Дүйсенбі, 16 Қазан 2023 13:43

Сауран: төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді

Сауран ауданы Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері Шорнақ мектебінде қауіпсіздік сабағын өткізді.

Оқушылар арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыру тақырыбында өткен сабақта жер сілкінісіне қатысты арнайы дайындалған көрнекі жадынама парақшалары таратылды. Бөлім қызметкерлері оқушыларды қоғамдағы сақтық шараларын сақтауға шақырды. Оқушылар өз тараптарынан қызықтырған сұрақтарын қойып, тиісінше жауаптарын алды.

Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жер сілкінісі кезінде не істеу, нені істему керектігін, жер сілкінісі орын алған жағдайда қандай қауіпсіздік шараларын есте сақтау керектігін тәптіштеп түсіндіріп берді. Төменде жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Адамдар табиғи апатты, оның ішінде жер сілкінісін тоқтата алмайды. Бірақ саналы түрде әрекет етіп, өмірін сақтауға және келетін нұқсанды азайтуға шамасы жетеді. Сейсмикалық жағынан қауіпті аймақта тұратын әрбір адам жер сілкінісінің болатынын ескеріп, сол жағдайда не істейтінін біліп жүруі керек.

Жер сілкінісіне қалай дайындалу керек?

Жақын адамдарыңызбен, ата-анаңызбен немесе мұғаліміңізбен жер сілкінісі кезінде және одан кейін үйде, мектепте, кинотеатрда, көлікте немесе көшеде қалай әрекет ету керек екенін алдын ала ойластырып жүріңіз. Пәтердегі, мектептегі, көшедегі қауіпсіз орындарды анықтап алыңыз.

Отбасы мүшелерімен алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін талқылаңыз. Жер сілкінісі кезінде отбасы мүшелерінің әрқайсы әр жақта жүрген жағдайда қалай және қайда кездесу қажет екенін анықтаңыз. Жердің сілкінуі тоқтағаннан кейін қайда екеніңізді, жағдайыңызды хабарлау үшін қоңырау шалатын жақыныңыздың нөмірін жазып қойыңыз немесе жаттап алыңыз.

Құжаттар мен ақша, қалта шамы, қосымша батарея, дәрі қобдишасын, ысқырық, сонымен қатар қажет болатын нөмірлер тізімін дайындап қойыңыз. Үйде бірнеше күнге жететін ауызсу мен азық-түлік сақтаулы тұруы керек. Кереуеттерді терезенің және сыртқы қабырғалардың қасынан алыс орналастырыңыз, дәлізге көп зат қоймаңыз. Үйдегі шкафтарды, сөрелерді шегелеп бекітіңіз, ал жоғарғы сөрелердегі ауыр заттарды алып тастаңыз.

Қауіпті улы химикаттарды, тез тұтанатын сұйықтарды оқшауланған орында сақтаңыз. Электражыратқыштардың, газ, су шүмектерінің қайда орналасқанын біліп алыңыз, жер сілкінісі жағдайында жылдам өшіруге тура келеді.

Зілзала кезінде не істеу керек?

Ғимараттың шайқалғанын сезгенде, шамдардың теңселгенін, заттардың құлағанын көргенде, сынып жатқан әйнектің дауысын естігенде, үрейленбеңіз.

Егер үйіңіз бірінші қабатта, далаға шығар есіктің жанында болса, онда құжат пен ақшаны, қажет заттарды алып, ғимараттан тез шығыңыз. Далаға шыққаннан кейін ғимараттан алыс және ашық жерге барып тұрыңыз, тар көшелерде жүрмеңіз. Үзілген сымдардан сақтаныңыз. Сабыр сақтап, басқаларды да тыныштандыруға тырысыңыз.

Ғимараттың ішінде қалуға мәжбүр болсаңыз, онда:

Отырыңыз да, басыңызды бір қолыңызбен  бүркеңіз,  ал екінші қолыңызбен берік орнатылған бір затты ұстаңыз; Қауіпсіз жерлерге: ішкі қабырғаның жанына, бұрышына, есіктің жақтауына немесе негізгі тіреуіштің жанына тұрыңыз; Мүмкін  болса,  үстелдің  астына тығылыңыз, ол сізді құлап жатқан заттар мен сынықтардан қорғайды; Терезе мен ауыр жиһаздардан алыс тұрыңыз; Майшам мен сіріңкені, оттықты  қолданбаңыз, электр қуатын қоспаңыз — газдың шығып кету салдарынан өрт тұтануы мүмкін.

Жер сілкінісі кезінде:

Үрейленіп жүгіруге;

Есікте кептеліс жасауға;

Лифтіні қолдануға;

Баспалдақ аралығына шығуға;

Балконға шығуға;

Жоғарғы қабаттың терезесінен немесе балконынан секіруге;

Майшамды, сіріңкені, оттықты қолдануға, электр қуатын қосуға болмайды.

Егер сіз автокөлікте болсаңыз:

Ашық жерге барып тоқтаңыз, бірақ дүмпу тоқтағанша көлігіңізді тастамаңыз. Өзгелерге көмектесуге дайын болыңыз.

Жер сілкінісінен кейін не істеу керек?

Дүмпудің тоқтағанын күтіңіз. Жерасты дүмпуі тоқтағаннан кейін қатты зардап шеккендерді табуыңыз мүмкін.

Сабыр сақтаңыз, біреуді көмекке шақырыңыз.

Еденді тарсылдатып ұрыңыз немесе сізді тауып алғанға дейін дауыстаңыз.

Мүмкіндігінше өзіңізге медициналық көмек көрсетіңіз.

Есіңізде болсын, от жағуға болмайды. Құбыр мен батареялар арқылы дабыл беруге болады.

Күшіңізді үнемдеңіз. Адам тамақсыз жарты ай шыдай алады.

Көмек міндетті түрде келетінін естен шығармай, күте білу керек. Жер сілкінісі кезінде қауіп-қатерді болдырмау үшін арналған жалпы ұсынымдар:

жиһаздың ауыр заттары құлайтын жерде ұйықтауға болмайды. Салмақты ауыр заттарды еденге немесе қабырғаға шегелеп қою қажет.

биік сөрелерге ауыр заттарды қоймаңыз, өйткені олар құлап адамдарды жарақаттауы мүмкін.

егер де жер сілкінісі түнде болса, шамды даярлап қою керек.

төтенше жағдайлар туындағанда жеткілікті көлемде ішетін сумен тағам болу керек.

Әрбір адам әр түрлі жағдайларда әрекет ету жоспарын өзі жасау керек. Жер сілкінісі кезінде өзі және отбасы мүшелерінің әрекет ету жоспарын анық білу қажет. Және де жер сілкінісі кезінде сабырлылықты сақтаңыздар, лайықты іс жасап, ҮРЕЙГЕ ЖОЛ БЕРМЕҢІЗ!

«AQ-QARA.KZ»

Оқылды 94 рет