Жұма, 08 Тамыз 2025 11:41

Жас оқырмандар хәкім еңбегімен танысты

Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналған халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам ауқымды іс-шараны қамтитын кешенді жоспар бекітілді. Абайдың 180 жылдығы 1-10 тамыз аралығында 10 күн атап өтіледі. Осындай шаралардың бірі  Шымкент қаласындағы орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесіне қарасты №9 кітапхана бөлімшесінде ұйымдастырылды. 

Абайды терең таныту, оқырман қауымды хәкімнің өнегелі өмірімен таныстыру, оның әдеби мұрасын дәріптеу мақсатында «Абай дана, Абай дара қазақта» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Көрме данышпанның қара сөздері жазылып, безендіріліп, «Асыл сөздің атасы» тақырыбында танымдық сағат өтті.

Іс-шараға «Жазира» балабақшасының ересек тәрбиеленушілер тобы қатысты. Кітапханашы Абайдың өмірі мен шығармашылығы жайлы кіріспе сөз сөйлеп, өлең жолдарымен ашты.

"Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы – тек мәдени оқиға емес, бұл – ұлт руханиятын жаңғыртуға бағытталған үлкен бағдарлама. Абай әлемін насихаттау арқылы қазақ әдебиеті мен мәдениетінің тереңдігі мен көркемдігін халықаралық деңгейде көрсету мақсаты көзделіп отыр",-деді кітапханашылар.

 Мұнан кейін көрмеге жиылғандар жас оқырмандардың өнерін тамашаланды. Балалар  хәкім Абайдың өміріне қатысты тағлымды һәм қызықты деректерді айтып, «Ғылым таппай мақтанба», «Әсемпаз болма әрнеге», «Адамзаттың бәрін сүй», «Жаз», «Жазғытұры»  «Күз»  секілді өлеңдерін жатқа айтты.  «Көзімнің қарасы» әнін тамылжыта орындап, көпшілікке керемет көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, жас оқырмандар «Абай ата ақыл айтады» атты сахыналандырған  көріністі де қонақтардың назарына ұсынды.

 

Мұнан кейін кітапханашы Абайдың өнегелі, асыл сөздеріне тоқталып, «Жаз», «Жазғытұры» өлеңдерінің мағынасын ашып, кітап көрмесіне шолу жасады.

 

Айта кетсек, 2024 жылы 16 маусымда Ұлы Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы атап өтілген.

Оқылды 46 рет