Дүйсенбі, 21 Қазан 2019 18:49

Шымкент: Қала әкімі ақын Ақмарал Леубаеваны қабылдады

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақмарал Леубаеваны қабылдап, 50 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтады

Аталған кездесу барысында шаһар басшысы айтыс өнері мен руханият төңірегіндегі бірқатар мәселелерді айтып, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ақындардың алар орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ тараптар келесі жылы өтетін Әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойлары мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өту жайын да сөз етіп, алдағы уақытта Шымкентте айтыс өнерінің одан әрі дамуына бірлесе, жұмылып жұмыс істеуге уағдаласты.

Айта кетейік, Ақмарал Леубаева 1969 жылы 10 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау елді мекенінде дүниеге келген. 1988 жылдан бері айтыс өнерінде тер төгіп, бірнеше рет республикалық және халықаралық айтыстарда жүлделі орындарды иеленген.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 785 рет