ШЫМКЕНТТЕ «БАҚЫТТЫ ОТБАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 449 АЗАМАТ БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ

 Биыл Шымкент қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасының «2-10-20 Бақытты отбасы» бағыты бойынша 449 отбасы баспанамен қамтылмақ. Ол үшін 4,4 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр.

Бұл бағдарламаға тұрғын үй кезегіне тіркелген:

- көп балалы отбасылар,

- толық емес,

мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар қатыса алады.

Мамандар, лимиттерді бөлу барысында басымдық - мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға берілетінін айтып отыр.

Қатысушыға қойылатын негізгі талаптар:

 1)  Қазақстан Республикасының азаматтығы;

 2) өтініш берген күнге өтініш берушінің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында тұрғын үйінің болмауы;

 3) өтініш берушіде және онымен үнемі бірге тұратын отбасы мүшелерінің әрқайсысының соңғы 6 ай ішіндегі айлық табысы, қаржы жылына белгіленген, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен (әрбір отбасы мүшесіне 115 905 теңге) аспауы тиіс.  Нақты айтқанда 2022 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері  37 389 теңгені құрайды;

 4) некені бұзу сәтінен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);

 5) еңбек және кәсіпкерлік қызметтен отбасылық жиынтық табыстың болуы;

 6) төлем қабілеттілігін растау;

 7) тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұруы.

Кредит беру талаптарына сәйкес  бастапқы және қайталама нарықтарда тұрғын үйді сатып алу кезінде азаматтарға берілетін ең жоғарғы қарыз сомасы – 15 млн.теңгеден аспайды.

Аталған  бағыт бойынша  өтінімдерді қабылдау Отбасы банкі арқылы ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап қабылданады.

Айта кетейік, өткен жылы  «Бақытты отбасы» бағыты арқылы бөлінген лимитке сәйкес 363 отбасы несиелік баспанамен қамтылған болатыын. Оның ішінде көпбалалы –173, толық емес –30, мүгедек бала асыраушы –160 отбасы бар.

 

 

"ANYQ.KZ"-ақпарат

ТҮРКІСТАН: ШЕКАРА ҚЫЗМЕТІНДЕ СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ЖИЫН ӨТТІ

Әскери сала мамандары арасында аймақ шекарасындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын-алу мақсатында семинар-кеңес өтті.Аталған жиынға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, ҚР ҰҚК Сарыағаш гарнизоны бойынша Әскери полиция басқармасының бастығы М.Имрамзаев, Сарыағаш аудандық әкім аппаратының басшысы А.Шамбулов пен Шекара қызметінің жеке құрамы қатысты. 

Жиын барысында сөз алған Ержан Әлиұлы Ел Президенті биылғы жылы 1 ақпанда өткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі Кеңесте кеден саласындағы белең алып тұрған сыбайлас жемқорлық мәселелеріне айрықша назар аударып, Агенттікке осы саладағы жемқорлық тәуекелдерін жоюды тапсырғанын жеткізді. «Еркін экономикалық аймақта сатылатын өнімге қосымша құн салығы салынбайды. Бірақ, жемқорлар тауарды қағаз жүзінде ғана көрсетіп, жеңілдікті салықтан жалтару үшін пайдаланып жүр. Түйткілді шешу – Қаржы министрлігінің тікелей міндеті. Кеден саласындағы мәселелерге бөлек тоқталайын. Мен бұған дейін кеденнен түсетін табысты арттыру туралы бірнеше рет тапсырма бердім. Ондағы көлеңкелі айналымның ауқымы орасан зор. Қаржы министрлігі бұл бағытта нақты жұмыс атқаруда. Электронды декларация және тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, түрлі ақпараттық базаларды біріктіріп жатыр. Құқық қорғау органдары кеденнің төңірегіндегі қылмыстық топтарды анықтап, тергеу жүргізуде. Дегенмен, бұл жұмыс нәтиже бермей отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысының айтуынша, кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Соның ішінде Қытаймен өзара сауда-саттық туралы екі елдің статистикалық мәліметтері екі түрлі екенін, олардың арасында миллиардтаған доллар айырмашылық бар екенін айтты.

 

«Былтыр бұл көрсеткіш 5,7 миллиард долларға жетті. Мұндай үлкен айырмашылық қалай пайда болғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Ашығын айтқанда, бұл – контрабанда. Келеңсіздіктің бар екенін кәсіпкерлер де растап отыр. Сауалнамаға қарасақ, шетелмен сауда жасайтын адамдардың 90 пайызы жемқорлықпен бетпе-бет келген. Оның ішінде 45 пайызы кеденшілерге пара беруге мәжбүр болған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шығыс Қазақстан облысындағы үш көліктік бақылау бекетін жемқорлық әбден жайлағанын анықтады. Елімізде мұндай 49 бекет бар. Кеден және көліктік бақылау саласындағы парақорлық транзиттік әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермей отыр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиынға қатысқандар  4 айда Департаментпен тіркелген 48 сыбайлас жемқорлықтың қылмыстарының басым көпшілігі, соның ішінде 5 қылмыс - кедендік бақылау саласына қатысты екенін баяндап, осы саладағы жемқорлық фактілері жедел кедендік ресімдеу, кедендік баждар мен әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін парақорлықпен, қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланумен байланысты екенін хабарлады.Ержан Әлиұлы өз сөзінде шекарадағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін, ең алдымен делдалдардың заңсыз іс-әрекеттерімен бірлесіп күресуге шақырды.Кеден саласын жетілдіру мақсатында электронды декларация тапсыру жұмысы жетілдірілді, тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілді, басқа органдардың ақпарат жүйелерімен интеграция орнатылып, құжат алмасу, ұйымдастыру ісі жолға қойылды. Кеден саласына қатысты заңнаманы жетілдіру бағытында мемлекет шекарасында заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимылдың кешенді жоспары қабылданып, Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді.Кездесу соңында жиынға қатысушылар назарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта түсірілген әлеуметтік бейнеролик ұсынылып, шекара қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берілді.

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Шымкенттегі референдум учаскелерін 12 шетелдік бақылаушы бақылады

Шымқалаға референдумға байланысты Өзбекстан және Қырғызстан Республикасынан 12 шетелдік байқаушы келді.  Оның екеуі Қырғызстан, ал 10-ы Өзбекстан елінен келген. Олар таңғы 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін үшінші мегаполистегі дауыс беру учаскелерінің жұмысын бақылады. Халықаралық бақылаушылар шымкенттіктердің дауыс беруге белсене атсалысқанын айтады.

«Бізбүгін таңертеңнен бері 9 дауысберу учаскелеріне бардық. Байқағанымыз, тұрғындар белсенді қатысуда. Жақсы өтіп жатыр деп айта аламыз. Дайындық өте жоғары деңгейде. Миссиямыз аяқаталған соң елге қайтамыз»,-дейді халықаралық байқаушы Құндызхан Тоқаева.

Құндызхан Тоқаеваның сөзін оның әріптесі, халықаралық байқаушы Бурул Болотакунова да растап отыр. Ол өзі қатысқан учаскеде ешқандай құқықбұзушылық болмағанын айтады.

«Біз Қазақстан Респбуликасына 3-ші маусым күні келдік. 10-ғажуықучаскеніараладық. Соғанқарап, дайындық тиісті деңгейде жасалған деп айта аламын. Ешқандай құқық бұзушылық байқамадық. Тұрғындар жақсы қатысуда».

Сарапшылар, референдумға шымкенттік ардагерлердің де белсене қатысқанын айтады. Оның себебі де жоқ емес. Ақсақалдар еліміздегі әрбір саяси өзгерістерге зор сеніммен қарайды.

Шымкенттіктер «Референдум елдігімізді айқындайтын, болашағымызды білдіретін үлкен маңызды шара»,-,дейді.  Сондықтан да  осы сайлауға бір кісідей қатысудың өзі бірлігімізді, елдігімізді көрсетеді. Еліміздің болашағы үшін дұрыс таңдау жасағанымызға сенімдіміз дегенді алға тартады.  

Айта кетейік, референдумның алдын ала қорытындысы жарияланды. Нәтижегесүйенсек, қазақстандықтардың 77,18 пайызы, яғни 6 млн 163 893 адам Ата Заңға өзгеріс енгізуді қолдаса, 18,66 пайыз, яғни 1 490 475 адам қарсы дауыс берген. ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың сөзінше, 7 986 293 тұрғын дауыс беруге қатысқан.

Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте 311 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Сандарға сүйенсек, қалада 631 133 сайлаушы тіркелген

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫЛАР АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Ливан қаласында өткен Азия чемпионатында, ұлттық құрама команда сапында өнер көрсеткен шымкенттік төрт спортшы бүгін жүлдемен оралды. Ел қоржынын алтын және күміс медальмен толықтырған жеңімпаздарды жанкүйерлері әуежайдан арнайы күтіп алды.

Маусымның бірі мен төрті аралығында Ливан қаласында өткен Азия чемпионатында көк туымызды желбіретіп, ел қоржынын алтын медальмен толықтырған спортшылардың бірі шымкенттік – Азман Амаева. Ол шетелде самбо күресінен 80 кг салмақта өнер көрсетті. Жеңімпаз ару әуежайдан өзін қуана қарсы алып, қолдауға жиналған жанкүйерлеріне жарыстың қалай өткенін айтып, бәсекеден алған әсерімен бөлісті.

 «Азия чемпионатында біздің спортшылар жоғары дәрежеде өнер көрсетіп алтын және күміс жүлдені иелендік. Жарыс тартысты әрі қызықты өтті. Өте жоғары дәрежеде. Ерекше әсер қалдырды»,-дейді Азман Амаева.

Аталған дода да Азманмен бірге, мегаполистен 5 спортшы өнер көрсетіп, төртеуі жүлделі орын иеленді. Жаттықтырушылар бұл көрсеткіш үлкен еңбек пен маңдай тердің нәтижесі екенін айтады. Сондай-ақ олар мұнымен шектелмейтінін айтып, шәкірттерінің алға қойған мақсатымен бөлісті.

«Шымкент қаласынан 5 спортшымыз қатысты. Жастар арасында Өмірбек Алина деген қызымыз чемпион болды, және Нұрсейіт Санжар чемпион болды. Және жауынгерлік самбодан Әсет Анарбай екінші орын алды. Ересектер арасында екі қызымыз Азия чемпионаты алтын медаліне ие болды»,-дейдіСамбо күресінен аға бапкер Қорған Тұрымбетов.

 «Азия чемпионы болу үшін еңбек ету керек. Осындай жетістікке жету сол еңбектің арқасы. Олар біздің мақтанышымыз. Бұйырса биыл Әлем чемпионаты болады, соған қызу дайындалады. Ол сайыста да спортшыларымыз жоғары дәрежеде өнер көрсетеді деген үміттеміз»,- деді  Шымкент қаласының №3 жоғары спорт шеберлігі мектебінің директорыНұрлан Орынбаев.

Айта кетейік, дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан Азия чемпионатына биыл 32 мемлекеттен 350 спортшы бақ сынаған.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Түркістан облысының полицейлері жоғалған қызды анасына қайтарды

5 маусым күні таңғы сағат 04:00 шамасында Сарыағаш АПБ-ға такси жүргізушілері хабарласып, Қапланбек кентінің жанындағы Шымкент-Шыназ тас жолында 5-6 жастағы адасқан қыз баланың жүргенін байқағанын жеткізді. Тәртіп сақшылары жедел түрде оқиға орнына шығып, кішкентай қызды полиция бөліміне жеткізді. Олар бүлдіршінді тамақтандырып, ата-анасы туралы сұрады және бірден оның туыстарын іздеуге кірісті.

Кәмелетке толмаған қыздың ата-анасын іздеуге Сарыағаш АПБ-нің жедел уәкілдері мен ювеналды полиция тобының инспекторлары жұмылдырылды. Полиция жақын маңдағы аумақтарды аралап, сол аумақтағы тұрғындарға 6 жасар қыздың суретін жолдаған.

Нәтижесінде жоғалған қызын суреттен таныған қыздың анасы аудандық полиция бөлімге келді. Белгілі болғандай, кішкентай қыз түнде үйден көшеге шығып, жоғалып кеткен. Полицейлер кішкентай қызды анасына дін аман табыстады. Тұрғын сарыағаштық полицейлерге алғысын білдірді.

Өз кезегінде тәртіп сақшылары қыздың ата-анасымен баланы қараусыз қалдыруға жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме жүргізді. Балаларды дұрыс тәрбиелемеу жайты бойынша қыздың анасына қатысты жиналған іс құжаттар Сарыағаш аудандық әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға заңды шешім қабылдау үшін жолданады.

Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Түркістан облысының полицейлері барлық ата-аналарды балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады. Балалар жоғалған жағдайда 102 телефоны бойынша дереу полицияға хабарласу қажет.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

ШЫМКЕНТТІК МЕРГЕНДЕР ЖАРАП ТҰР

Әзербайжан астанасы Бакуде нысана көздеуден әлем кубогы өтуде. Жарысқа әлемнің 65 елінен 800-ден астам спортшы қатысуда.Қазақстан құрамасы сапынан барған 40 спортшы жүлде «атып алуға» ниетті.

Спортты дамыту дирекциясының мә­ліметі бойынша, жарыстың алғашқы күнін­де 10 метрден пневматикалық мыл­тық­пен нысана көздеу сыны өтті. Іріктеу кезе­ңінде қазақстандық Ислам Усейнов екін­ші орынға табан тіреп, финалға жолдама алды. Ал бас жүлде үшін өткен сайыста отанда­сымыз 260,5 ұпай жинап, әлем кубо­гының қола жүлдегері атанды. Бұл сында хорватиялық Миран Маричич топ жарса (261.8), сербиялық Лазар Ковачевич (260.9) күміс медальға ие болды. Ал әйелдер арасындағы жарыста поль­шалық Клаудия Брес жеңіске жетсе, француз Камилле Эдржеевски күміс, болга­рия­лық Антоанета Костадинова қола жүлде алды.  Қазақстан құрама командасы да мылтық, тапанша, трап, скит, командалық және аралас жаттығулар бойынша шеберліктерін көрсетуде.Олардың қатарында шымкенттік спортшылар оқ бойы озық тұр. Оған дәлел, Қазақстан құрамасынан қатысып жатқан жарыста шымкенттік мергендер3 медаль жеңіп алды.

Атап айтқанда, Елизавета Король/ Елизавета Безрукова «50m rifle 3positions» жаттығуында оқ атудан әйелдер құрамасы күміс медаль алды.

Сабақтас «trap/mix» жаттығуында стенд атудан Мария Дмитриенко мен Виктор Хасянов қола медальға ие болды, екі спортшы да Шымкент қаласының өкілдері болып табылады.

Тілге тиек етейәк, Мария Дмитриенко 2016 жылы Бразилиядағы XXXI жазғы Олимпиада ойындарына қатысты, жеке есепте 8-орынды иеленіп, әлемнің ең мықты 10 мергені қатарына енген спортшы.

Әйелдер арасындағы «skeet» командалық жаттығуының ақтық сынында Қазақстан құрамасы қола медальға ие болды. Команданың құрамында шымкенттік мергендер: Зоя кравченко/ Рината Насырова.

Қазақстанның құрамасында 40 мықты спортшы ел намысын қорғауда.

Бакудегі Әлем кубогы спортшылар үшін өте маңызды, себебі ол рейтингтік, рейтингті арттыру арқылы спортшылар Олимпиада ойындарына қатысуға квота алады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы ISSF Олимпиадасында Қазақстанның намысын 3 мерген қорғап, олимпиадалық лицензия алған болатын. Оның ішін шымкенттік спортшылар Зоя Кравченко мен Юрий Юрков да бар.

"AQ-QARA.KZ"-ақпарат

Мақтаарал: Балаларға кітап сыйлады

 Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері, «Мейірім-шапағаты» оңалту орталығының мүмкіндігі шектеулі балаларына тосынсый жасады. Полицейлер ерекше бүлдіршіндердің сауығып, қанаттанып кетуіне ниет білдіріп, түрлі тәттілер мен балалардың ой өрісін дамытатын «Халық ертегілері» кітаптарын тарту етті. Сонымен қатар денсаулықты жақсартып, балалардың сауығып кетуіне жәрдемші болатын жаттығу жасауға арналған спорттық құрал-жабдықтар сыйлады.

 

 

 «AQ-QARA.KZ»- ақпарат

 

 

Кентаулық тәртіп сақшыларының балалары сурет салудан сайысты

Кентау қалалық полиция бөлімінің қызметкерлері жасөспірімдер арасында көркем сурет салудан жарыс ұйымдастырды. Ерекшелігі сол, сайысқа полиция қызметкерлерінің 20-ға жуық ұл-қыздары қатысты. Жарыс барысында учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Бекзат Қабылбековтың қызы, А.Бөкейханов атындағы №23 мектептің 1 «в» сынып оқушысы Еркеназ Болат топ жарып шықты. Жарыс жеңімпазы Кентау қалалық полиция бөлімі бастығының грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан барлық балаларға ынталандыру ретінде алғыс хаттар беріліп, сыйлықтар табысталды. Бұл бағыттағы шаралар полицейлер тарапынан алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Сарыағаш: Сурет салған балаларға сыйлық берді

Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері балаларға арнайы шара ұйымдастырды. Шараға полиция аға лейтенанты Майра Елемесова және Әсемай Анарбаева қатысты. Олар аудандағы бөбекжай балабақшасына арнайы барып, балалармен тілдесті. Полицейлер бүлдіршіндерге мейрам қарсаңында ынталандыру үшін сурет салуға арналған дәптерлер мен қаламсаптарды сыйға тарту етті. Оларға еркін тақырыпта сурет салдырды. Балалар өздерінің қиялындағы ойларын қағаз бетіне түсірді. Бұндай мақсаттағы іс-шаралардың балаларға берері көп. Себебі балалардың көңілдері көтеріліп, оларды рухтандырады. Балалар қоғамның қолдауын сезініп, мейірімге бөленеді. Тәртіп сақшылары мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынына уәде берді.

 

 

«AQ-QARA.KZ»- ақпарат

Төлебилік полицейлер балаларды зообаққа апарды

Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ауруханамен бірлесіп, игі шара ұйымдастырды. Олар ерекше балаларды ауруханаға шақырып, дәрігер мамандардың қабылдауында болып, медициналық тексеруден өткізді. Сонымен қатар аурухананың ауласында концерттік бағдарлама ұйымдастырып, балалар өздерінің өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би биледі. Ұйымдастырушылар оларға сыйлық табыстады. 

Полицейлер балалардың көңілдерін көтеріп, олармен уақыт өткізу мақсатында арнайы автобус жалдап, Шымкент қаласындағы Зообаққа саяхатқа алып барды. Балаларға арнайы ақ дастархан жайып, сол жерден тамақтандырып, қайырымдылық шарасын өткізді.

шара соңында балалар шараны ұйымдастырушыларға өздерінің алғыстарын білдіріп, ерекше әсерлерімен бөлісті.  Ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп, тәртіп сақшыларына ізгі тілектерін айтты.

 

 

                                                                                                                                                            «AQ-QARA.KZ»- ақпарат