Шымкенттегі «Тассай» индустриалды аймағында биылғы жылы жалпы құны 3,5 млрд теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске қосылады. Осылайша, 150 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгін құрылысы жүріп жатқан кәсіпорындарды қала әкімі Мұрат Әйтенов аралады.
«Қалада өндіріс орындарының көп болғаны өте маңызды»,-деп бастады өз сөзін әкім. «Кәсіпкерлер тарапынан ұсынылған жобаларға әрдайым қолдау көрсетуге әзірміз. Енді іске қосылғалы тұрған осы кәсіпорындарға 2020 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймақтан жер бөлінген болатын. Бұдан да өзге мәселелерді бірге шешуге дайынбыз, - деді ол.
Осылайша шаһар басшысы бірінші болып атбасын мұнаралы крандар мен лифт шығаратын «Кaspy service» компаниясына бұрды. Құрылысы 2021 жылы басталған зауыт келесі жылдың ортасында аяқталып, іске қосылмақ. Бүгінде құрылыстың 30 пайызы атқарылыпты. Кәсіпорын жылына 10 бірлік өнім шығарады. Жалпы жоба құны 750 млн теңге. Пайдалануға берілсе, 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Одан кейін медициналық зертханаға қажетті вакуум түтіктерін өндіретін «Экофарм интернейшнл» ЖШС-ін аралады. Құрылысы 2019 жылы басталған жобаның І кезеңі аяқталған. Пайдалануға беру мерзімі 2023 жылға көзделіп отыр.Кәсіпорын іске қосылғанда, жылына 70 млн дана медицинаға қажетті құрал өндіруге қауқарлы. Сондай-ақ, 200 адам жұмыспен қамту жоспарда бар.
Келесі нысан медициналық зертхана жабдығын өндіретін «Bio Etica» және «Про-Тек-МП» бірлескен ЖШС-і. Жылына 1 млн дана жабдық шығаратын зауыттың құрылысы 2020 жылы басталған. Бүгінде құрылыстың 90 пайызы орындалған. Кәсіпорын осы жылдың соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Аумағы 0,25 га жерге орналасқан жобаға 125 млн теңге қаржы тартылыпты.
"AQ-QARA.KZ"-ақпарат