Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 23:13

Шымкент: Жыр жаттаған жеңімпаз оқушыларды қала әкімі қабылдады

Шымкентте «QazaqEpos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауы аяқталды. Ережеге сәйкес 6-11-сынып оқушылары «Қобыланды батыр» жырын жатқа айтудан сайысқа түсті. Сонымен қатарқатысушылар жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап берді. Сайыста жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған оқушылар мен олардың ұстаздарын бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов марапаттады. 

«Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге серпін берді. Оның бір дәлелі – «Қобыланды батыр» жырын жатқа айту бойынша ұйымдастырылған байқау. Ұрпақ тәрбиелеуде батырлар жырын оқыту, оны қайта жаңғырту игі бастама деп білемін. Біз атадан қалған сырлы сөздер мен бай мұрамыз арқылы жаңғырамыз. «Тұлпар мініп, ту алған!» секілді жобалар негізінде бойына баға жетпес руханият сіңірген, ұлттық рухы мықты ұрпақ өсетініне бек сенімдімін» - деді қала басшысы.

Жиында сөз алған «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының жетекшілері алдағы уақытта мұндай рухани шаралар өз жалғасын табатынын жеткізді.

Айта кетейіксоңғы үш жылдан бері қолға алынған республикалық байқауға қатысушылар саны артып келеді. Былтыр «Алпамыс батыр» жырын жаттағандар, келесі жылы  «Едіге батырды» ұлықтайтын болады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 947 рет