Сәрсенбі, 20 Қараша 2019 17:52

Түркістан облысы: Түлкібас ауданында жас қаламгерлер байқауы өтеді

Жастар жылына орай, Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры мен «Мархабат мирас» қоғамдық қоры, Түлкібас аудандық білім мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің ұйытқы болуымен 2019 жылдың 25 қазан-25 қараша аралығында «Өңір мен ұлы тұлғалар» атты жас қаламгерлердің аудандық байқауы өтеді. 

Байқаудың мақсаты: Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында Түлкібас ауданы сынды қасиетті мекеннің мәртебесін асқақтату, жастардың туған жеріне сүйіспеншілігін арттыру, өлкенің тарихына терең үңіліп, өңірде дүниеге келген ұлы тұлғалардың ерең еңбектерін, шығармаларын, өнегелі өмірлерін халық арасында кеңінен насихаттау. Биылғы байқауда түркі әлеміне танымал тұлға, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай оның өмірі мен өшпес, өнегелі өміріне, ұлтқа сіңірген ұлы істеріне арналған шығармалар; Аса көрнекті әскери қолбасшы, халық қаһарманы, жауынгер жазушы Бауыржан Момышұлының ерліктеріне арналған және шығармаларына талдау жасап, пікірлер білдірген шығармалар; Халық жазушысы ұлтының сүйікті суреткері, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның шығармалық, мемлекетшілдік, ұлтжандылық бейнесін ашатын шығармалар сарапқа салынады. Шығармалар эссе, суреттеме, әңгіме, мақала немесе өлең түрінде қабылданады.

Байқаудың шарттары мен талаптары: - Байқауға аудан аумағындағы барлық жас қаламгерлер қатыса алады. - Үміткерлердің жасы 12-29 жас аралығында болуы тиіс. - Байқауға ұсынылатын өлеңдер 3-беттен (14 кезель, 1,5 интервал) эссе, әңгіме немесе суреттеме 4-беттен аспауы керек. Бұрын жарық көрген шығармалар байқауға қатыстырылмайды. - Оқушылар мектеп басшыларының, мұғалімдердің ұйымдастыруымен шығармаларын талдауды, талқылауды алғаш өз мектептерінде жүзеге асырады. - Ауылдық кітапханаларда мектеп жасынан асқан үміткерлердің шығармаларын талдауға арналған оқырмандар конференциялары, әдеби кештер өткізуі керек. - Лайықты деп танылған туындылар аудандық қорытынды байқауға ұсынылады. - Сондай-ақ ұлы тұлғалардың шығармаларын жатқа оқудан жарыс өткізіледі.

Байқаудың жеңімпаздарына төмендегідей жүлделі орындар белгіленген: Эссе, әңгіме, суреттеме, өлең, мақалалар бойынша: Бас жүлде (біреу) - 100 мың теңге; Бірінші орын (біреу) - 70 мың теңге; Екінші орын (екеу) - 50 мың теңге; Үшінші орын (үшеу) - 30 мың теңге; Ынталандыру сыйлықтары - 15 мың теңге.

Ұлы тұлғалардың шығармаларын жатқа айту бойынша: Бас жүлде (біреу - 25 мың теңге; Бірінші орын (біреу) - 20 мың теңге; Екінші орын (екеу) - 15 мың теңге; Үшінші орын (үшеу) - 10 мың теңге.

Жеңімпаздар және жүлдеге ие болғандар арнайы дипломдармен марапатталады. Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2019 жылдың 6 желтоқсанында аудандық байқаудың қорытындысын шығару кезінде өтеді.

Барлық шығармалар Түлкібас ауданы Т.Рысқұлов ауылы, Т.Рысқұлов көшесі, 201-үй, аудандық білім бөлімінде қабылданады.Байланыс сымтетігі 87027113669. Электрондық поштасы: dana.orazbaeva8181@mail.ru.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 548 рет