Жұма, 16 Тамыз 2019 11:35

Түркістан облысы: Созақ ауданында қариялар арасында асық атудан жарыс өтті

Ағымдағы аптада аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты (1967), мал шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі үшін «Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері», есімі «Қазақ КСР-нің Алтын кітабына» жазылған (1964), 2 Ленин (1964, 1975), Еңбек Қызыл Ту (1971, 1977) ордендерінің иегері, Созақ ауданының Құрметті азаматы Қалы Байымбетовті еске алуға арналған асық атудан аудан ардагерлері арасында жарыс өтті. Аталған жарыс аудан орталығы Шолаққорғандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде болды. 

Аудан аумағынан 40 шақты ардагер, қариялар жиналып, бұл жарысқа бір кісідей атсалысты. Жарысты аудан әкімінің орынбасары Б.Айдарбеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қ.Еспенбетов ашып, Қалы Байымбетовтің өмірбаянын, марапаттарын және оның ауыл шаруашылығында атқарған еңбегі өте көп екендігін айтты, ауданның Құрметті азаматы П.Сақтапбергенұлы жарысты өз деңгейінде өткізетін аудандық спорт бөлімінің бас маманы М.Сейсенбаев, Балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директорының міндетін атқарушы А.Байғараев, Ту спортының аға жаттықтырушысы А.Айтқұлов сияқты төрешілермен таныстырды. Жарысқа демеушілік көрсеткен Созақ аудан әкімдігінің спорт бөлімінің басшысы М.Ниязәліұлы және Созақ аудан әкімінің ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қ.Мейірманов, аудан тұрғындары, жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Аталған іс-шарада ардагерлер 70 жасқа дейінгі және 70 жастан жоғары болып, екі топқа бөлініп сайысты. 70 жастан асқанардагерден сызба атыстан жүлделі І орынды бабаталық Өмірзақ Қасымбеков, ІІ орынды – шолаққорғандық Қожақмет Қожанов, ІІІ орынды – шолаққорғандық Аманбек Мұсабеков иемденсе, 70 жасқа дейінгі 17 ардагер арасында сызба атыстан І орынды тастылық Асан Аманбеков, ІІ орынды – шолаққорғандық Жетілген Сармантаев, ІІІ орынды жуантөбелік Кенбек Байжанов қанағат тұтты. Ең қарт Қожақмет Қожанов болса, сұрмерген Амантай Қожабеков ынталандыру мақсатында ақшалай және алғыс хатпен марапатталды. Барша қариялар жарысқа қатысқандығы үшін алғыс хаттармен және қаржылай сыйлықтар табысталды.

«AQ-QARA.kz»-ақпарат.

Оқылды 1095 рет