Сәрсенбі, 20 Маусым 2018 14:36

Шымкент: Отан үшін от кешкен қорғасын зауыты қызметкерлерінің аты өшпейді

Шымкентте Ұлы Отан соғысында қаза болған қорғасын зауыты қызметкерлерінің құрметіне ескерткіш соғылып жатыр. Ол Молда Мұса атындағы №5 жалпы орта мектептің қақпасына кіреберіске қойылмақ. 

Биыл Жеңіс күні қарсаңында майданда көз жұмған қорғасыншылардың рухына тағзым ретінде қойылған ескерткішке бұзақылардың зақым келтіргені (олардың есімдері жазылған мәрмәр тақталар сындырылған – ред.) әжептәуір қоғам талқысына салынған-ды. 1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай бой тіктеген ескерткішті қорлауға дәті барады деп кім ойлаған?! Иә, бүгінде баяғы атағы жер жарған қорғасын зауыты жоқ, бірақ бұл әруақтар ұмыт қалады деген сөз емес қой. Сірә, бұзақылар зауыт құрдымға кеткен соң, оның ауласындағы ескерткіш те керексіз болып қалады деп топшыласа керек. Алайда бір кездері аталмыш кәсіпорында еңбек еткен ардагерлер бұл мәселеге көз жұма қарамады. Әдепкіде Металлургшілер саябағына ауыстыруға ниеттеніпті. Бірақ жерасты коммуникацияларының көптігінен мұнда орналастыруға мүмкін еместігін ұғынған.

Ал Шымкент қаласы әкімдігі ескерткішті орнатуға қолайлы орын ретінде №5 мектептің маңайын ұсынды. Әрине, бұл ретте мәселенің мәнісіне терең бойлап, нақты қолдау көрсеткені үшін ардагерлер Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосыновға дән риза.

Рас, үшінші бір тұлғаға тиесілі мүлікті қалпына келтіруге немесе орнын ауыстыруға жергілікті биліктің құқығы жоқ. Өйткені бүгінде қорғасын зауыты қазақстандық банктердің бірінің меншігі саналады. Сондықтан ескерткіштің құрылысына шаһардың коммуналдық қызметінің жұмысшылары бір қолдан – жең, бір жағадан бас шығарып үлес қосыпты.    

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1587 рет