Сейсенбі, 31 Мамыр 2022 23:10

ҚАЛА ӘКІМІ АҚТАСТЫҚТАРДЫ ГАЗБЕН ҚАМТУ ЖҰМЫСТАРЫН ТЕКСЕРДІ

Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы табиғи газбен қамтылған. Шаһардағы 81 елдімекеннің 42-сі толық, 31 елдімекенде газ жартылай берілген. Бүгінде қалған елдімекендерге газ тарту  мақсатында тиісті жобалар жүзеге асырылуда.

Мәселен, қала әкімі Мұрат Әйтенов Ақтас, Ақтас-2 шағынауданында болып, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрді.

Белгілі болғандай, Ақтасқа газ құбырын тарту  жұмыстары 65 пайызға орындалған. Ағымдағы  жылдың тамызына дейін аталмыш жұмыстар 100 пайызға аяқталып, нәтижесінде 225 үй көгілдір отынға қол жеткізбек.

«Ақтас-2 шағынаударнында құрылыстың 60 пайызы аяқталған. Нысан құрылысы үшін 223,6 млн теңге қаражат қаралып, қазірге дейін оның 120 млн теңгесі игерілді. Қазіргі сәтте ұзындығы 16,5 шақырым болған ішкі жүйелерге құбыр тартылуда» дейді жауаптылар.

Өткен жылдың соңында басталған жоба тамыз айында аяқталады деп күтілуде.  Осылайша, елдімекендегі 160 абонент  табиғи газға қол жеткізбек.  

«Қазіргі уақытта қалада 1 магистралды және 10 елдімекенде ішкі орамдық газ құбырының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін Тұран магистралды газ құбыры мен 8 елдімекенде құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 20 мыңға жуық тұрғынға табиғи газ беріліп, қамтылу көрсеткіші 94,7 пайызға жетеді»,-дейді жауаптылар.

Әкімдіктегілердің берген мәліметіне сенсек,   2025 жылы қала тұрғындарын 100 пайыз көгілдір отынмен қамту жоспарланып отыр.

Сонымен қоса, 2023-2025 жылдары аралығында қаланың даму жоспарына сәйкес, жартылай қамтылған 17 елдімекенде және мүлдем қамтылмаған 3 елдімекенде табиғи газ жүйелерінің құрылысы салынып, қала тұрғындары, басқада нысандар 100% табиғи газға қосылады.

 Жалпы қалада 2023 жылы  - 8, 2024 жылы  - 12 елдімекен табиғи газбен толық қамтылады. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Оқылды 2985 рет