Сәрсенбі, 07 Мамыр 2025 18:49

Ордабасы: аудандық өнер мектебіне 50 жыл толды

Ордабасы ауданының орталығы Темірлан елді мекеніндегі Шәмші аллеясында Ордабасы аудандық Өнер мектебіне 50 жыл толғанына, дәулескер күйші, композитор Н.Тілендиевтің туғанына 100 жыл және қазақ вальсінің королі Ш.Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай аталған өнер мектебі ұжымының ұйымдастыруымен «Бірлік басы – Ордабасы» атты концерті өтті.

Іс-шара сахнадағы композициялық қойылыммен басталып, сахнаға жартығасырлық тарихы бар өнер ордасын мерейтоймен құттықтау үшін аудан әкімі Азат Оралбаев шақырылды.

Аудан басшысы өнер мектебі ұжымын 50 жылдық мерейтоймен құттықтап, «Музыка өнерін дамыту жолындағы еселі еңбектеріңіз үшін зор ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да дарынды әрі саналы шәкіртер тәрбиелеп, аянбай қызмет ете бересіздер деп сенемін», деп жүрекжарды тілегін білдірді. Мерейлі шара ары қарай көлемді әрі әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасып, кеш қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Нұрғиса тілендиев 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория), Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1952-1961 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 1960-1964 жылдары - Қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. 1968-1981 жылдары - Қазақфильм киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы. 1981 жылдан Отырар сазы фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.

Алтын таулар операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), Достық жолымен балетінің (Л.Степановпен бірге), Ортеке балет-поэмасының, Менің Қазақстаным кантатасының, оркестрге арналған Поэма, Ата толғауы, Ақсақ құлан, Аққу, Арман, Махамбет, Көш керуен поэмалары мен Халық қуанышы, Қайрат, Жеңіс салтанаты атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. 1998 жылы көз жұмған.

Қазақ даласын әнмен тербеткен сазгер Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. Оның әндері Қазақ елінің қай өңірінде де жиі айтылып, әнсүйер қауым арасына барынша кең тараған.

Бала кезінен бойындағы бар талантын алқалы жиын, аламан бәйгелерде көрсете білген сазгер 1950 жылдан бастап шығармашылықпен түбегейлі түрде шұғылданды.

Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалағаны мәлім. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры да осы.

Сазгер әндері әсіресе, 1960-1970-ші жылдардағы жастардың аузында жүрді.  Жасты ғана емес, ересек, егде қауымның да, сан түрлі мамандық, алуан түрлі ұлыстың да көңілін баурап алды. Халық арасында әсіресе, күллі отаншылдық, елшілдік нотасын тап басқан «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша мәшһүр болды.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.

Шәмші Қалдаяқов ұлттық музыка өнерінің ән жанрына аса айқын, соны леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Композитор шығармаларының тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік – Шәмші шығармаларының басты тақырыбы.

40 жылдан астам шығармашылық қызметінде сазгер 300-ге жуық музыкалық туынды жазды. Композитор 1965 жылы Қазақстан Комсомол сыйлығын алды. Ал, 1991 жылы оған Қазақстан Республикасының Халық әртісі құрметті атағы берілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 19 рет