Сейсенбі, 24 Шілде 2018 20:17

Шымкент субұрқақтарының көптігімен де ерекше

Шымкент қаласында субұрқақтардың қарасы қалыңдайтын түрі бар. Маусым басталғалы іске қосылған 23 субұрқақ бүгінде кестеге сай жұмыс істеп тұр. Мамандар әрбір субұрқақтың қосылуынан бастап ұңғымасының таза болуына шейін қадағаланып отыратынын айтады. 

«Шымкент қаласындағы 29 су асты жерін реттейтін тік ұңғымалар мен 23 субұрқақты күтіп ұстауға биыл 163 миллион теңге бөлініп отыр. Қазір шаһардағы барлық субұрқақ кестеге сай жұмыс істеп тұр» дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің көріктендіру секторының меңгерушісі Жандос Оразов.

Айта өтейік, Шымкенттегі 23 субұрқақтың төртеуі әсем әуенмен төгіледі. Солардың бірі «Нұрсәт» шағынауданында орналасқан. Жаздыгүні кешқұрым «құлақтан кіріп бойды алар әсем ән» мен түрлі-түсті шырақтармен шағылыса көкке атылған субұрқақ айналаға ерекше сән береді.

Субұрқақ суы қажеттілікке орай аптасына бір рет ауыстырылып отырады екен. Алды сәуір айынан бастап іске қосылатын субұрқақтардың жұмысы ауа райына қарай күз айларына дейін жалғасады. Жауаптылар алдағы уақытта олардың қатары артатынын айтады. Себебі қалада салынып жатқан арбаттар мен бой түзеп жатқан өзге де құрылыс нысандарында субұрқақтар салу жоспарланып отыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1290 рет