Сәрсенбі, 06 Қараша 2019 14:14

Шымкентте қазақтың ұлы ойшылдарының ескерткіш-кешендеріне байқау жарияланды

Шымкент қаласында шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлына қойылуы жоспарланған ескерткіш-кешендерінің жобалық ұсыныстарына өткізілетін байқау жарияланды. Бұл нысандардың орналасатын жері да айқындалған. Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіші – Шымкент қаласының әкімдігі ғимаратының артындағы саябақтың аумағына, Абай Құнанбайұлы ескерткіші Абай саябағының кіреберіс аумағына орнатылмақ. 

Байқауды Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасы ұйымдастырып отыр. Мұндағы мақсат – байқауға ұсынылған жобалардан ең үздігін таңдап алып, іске асыру. Байқауға жеке және заңды тұлғалар қатыса алады. Олар 2019 жылдың қараша айының 20-сына дейін шарттың тармақтарына сәйкес жобаларды Шымкент қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасына тапсыруы тиіс. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Түркістан көшесі, 11, тел.: 8 (7252) 53-64-95 немесе This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. электрондық поштасына жолдай  алады. Ескерткіш-кешендерінің жобалық ұсыныстарын қарау 2019 жылдың 10 желтоқсанда сағат 15:00-де Шымкент қаласы, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, №10 (Шымкент қаласының әкімдігі ғимараты) мекенжайында өткізіледі. Байқауға жіберілген жұмыстар сәулет және қала құрылысы саласындағы мамандардан және депутаттардан, қоғам қайраткерлерінен құрылған комиссия отырысында сарапқа салынады. Егер комиссия құрамындағы қандайда бір мүше байқауға сай жұмысын ұсынған жағдайда, өзінің жұмысына баға беруден шеттетіледі. Жеңімпаздарға демеушілердің есебінен сыйақы беру де жоспарланған. Олар дипломмен және ақшалай сыйлықтармен марапатталмақ. Жалпы сыйлық қоры  1 600 000 (бір миллион алты жүз мың) теңгені құрайды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1014 рет