Сәрсенбі, 01 Маусым 2022 02:48

340 МЫҢНАН АСТАМ ЗАҢСЫЗ ҚУҒЫНДАЛҒАН АЗАМАТ АҚТАЛДЫ

Тәуелсіздік жылдары аралығында 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Бұл жайында Шымкенттегі «Қасірет» мемориалында өткен саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада айтылды. Көктемнің соңғы айы мамырдың 31-ші жұлдызы күллі қазақ елі аза тұтты.  Бұл күннің қазақ күнтізбесіне ресми енгеніне 25 жыл.

Қаралы жиында тағдырдың қатал сынағына ұшыраған боздақтарға құрмет көрсетіліп, бір минуттық үнсіздікпен басталды.

Одан соң, шаһар басшысы  Мұрат Әйтенов пен зиялы қауым өкілдері «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Бабалар кешкен қайғылы сәттер театрландырылған көріністер арқылы көрсетіліп, сахналандырылған қойылым қойылды. Жиналғандар бабалар рухына құран бағыштап, өткен күнге салауат айтты.

«Қыр қазағының күнкөрісі малмен байланысты болған еді. Бүтіндей бір ұлттың көзін жоюды көздегендер ең әуелі оның малын алды. «Аша тұяқ қалмасын» деген солақай саясаттың салдарынан кейбір деректерге қарағанда, 1928 жылы Қазақстанда 40 млн бас малдан 1933 жылы оның тек 4 млн-ы ғана қалған.Бұл саясаттың салдарын ғана емес, себебін де анық түсінген Алаш зиялылары бас қосып, империяға қарсы шықты. Олардың барлығы дерлік қудалауға ұшырап, атылды, айдалды. "Халық жаулары" деп жала жабылған арыстардың есімін халқы өз жадында мәңгілік сақтап, олардың ел тәуелсіздігі жолындағы ерлігін ұмытқан емес»,- деді жиналғандар.

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ 31 мамыр – саяси саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛаг-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Оқылды 2277 рет