Сейсенбі, 01 Қараша 2022 14:17

Түркістан: С.Рахимов мектебінде оқушыларға облыстағы діни ахуал баяндалды

| Автор:  
Материалға баға беріңіз
(0 дауыс)

Дін саласындағы ақпараттық түсіндіру тобының 2022 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, Түркістан қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ тарапынан С.Рахимов атындағы жалпы орта мектебінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, діни экстремизмнің, теріс пиғылды діни ағымдардың алдын-алуға бағытталған АТЖ өткізілді. Ақпараттық түсіндіру жұмыстарына Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ-сінің теолог маманы Дүйсен Асхат оқушыларға жат ағымдар мен олардың салдары жайлы айтып берді. Пиғылы жат діни теріс ағымдар бүгінде ғаламдық проблемаға айналып отыр десек, артық айтқандығымыз емес. Арғы-бергі, тоқсан толғаулы тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз. Қазіргі ата-ана баласы «Алла» атын аузына алып, намазға жығыла бастаса кәдімгідей қобалжитын жағдайға жеткен. Бұл арада мәселе діннің өзінен емес, дін атын жамылушы теріс пиғылдылардың  қитұрқы әрекетінен ушығып тұрған жайы бар. Жаһандану заманындағы басты қатер – ашық-шашықтығымыз. Осы ұрымтал тұсты пайдаланушы мысық тілеу миссионерлер ұлтымызға жақын ислам діні атын жамылып кез келген бағыт бойынша, соның ішінде ғаламтор арқылы да жастарымыздың санасын улап, қоғамымызға іріткі салып бағуда. Бүгінгі ағымдардың ислам атын жамылып атқарып жатқан іс-әрекеттері тарихта бұрын да болған дүниелер. Тек тарихтағы сол қисыны жоқ түсініктер қайта айналып келіп отыр. Оны ислам қайнарына сүйенген білім арқылы және ауызбіршілік, ынтымақ арқылы ғана жеңе аламыз. Ағымдарды жеңу терең білім, толассыз насихаттар арқылы жүзеге асады. Жат ағымдар мына жағдайларда анықталады:

Халықтың діни ұғым, дәстүрлеріне байланысты:
1. Қарт кісілердің жастарға беттерін сипап, берген баталарын теріске шығарады.
2. Келіннің ата-енесіне иіліп сәлем бергенін теріске шығару, бұл олардың пікірінше, Алладан басқа тағы да біреуге табыну болып табылады.
3. Мұсылмандардың молаға зиярат етуіне болмайды.
4. Құранды өлген адамдарға арнап оқуды теріске шығарады.
5. Өнерді теріске шығарады. Халықтың дәстүрлі ұлттық киімдеріне байланысты:
1. Арабтар мен пәкстандықтардың киімдеріне еліктеу (еркектердің ұзын көйлектері мен орамалдары); 2. Шолақ балақ шалбар киеді, «тірсектен түскен киім-тозақ отына барады» деп насихаттайды. 3. Ұзын әрі күтімсіз сақал өсіру, бұл Құдайдан қорыққандықтан-мыс. Олар сақал қоюды уәжіп санайды. Туыстық қатынастарға байланысты: 1. Ата-аналары дайындаған тамақтан, олар намаз оқымай дайындады деп бас тартып қарсыласады.
2. Ата-ана, ағайын-туыстары, дос-жаран, тамыр-таныс, көрші-қолаңмен қарым-қатынаста үйлену тойлары, туған күн, мерекелер, еске алулар, діни-рухани рәсімдердің бәрі олар үшін жағымсыз, шариғатқа қайшы әрекет. 3. Әйел, қыз балалар, олар үшін жай ғана бір зат немесе олар екінші сортты адамдар, тіпті құл-күң дәрежесінде ұғынылады. 4. Басқа туыстарымен араласқан кезде, өздерінің Ислам туралы жеке түсінігін тықпалайды және олардың ойынша «мешіттерде сауатсыз имамдар отырғандықтан» тек қана өздерінің уаһһабилікті дәріптеуші ұстаздарын тыңдауды талап етеді.
«Ислам – адамзат баласын бірлікке, бейбітшілікке, татулыққа шақыратын дін. Бірлік бар жерде береке, бейбітшілік бар жерде тыныштық, татулық бар. Қазіргі таңда ислам атын жамылып, халықты түрлі сенімге бөлген жат ағымдардың қоғам тұтастығына сызат түсіріп отырғаны алаңдатады» дейді дін өкілі. Жат ниетті ағым бұқара халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту мақсатында түрлі айла-шарғыларын жасауда. Мәселен, исламның атын жамылған уаһһабилер, құраниттер, ахмадияшылар, хизбутшылар, гүленшілер, тәкфіршілер секілді ағымдар ашық та, жасырын да ел ішінде теріс бағытта қызмет жасауда. Әсіресе, қазақтың дүниетанымына сай келетін Имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын мойындамай, жоққа шығарғысы келетіндер әрекеті байқалады. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын кеңге жаюда. Ал, аталған ағымның шырмауына түскен бауырларымыз хақ дін мен ағымның арасын ажырата алмай дал болуда. Діни сауатсыздығының кесірінен ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіретін жатқа жалтаңдап, дана атанған халқымыздың салты мен дәстүріне дұшпандық жасап жатқаны жанымызға аяздай батады. Иә, жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Қазіргі кезде бүйректен сирақ шығарып, діни реформа жасағысы келетін діни ағымдардың жымысқы әрекеті елге айдан анық көрінуде. Халқымызда «Аңқау елге арамза молда» деген нақыл бар. Бұл сөз бүгін де құнын жоймады. Өйткені, дәстүрден тыс діни ағымдар тыныш қоғамды іштей іріту үшін діни сауаты кем қауым мен жастық желігі басылмаған жастардың қолымен от көсеуде. Олар, әлбетте, теріс бағыттағы ұйымдардың өз мақсаттарын қандай амал-айла арқылы жүзеге асырып жатқан жайын біле бермейді. Нәтижесінде түрлі діни ағым кесірінен айрандай ұйып отырған отбасылар ойрандалуда. Ата-ана ұл-қызынан тірідей айырылып, жер соғып қалуда. Сондықтан елдің, ұлттың, халықтың тұтастығын сақтап қалу үшін, өздерін ғана ақылды санайтын дін үйретушілерден барынша сақтану қажет. Шынында, діннің атын жамылған ағымдар мен топтар діни сауаты аз азаматтарымызды өз қармақтарына түсіріп, тіпті өздеріне белсенді жақтасқа айналдырып, өзімізге қарсы қойып үлгерді. Ел бірлігі мен мемлекет қауіпсіздігіне зиян келтіретін ағымдардың жетегіне еріп кетпеу шараларына баршамыз атсалысуымыз қажет. Діни білімге сусаған кезде, бір мәселеге тап болған сәтте әркімге жүгінбей, дін мәселелерін зерттеу орталығы мен ресми діни бірлестік өкілдерінен кеңес сұраған абзал. Дін – мемлекеттің негізін құраушы басты фактордың бірі болғандықтан, ол елдегі ішкі тұрақтылықтың кепілі. Ауызбірлік, елжандылық, бейбітшілік пен тыныштық – ислам дінінің басты мұраты. Ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіріп тұрған жат ағымдардан бойымызды аулақ ұстап, халқымызды, жастарымызды отансүйгіштікке тәрбиелегеннен ұтпасақ, ұтылмасымыз анық. Олай болса, жат ағымның бірлікке емес, бүлікке алып баратын жол екенін еш ұмытпаған жөн. Қорытындылай келе әр елдің тәуелсіздігінің мәңгілік болуы ынтымақ, бірлікте. Дана халқымыз «Береке басы – бірлік» деп бекер айтпаса керек. Көптеген ұлттар мен ұлыстарды бауырына басқан бүгінгі еліміздің еңсесі биік болуы – осы ынтымағының арқасында мүмкін болып отыр. Сондықтан «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген қағиданы берік ұстанғанымыз жөн,-деді Дүйсен Асхат. Ал, Ішкі саясат бөлімінің дінтанушы маманы Марат Айсұлу болса, Түркістан облысында,ы діни азуал туралы айтты. Қазақстанның конфессиялық кеңістігінде протестанттық діни бірлестік ауқымды орын алып отыр, қазіргі уақытта оның 700-ден астам шіркеулері мен діни ғибадатханалары бар. Түркістан облысында ресми тіркелген протестанттық бағыттағы елуіншілердің-6, баптистердің-7, пресвитериандардың-4, Егова кәугерлерінің-3 діни бірлестігі, жұмыс жасайды. Сонымен қатар облыста ресми тіркелген 1 миссионер бар.  Қазіргі уақытта Түркістан облысында Сарыағаш медресе-колледжі облыстағы исламдық діни білім беру орны болып отыр. Діни ахуалды тұрақты етіп қалыптастырудағы маңызды факторлардың бірі ретінде тұрғындардың, соның ішінде жастардың дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерге деген қызығушылығының күн санап артып келе жатқандығынан көреміз. Жастардың дәстүрлі діндерге деген қызығушылығына бірінші отбасылық тәрбиесі әсер етсе (өз халқының салт-дәстүріне деген құрметі), екінші жағдайда ұйымдардың өз ілімдерін жастарға арналған арнайы әдістерді (шетел тілдерін үйретудің тегін курстары, түрлі салаларға қызығушылығын арттыру клубтары т.б.) қарқынды түрде қолдануы болып табылады. Ислам дінін қабылдағанына он үш ғасырға жуық уақыт ішінде қазақ халқы осы діннің аясында ұлт болып қалыптасты. Әр буынның орта жасы отыз жыл деп есептесек, ата-бабамыздың мұсылмандықты қабылдағанынан бері қырық ұрпақ ауысыпты. Алайда отау ішінен отау тіккен кереғар діни ағымдардың әрекеті ислам дінін қазаққа тәуелсіздік алғаннан бастап келгендей әсер қалдырады. Бұның бәрі әрине, жат ағымның ықпалы. Кезінде дінге қызығушылық танытқан жастарымыз шетел асып, діни білімді араб елдерінен алып, елге оралған соң қарапайым халықтың атадан балаға мирас болып келген ұлттық құндылықтарын жоққа шығаруға тырысты. Өздерінің соқыр сенімдерінің соңынан қаншама қандастарымызды тура жолдан адастырды. Рухани және діни тұрғыда шөліркіген қаншама жастардың сеніміне селкеу түсіріп, қаншасын темір тордың құрбаны етті. «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясымен елге оралған әйелдерге бейбіт өмір жағдайларына тезірек бейімделуге көмектесу үшін олар үшін оқыту курстары ұйымдастырылады, жұмысқа орналастыруға көмек және басқа да әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Қазіргі таңда облыс көлеміндегі барлық білім беру мекемелерінде Конституция негізінде жасалған ҚР «Білім туралы заңында» белгіленген білім берудегі зайырлылық қағидаттарын басшылыққа, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығын негізге ала отырып мектеп қабырғасында діни атрибутикаларды пайдалануды тоқтатып, бұл мәселеде бір ізділік жолға қойылды. Мұның бәрі әрине, ата-аналармен дұрыс түсіндірме жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде деп айтуға болады. Жалпы облыс тұрғындары арасында жүргізген зерттеу жұмыстары барысында діни ахуал зерделенді. Түркістан облысындағы діни жағдай тұрақты деп айта аламыз». Жиын соңы сұрақ-жауаппен өорытындыланды.

Оқылды 405 рет Соңғы рет өзгертілді: Жексенбі, 13 Қараша 2022 14:31