Сенбі, 17 Қазан 2026 14:17

Екі жаңа модульді спорт залы ашылды

Шымкент қаласының Қайнарбұлақ және Нұрсәт шағынаудандарында ангар үлгісіндегі екі модульді спорт залының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Жаңа нысандар тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің спортқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Спорт залдарының ашылу салтанатына Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқармасының төрайымы Ләззат Шыңғысбаева қатысты. Іс-шара барысында спорт инфрақұрылымын дамыту және тұрғындарға дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік жасау мәселесіне назар аударылды.

«Әр шағынауданның тұрғындары тұрақты жаттығып, денсаулығын нығайтуға, белсенді өмір салтын ұстануға мүмкіндік алуы маңызды. Біз спорт нысандарының қолжетімділігіне ерекше назар аудара отырып, қаланың спорт инфрақұрылымын дамытуды жалғастырамыз», – деді Ғабит Сыздықбеков.

Айта кетейік, модульді спорт нысандарының құрылысы 2025 жылдың қараша айында басталған. Жоба «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылып, жаңа ғимараттар қалаға сыйлық ретінде берілді.

Заманауи спорт залдары баскетбол, волейбол және шағын футболмен айналысуға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар нысандарда ұлдар мен қыздарға арналған жеке киім ауыстыру бөлмелері, душ кабиналары және жаттықтырушыларға арналған бөлмелер қарастырылған. Көрермендер үшін әр залда 50 орындық арнайы орындар жабдықталған. Ал суық мезгілде жаттығуларды үздіксіз өткізу мақсатында жылыту жүйелері орнатылған.

Жаңа спорт кешендерінің ашылуы Қайнарбұлақ пен Нұрсәт шағынаудандарының тұрғындарына үйіне жақын жерде спортпен шұғылдануға мүмкіндік береді. Әсіресе жас буынның бос уақытын тиімді өткізуіне, спорттық қабілеттерін дамытуына және салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалады.

Осылайша, екі модульді спорт залының іске қосылуы Шымкент қаласындағы бұқаралық спортты дамытуға және дене шынықтыру нысандарының қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Оқылды 29 рет