Жексенбі, 23 Қыркүйек 2018 11:41

Түркістан облысы: Жұмысшы топ заңдағы өзгерістерді түсіндіру үшін Төлеби ауданының елдімекендерін аралады

Қыркүйектің 17-19 күндері Төлеби аудандық прокуратурасының бастамасымен аудандық прокуратура, Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық департаментінің Төлеби аудандық бөлімі, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері бірлесе Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жөнінде тұрғындармен кездесіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жаңа құжат «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы», «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы», «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы», «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы», «Қайырымдылық туралы» сияқты 14 қазақстандық заңға өзгертулер енгізіп отыр. Жұмысшы топ өз саласы бойынша Леңгір қаласы мен 12 ауылдық округ елдімекендерін аралады. Жиындарға әлеуметтік жәрдем алатын азаматтар, зейнеткерлер және зейнеткерлік жасқа жақындаған тұлғалар мен мүгедек топтағы азаматтар, мүгедектерді күтуші азаматтар және әр сала мамандары, ауыл ақсақалдары, тұрғындар және ауданның БАҚ өкілдері қатысты. Заңнама мазмұнына түсініктеме жұмыстары барысында – көпбалалы отбасыларға арналған жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа шығарда қандай жеңілдеріктерге ие болатыны туралы түсіндірілді.

«AQ-QARA.KZ» – ақпарат»

Оқылды 1421 рет