Жексенбі, 24 Қараша 2019 02:06

Түркістан облысы: Шардараның мерейтойы жоғары деңгейде өтті

Бүгін Шардара ауданының ресми түрде құрылғанына – 55 жыл, аудан орталығының Абай селосынан Шардара қаласына көшірілгеніне 50 жыл толған мерейлі даталарды аудан жұртшылығы жоғары деңгейде атап өтті. 

Тойға келген қонақтар алдымен Абай алаңындағы «Шежіре» ауылын және ретрокөліктер мен тарихи жәдігер бұйымдар көрмесін тамашалады. Мерейтой құрметіне «Алтын күз» жәрмеңкесі» ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы саласында лизинг бойынша алынған жаңа техникалар көрмесі қойылып, ауыл шаруашылығы өнімдері арзан бағада саудаға шығарылды. Қала мен ауылдардан жиналып, бірдей ұлттық үлгіде киінген 55 келін мерекеге келген ел ағаларына бірдей иіліп сәлем салып, ізет көрсеткендері өте жарасымды шықты. Сонымен бірге келіндер қауымының келі түйіп, ұршық иірген өнері де, әсіресе, жас ұрпаққа үлгі-өнеге болды. Абай алаңында мектеп оқушылар флешмоб ұйымдастырса, аудандық Мәдениет сарайында Шардара тарихынан сыр шертетін сурет көрмесі қойылды.

Аудандық Мәдениет сарайында тойға жиналған қауымды аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құттықтап, Шардараның өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлестерін қосқан еңбек ардагерлеріне сый-сияпат жасап, мерекелік медальмен марапаттады. Шардаралықтарды мемлекет және қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков құттықтап, жүрекжарды тілегін білдірді. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің құттықтау хатын оқып берді. Жерлес ақын, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иесі, «Қазақ үні» газетінің бас редакторы Қазыбек Иса ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтің құттықтауын жеткізіп, өзінің Шардараға арнаған өлеңін оқып берді.
Мереке үстінде еліміздің өнер жұлдыздары Досымжан Таңатаров, Сенбек Жұмағалиев, Жалғас Кеңесов, Мәдина Сәдуақасова ән шырқап, тыңдармандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Думанды мереке «Жастар» мейрамханасында одан әрмен жалғасты. Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай дастарқан басына жиналған қонақтарды мерейлі датамен және ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін «Алтын күз» мерекесімен құттықтады. Ала жаздай егіс басында тер төккен диқандар мен төрт түлік мал өргізген озат шаруаларға сый-сияпаттар тапсырылды. Ауданның тойына арнайы қонақ болып қатысқан ел ағалары Орынбай Рахманбердиев, Кенжехан Төлебаев, Абдулла Ахметов, Исамуддин Рысбаев, Жаппар Кәрімов құттықтау сөз сөйлеп, жерлестерінің қуаныштарын бөлісті. Ақын Қазыбек Иса биыл 70 жасқа толған жерлес ақын Қасқыр Серікбаевқа қазақ хандығының 550 жылдығына орай шығарылған мерекелік медальді салтанатты жағдайда табыс етті. Аудандық мәслихаттың хатшысы Бұлтбай Мүтәлиев құттықтау сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлестерін қосып жүрген бір топ азаматтарға мерекелік медаль табыс етті. Олардың арасында еңбек ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, спортшылармен қатар ауданның жаңалықтарын бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап жүрген бір топ журналистер де бар. Аудандық Мәдениет сарайында ҚР Мәдениет қайраткері, сазгер Жалғас Кеңесовтің «Туған жерге тағзым» концерті өткізілсе, №16 колледжде «Сән әлеміне саяхат» тақырыбымен ұлттық киім және ұлттық қолөнер бұйымдарының байқауы ұйымдастырылды. Кешке қарай «Алты алаш» алаңында «Шардара – шаттық мекені» атты өнер жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт ұйымдастырылып, соңы отшашуға ұласты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 798 рет