Бейсенбі, 26 Қыркүйек 2024 12:04

Отырар ауданында керамика өндірісі және ағаш ұқсату шеберлерінің республикалық жәрмеңкесі өтіп жатыр

Бүгін қазақ өркениетінің алтын діңгегі Отырарда «Ұлы Жібек жолы бойындағы керамика өндірісі және ағаш ұқсату өнері» тақырыбында республикалық қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі өтіп жатыр. Қазақ елінің өнер майталмандарының арасын жақындата түсетін, ынтымағын нығайтатын, дәстүрлі өнерін ұштастыратын ауқым іс-шараны Отырар ауданы әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов және «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы директоры Айбек Жандосов ашып беріп, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жәрмеңкенің қадірлі қонағы ретінде шақырылған ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі, музей ісінің ардагері Рыскүл Бекталиева және Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, суретші, этнодизайнер Кендебай Қарабдалов құттықтау сөз алып, өз алғыстарын жеткізді. Аудан әкімі орынбасарымен бірге лентасын қиды. Шара барысында әділ қазылар алқасы таныстырылды. Олардың қатарында Рыскүл Бекталиева мен Кендебай Қарабдаловтан бөлек, «Тұран-қазақ» суретшілер консолидациясының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі суретші Әділхан Мәлік, Отырар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сағынтай Құттыбай, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары Ералы Шоқай бар.

Салтанатты жиын әрі қарай арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты. Содан соң еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 30-дан астам керамика және ағаш ұқсату өнерінің хас шеберлерінің қолөнер бұйымдары таныстырылды. Жәрмеңке барысында шеберлік сағаттары ұйымдастырылып, көпшілікке атадан мұра болған өнер кеңінен насихатталып жатыр. Айта кетейік, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және Отырар ауданы әкімдігінің қолдауымен, «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы ұйымдастырған республикалық жәрмеңке кешке дейін жалғасады. Озық үлгідегі туындылар әділ қазылардың шешімімен сараланып, үздік деп танылған қолөнер шеберлеріне жабылу салтанатында арнайы тағайындалған алғыс хаттар мен жүлделі сыйлықтар табысталады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 12 рет