Шымкент қаласының әкімі қаладағы каналдар мен арық-атыздарды тексерді. Сондай-ақ, Еңбекші ауданында орналасқан "Көк", "Чумчак" каналдарында жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының қарқынын көрді. Айта кетейік, аталмыш каналдардың су өткізу қабілеттілігін, сыйымдылығын арттыру мақсатында мұнда құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Шымкентте жалпы 34 канал бар. Оның ішінде 27 канал ауылшаруашылығы бағытында қолданылса, 7-і ирригациялық мақсатта пайдаланылуда.Сонымен қатар 4 су қоймасы бар. Белгілі болғандай, қазіргі сәтте ұзындығы 57,2 шақырымды құрайтын 5 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оның екеуі өткен жылдан өтпелі болса, үшеуіне күрделі жөндеу жұмыстары осы жылы басталған. Каналдардың құрылысы аяқталғанда су өткізу қабілеттілігі ұлғайып, жаңадан 1700 га егіс алқабы игеріледі.
Қала әкімі аралау барысында қала үшін каналдардың маңыздылығына тоқталып, мердігерлерге жұмыстың сапасына мән беруді тапсырды.
«Каналдар калаға ауылшаруашылық үшін су жеткізудің негізгі көзі болғандықтан оларды күтіп ұстау мен тиімді пайдалану аса маңызды. Жөндеуден өткен каналдардың су өткізу қабілеті де жоғарылайды. Бұл өз кезегінде шаруалардың дәнді-дақылдар мен көгөніс және мал азықтық өнімдерін жетілдіруге мүмкіндігін арттырады. Сондықтан құрылыс барысында бетондаудың технологиялық талаптарын сақтап, жұмыстар өз мерзімінде аяқталуы тиіс», -деді қала әкімі.
Сонымен қатар, 2027 жылға дейін қала аумағындағы 27 каналды қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, тағы 5 мың га егістік жерді айналымға қосу жоспарлануда.
Айта кетейік, алдыңғы жылы «Жаңа Оңжағалау Сайрамсу» каналының 150 метр жері бетонмен қапталды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, каналдарда ағын суды жеткізу 80-85%-ға артқан еді.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат