«Шымкент жастар лигасының» жабылу рәсімі өтті. Мектеп оқушылары арасындағы турнир қала әкімінің бастамасымен өткен болатын. Жарыстың соңғы күні мектеп оқушылары футболдан финалдық кездесу өткізді. Одан соң, салтанатты рәсімде спорттың 4 түрінен жеңімпаздар марапатталды.
Шымкенттегі «Қажымұқан» стадионында футболдан жастар лигасының жеңімпаздары анықталды. Финалдық ойынды тамашалауға мыңдаған адам жиналды. Жастар лигасы Шымкентте екінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. Биыл додаға мегаполистің 151 мектебі қатысып отыр.
Жастар арасындағы жарыс үш ай көлемінде спорттың футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен өтті. Жастар лигасының жалпы жүлде қоры 80 млн. теңге. Жеңімпаз командаларға 20 млн. теңге көлемінде ақшалай сый берілді. Білім ордасының директорлары бұл қаражатты оқушыларға сапалы білім беру мақсатында мектеп базасын жаңартуға жұмсаймыз деп отыр. Сонымен:
Лигада шахмат бойынша бірінші орынды №9 мектеп-лицейдің оқушылары, баскетболдан №8 мектеп-гимназиясының командасы жеңіп алды, ал №113 орта мектептің оқушылары волейболдан үздік атанды.
Ал №65 мектеп командасы футболдан жастар лигасының чемпионы атанды. Құрама команда қарсыластарын 3:1 есебімен жеңді. Турнирдің жабылу салтанатына қала әкімі де қатысты. Мегаполис басшысы жас спортшыларды жеңісімен құттықтады.
Айта кетейік, жоба мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, бұқаралық спортты дамыту және ҚР чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жобаға деген қызығушылық жылдан жылға артып келеді. Сандарды сөйлетсек, өткен жылы 140 мектеп қатысқан болса, биылғы біріншілікке спорттың төрт түрінен қаладағы 151 орта мектептен 6 мыңға жуық оқушы қатысты.
Осы спорттық жарыстарға төрелік етуге және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізуге 400-ге жуық дене шынықтыру және спорт саласының маманы жұмылдырылғанын айта кету керек.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат