Жұма, 06 Шілде 2018 12:37

Шымкентте «Таза қала» байқауы мәресіне жетуге жақын

Акцияға биыл да Шымкенттің төрт ауданы қатысады. Байқаудағы бұл жылғы ерекшелік енді үй аулалары мен көшені абаттандырған еңбеккерлерге де жүлде беріледі. Тазалық сайысына қатысуға қазір Қаратау ауданында 80 аула мен 64 көше өтінім берді.

Біріңғай тәртіппен салынған көк түсті үйлер мен олардың ауласына әр беріп тұрған жасыл желек. Бұл Қаратау ауданындағы Асар шағынауданының көрінісі. Шағынауданнан «Таза қала» байқауына қатысуға қазірдің өзінде 10 көше өтініш берді. Жалпы шағынаудан бойынша 62 көше бар. Бірақ байқауға қатысатындар соның арасындағы ең үздіктері. Мұнда әр көшеде әкімшілк-ұйымдастыру жұмысын атқаратын бір-бірден өкіл сайланған. Оларға тазалық сақтауға қатаң талап қойылған.

«Ел аманаты» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мүнәйімбек Салыбаев: «Талабымыз көшенің бойында, жол жиегінде шөп-шалам болмауы керек. Бордюрлердің барлығы әктеліп, барлық көшенің бойында жасыл желек болу керек. «Асар» жаңа шағынаудан болғандықтан жылда мұнда 20 мыңдай көшет егеміз»,-дейді.

Көше бойын жасыл желекпен көмкеріп, айналасын гүлмен безендірген «асарлықтар» өткен жылдары да «Таза қала» байқауында үздіктер қатарынан көрінгенін жұрт жақсы біледі. Сондықтан мұндағылар биыл да жүлде алудан үміттерін үзбеген. Ал «Нұрсат» шағынауданының Измир көшесіндегі 143 үйдің ауласы биыл алғаш рет байқауға қатысып жатыр екен.

Қаратау ауданында биыл 80 аула мен 64 көше «Таза қала» байқауында бақ сынауға ниет білдірді. Қазір комиссия мүшелері оларды аралап, тазалығына жіті назар аударуда. Жалпы, биылғы байқаудағы ерекшелік аула мен көшелерді тап-тұйнақтай етіп жинап, абаттандыру жұмыстарында белсенді болғандарға да жүлде тағайындалған.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

 

 

Оқылды 10580 рет