Сәрсенбі, 20 Маусым 2018 12:12

Шымкент қаласы әкімдігі Қошқарата өзенінің екінші тынысын ашты

Шымкентте Қошқарата өзенін білмейтін жан жоқ. Екі ай бұрын ғана өзен жағалауының келбеті тіпті өзгеше еді. Ал бүгінде ажарына ажар қосылып, абаттандыру жұмыстары ерекше қарқын алуда. 

30 жылдан аса уақыт ішінде аумақ тұрғындары өзенді "жекешелендіріп" алды десек те болады. Бір кездегі таза бұлақ бастауын тұрғындар қалдық суға толтырған. Алайда жергілікті тұрғындар бұдан ары мұндай келеңсіздіктерді жалғастыруға болмайтынын түсінді. Қала басшысынан өзенді қайта қалпына келтіруді сұрады. 

Өзен жағалауында абаттандыру жұмыстары мамыр айында басталды. Жағалауды кеңейту үшін 96 құрылыс нысанын бұзуға тура келді. Оның ішінде 31 нысан иесі өз еріктерімен жерді мемлекет меншігіне берді. Арада 2 ай өткенде өзен арнасымен таза су ағуда. Ал балақайлар қуана шомылып жүр. Тұрғындардың уәдесін орындаған қала әкімдігіне айтар алғыстары шексіз. Тұрысов көшесінен Жангелдин көшесіне дейін созылып жатқан өзен жағалауын абаттандыру жұмысы қараша айында аяқталады.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1358 рет