Сейсенбі, 05 Маусым 2018 19:17

Шымкент қалалық Балалар көркемсурет мектебі мерекелік шара ұйымдастырды

Кеше Шымкент қаласындағы №54 жалпы орта мектептің базасында Балалар көркемсурет мектебіне қарасты «Шұғыла», «Арт Шайн» аула клубтарының «Бізге – 5 жыл!» атты мерекелік іс-шарасы өтті. 

Жалпы, жиынның мақсаты – аула клубының жұмыстарын көпшілік назарына ұсыну, балалардың бос уақытын тиімді өткізу, сондай-ақ Балалар көркемсурет мектебіне қарасты аталмыш аула клубтарының ағымдағы жылда атқарған жұмыстарын қорытындылау. Іс-шара екі бөлімнен құралды.

Алғашқы бөлімде жұртшылық үйірме оқушыларының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған «Жарқын жолға нық қадам!» тақырыбындағы көрмесін тамашалады. Мұнан соң ұстаздар қауымы керемет шеберлік сыныптарын көрсетіп, өнер әлемінің сұлулығымен көпшілікті тамсандырды.

Екінші бөлімде аула клубының өнерпаздары ән мен биден шашу шашса, бокс, каратэ үйірмесінің тәрбиеленушілері өзін-өзі қорғаудың қыр-сырымен көрермендерді тәнті етті. Ал көрермендер «Шымкент қалалық Балалар көркемсурет мектебінің жанынан ашылған аула клубтары ұйымдастырған «Бізге – 5 жыл!» тақырыбындағы мерекелік жиын өз деңгейінде өтті» деп бағасын берді.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1632 рет