынға түседі. Ақтық сында қаладағы 4 ауданнан 12 оқушы қатысады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 833 рет