Дүйсенбі, 18 Маусым 2018 17:02

Шымкентте заманауи «Fontan» аквапаркі ашылды

Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін керемет жаңалық! Шымшаһардың орталығынан «Fontan» атты аквапарк ашылып, пайдалануға беріліп отыр. Салтанатты жиынға Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев қатысып, қала қонақтары мен тұрғындарын құттықтады.

«Міне, баршамыз қуанышты оқиғаның куәсі болып отырмыз. Жаңадан ашылып отырған заманауи аквапарк барлық талапқа сай етіп жасалған. Бүгінде қаламызда халықтың тынығып, демалуына арналған орындар көбейіп келеді. Мәселен, жуырда ғана қаланы қақа жарып ағатын Қошқар ата өзенінің бойын абаттандырылып, суға шомылуға арналған орындар пайда болды. Мұндай жұмыстар әлі де жасғасын табатын болады», – деді облыс басшысы.

Аквапарк 2 гектар аумақты алып жатыр. Онда биіктен сырғанайтын 8 төбешік орналасқан. Оның 2-еуі биіктігі 22 метрді құрайтын еліміздегі ең биік төбешік болса, ТМД елдері арасында ең ұзын төбешік те осында бой көтерген. Айта кетейік, «FONTAN» аквапаркі Орта Азиядағы ересектер мен балаларға арналған ең үлкен су қалашығы. Мұнда жасанды толқын және бассейін суын жылытуға арналған құрылғылар орнатылған.

Кәсіпкердің айтуынша, демалыс аймағында 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Тәулігіне 2 мыңнан астам келушіге қызмет көрсетуге қауқарлы.Шара барысында балаларға арналған ойын-сауық бағдарлама мен ұтыс ойындары ұйымдастырылды. Кеш соңы Қазақстанның эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламаға ұласты.

«AQ-QARA.KZ  - ақпарат»

Оқылды 11067 рет