Сенбі, 02 Сәуір 2022 17:21

Астана әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтарға 1300 грант бөледі

Биыл елорда әкімдігі педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға 1300 грант бөледі.

Бұл жайында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Апта сайын тұрақты түрде азаматтарды қабылдап тұрамыз. Аудандарымыз бен елді мекендерімізді аралап, тұрғындармен кездесеміз. Осыған дейін айтқанымдай, қала тұрғындарынан келіп түсетін негізгі сұрақтардың бірі – тұрғын үй мәселесі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік пәтерлерді салу көлемі едәуір артты. Тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты кеңейтілді, жастарға арналған арнайы тұрғын үй деп бағдарламасы енгізілді, тұрғын үй сертификатының сомасы ұлғайды және тағы басқалары бар», - деп жазды елорда әкімі Instagram парақшасында.

Сонымен қатар елорда басшысы жоғары білім алу да жүйелі мәселелердің бірі екендігін атап өтеді.

«Алдағы жаңа оқу жылында педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша жоғары білім алуға жалпы саны 1300 грант бөлуді жоспарлап отырмыз. Ал оқуын тәмамдағаннан кейін оларды жұмысқа орналастыру мәселесімен айналысамыз. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы ұстаздар мен медицина қызметкерлеріне жағдай жасауға және оларға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөледі: жалақы мөлшері артып келеді, біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізіліп жатыр, медициналық және білім беру орталықтарының желісі кеңеюде», - деп атап өтеді Алтай Көлгінов.

 «AQ-QARA.KZ-ақпарат»

 

Оқылды 451 рет