Дүйсенбі, 22 Шілде 2024 10:19

Түркістан облысы: Созақта «Адал азамат – мемлекет тірегі» атты дөңгелек үстел өткізілді

ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Қожабекова Наталья Сунгатовна Созақ ауданындағы Үкіметтік емес ұйымдар және Қоғамдық кеңес өкілдері, ішкі саясат, құқық қорғау, әлеуметтік сала мамандары, жастармен «Адал азамат – мемлекет тірегі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты – қатысушыларды ҚР Президентінің «Адал азамат» концепциясы, «ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл» туралы Заңы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізу. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету және көтермелеу жөніндегі ақпараттық науқандар мен жобалар шеңберінде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

Кездесуде жиынға қатысушылар тарапынан адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың профилактикасына және қалпына келтіруге бағытталған шараларға, заңға қатысты ұсынымдар мен ұсыныстар берді. Адамның және азаматтардың құқықтары және бостандықтарын бұзушылықтардың куәсі болсаңыз ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Түркістан облысы бойынша өкілі Қожабекова Наталья Сунгатовнаға жүгінуге болады. Мекен жайы: Түркістан қаласы, Жаңа Қалаш ш/а, 32 көше, 16, блок А.

Қазақстандық мектептерде білім мазмұны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында айтқан «Адал азамат» тұжырымдамасымен байытылады. Бұл туралы Қазақстанда мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының жаңа жобасынан белгілі болды. 

«Орта білімнің философиялық негізі Әбунасыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, Махмуд әл-Қашғари, әл-Хорезми, Қожа Ахмет Ясауи сияқты басқа да ағартушы, ойшылдардың мәдени және рухани мұрасынан тұрады», – делінген тұжырымдама жобасында.  Еске салайық, биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болатынына тоқталды. 

«Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады. Балалар мен жастарды тәрбиелеп, олардың бойына осы озық құндылықтарды сіңіруге айрықша көңіл бөлінуі керек», – деген болатын президент.

«Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Сол арқылы Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады». Президент бұл сөзі арқылы ұлттық білім беру саласына жаңа міндет қойып отыр.  Білім беру жүйесі бүгін өзгеріс үстінде. Егер кеше мектеп бітіруші түлектерге қажеттілік, олардың дайындық сапасын анықтаушы мемлекет тарапынан болса, бүгін олардың білім сапасына, жоғары деңгейдегі кәсіби мамандарға деген сұраныс ата-ана, кәсіби қоғам, әлеуметтік орта, мемлекет тарапынан айқындалып отыр. Бірақ ешкім біздің мектеп бітіруші түлектерге ертең өмір және еңбек жолында қандай талап қойылатынын анықтай алмайды. Сондықтан мектеп бітіруші түлектеріміз өмір белестеріне көтеріле білу үшін, өмір соқпақтарынан өз жолын таба алуы үшін мектептен алған білімі мен біліктілігін, дағдысын әр түрлі тәсілдермен, әр түрлі жағдайларда пайдалана білуі қажет.

Бүгінгі бәсеке заманындағы білімге келер болсақ, Президенттің «Адал азамат» ұғымы Абайдың  «Толық адам» ілімінің стратегиялық жалғасы іспетті. Сондықтан «Толық адам» мен «Адал азамат» идеясын біртұтастықта қарастыру қажет секілді. Өйткені Толық адам дегеніміз – Адал адам,  Адал адам дегеніміз – ол Толық адам.

Жалпы, осы тақырыпқа кеңірек тоқтала кетсек. Тарихқа көз жүгіртсек, адал аза­­мат ұғымы қазақ халқы үшін қа­шанда қастерлі болғанына көз жет­кі­земіз. Әуелі ел ішіндегі әпсанаға назар аударайық. Адалдықты наси­хат­тайтын осы аңыз киелі Түркіс­тан топы­рағына қатысты екенін өңір жұрт­шылығы тамсана айтады. Соған сәй­кес пайғамбарымыз Мұхам­­­­мед (с.ғ.с) Арыстан баб деген сақа­ба­­сына бір құрма беріпті. Сөйтіп, оны Қ­ожа Ахмет Ясауиге табыстауды сұрайды.

Аңыз бойынша Арыстан баб бес жүз жыл құрманы тілінің ас­тына салып сақтапты. Отырар өңі­рі­не келгенде сол құрманы Әзірет Сұл­танға табыстаған екен. Әрине, бұл оқиғаның тарихи шындық болуы екі­талай. Әйтсе де, мұның өзі қазақ хал­қының осындай әпсана арқылы жұрт­ты адалдыққа, антқа беріктікке баулуға ұмтылғанын байқатады.

Адалдыққа қатысты тағы бір оқиға Исламдағы төрт мәзхабтың негізін салушының бірі Әбу Ханифаға да қатысты. Бірде Имам Ағзамның әкесі Сәбит суда ағып келе жатқан алмаға көзі түседі де, оны алып бір тістеп жейді. Аңыз әңгімеде оның бұл әрекеті әбестік болғанын түсініп, өзенді жағалай өрлеп, алма бақтың иесін тапқаны, сөйтіп одан кешірім сұрағаны, ақырында сол бағбанның қызына үйленгені айтылады. Адалдыққа берік болған осындай отбасынан Исламның бетке ұстарының бірі Әбу Ханифа дүниеге келген екен.

Адал адам ұғымы қазақтың әде­бие­тінде де көп кездеседі. Абай Құнан­бай­ұлы «Талап, еңбек, терең ой, қана­ғат, рақым, ойлап қой – бес асыл іс, көн­се­ңіз» деп, адал адам ұғымының негізгі ұстындарын ұсынады. «Адалдық – ардың ісі», «Адал кісі арымас» деген секілді халық даналығы да бекерге айтыл­мағаны анық. «Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен» деген Мұхтар Әуезов те саналы ойдың сәулесін түсіреді.

Президент айтқан адал адам қасие­тін бойына сіңірген жан төңірегінде психо­логтер де ауқымды зерттеу жасаған екен. Мәселен, Эммануэль Кант мұны «Адамгершілік формула­сы»­ деп атаған. Соған сәйкес әрдайым сана­лы әрекетті бірінші орынға қою қажет деп есептейді. Яғни әділ­дік,­ жауапкершілік, адамгершілік, ең­бек­­қорлық, жанашырлық секілді құн­ды­лықтарды көздеген мақсатқа жету үшін емес, оның дұрыс болғаны үшін бойға сіңіру кемел адамға тән қасиет деп есептеген. Ал осындай адал әрекет басқаларға үлгі болып, қоғам­ның­ өзгеруіне жол ашады.

Адалдыққа сенім артқан қоғам құру әрбір адамға тікелей байла­нысты. Бұған Мемлекет басшы­сы­ Ұлттық құрылтайдағы сөзінде де­ назар аударды. Президент Әді­лет­ті Қазақстанды адал азаматтар құра­ты­нын, оның бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар екеніне екпін берді.

«Отанға, отбасына адалдық – пара­сат­тылық пен адамгершіліктің белгісі. Адал еңбек етіп, адал табыс тапқан адам жетістікке жетеді, құрметке ие бола­ды. Ұлы Абай «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі» деген. Ал арлы адам әділетсіздік жаса­май­ды. Әр салада адалдық басты орын­да тұрса, әділ қоғам орнайды. Жем­қорлыққа жол берілмейді, ел мүд­де­сіне сай шешім қабылданады. Бір сөз­бен айтсақ, қоғамдағы ізгіліктің бәрі адалдықтан бастау алады. Ендеше, Әді­летті Қазақстан және Адал азамат ұғымдары ел тірегі болатын егіз құн­дылық ретінде әрдайым қатар тұру­ға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет. Соны­мен­ бірге жас ұрпақты адал азамат етіп тәрбиелеуіміз керек. Ұлттық біре­гей­лі­гімізді нығайтып, еліміздің жаңа құн­ды­лықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұ­мыс жасалуға тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы айтқандай, адал адам мен әділетті мемлекет – егіз ұғым. Дана халқымызда адалдықты, отан­с­үйгіштікті насихаттайтын өсиет жетер­лік. Мәселен, «Отан – Ана» деп, оны қастерлеу әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Осы орайда түріктердің «Devlet baba’dır» (Мемлекет – әке) деген сөзі ойға оралады. Анадолыдағы ағайын мұның себебін былай түсіндіреді. Түркі хал­қы­ның түсінігінде әке – отбасының бас­­қарушысы һәм қорғаушысы. Сон­­дықтан түріктер мемлекетті әке­мен теңестіреді. Өйткені мемлекет ха­лық­­тың әл-ауқатын арттырып, қор­ға­­ны­шы бола­тын институт. Ал «Отан – Ана!».­ Оны қастерлеу – әр азамат­тың­­ міндеті.

Ендеше, көне түркінің ұрпақтары мем­лекет пен Отанды бірге қарас­ты­рып, біреуінен қорғаныш тапса, екін­шісін қорғау идеясына басымдық береді. Рас, елімізде әлі шешімін тап­па­ған түйткіл жетерлік. Олардың ше­шімін табу елдегі әрбір азаматтың да, мемлекеттік саясатты жүргізіп отыр­ғандардың да қажырлы еңбегін талап етеді. Мемлекет пен халық мүд­де­сін бәрінен биік қойғанда, нағыз адал адам ұғымына сай әрекет еткенде ғана Ұлы дала мұратына жететініміз анық. Қорыта айтқанда, адал адам қара басының қамын емес, халқының игі­лігін ойлауға тиіс.

Ал енді Созақ ауданында өткен жоғарыда аталған жиында көтерілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бұзушылықтардың профилактикасы мәселесіне де қысқаша тоқтала кетсек.  Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан жұртын Конституция күнімен құттықтауында былай деген болатын: «Баршаңызды Қазақстан Республикасының Конституциясы күнімен құттықтаймын! Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады.  Біздің мақсатымыз – экономиканың сапалы өсімін және халықтың әлеуметтік сұраныстарын қамтамасыз етіп, тұрмыс деңгейін арттыру, сондай-ақ мемлекеттің саяси жүйесін жетілдіру.   Ата Заң азаматтарымыздың мүддесіне қызмет етіп, елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізе береді. Барлық қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін!». 

Қазақстан халқының әр азаматының құқы мен бостандығы сот арқылы қорғалады. Егеменді еліміздің өз Конституциясы, өз сот жүйесі бар.  Адам баласының құқы мен бостандығы кез келген мемлекеттің Ата Заңында кепілдікпен қорғалған. Сол сияқты ҚР Ата Заңында да Қазақ елінің өлшеусіз байлығы халық екені тайға таңба басқандай көрсетілген. Конституцияның алғашқы бабында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп бастайды.

Зер салып қарасақ, «мемлекеттің басты байлығы – адам» деген бабынан басталғаны бекер емес. Демек, қоғамдағы атқарылған және атқарылуы тиіс шаруалар осы адамның игілігіне арналған. Ал Ата Заңымыз сол игіліктерді қорғайды.

Адамзат баласының өмір сүруі белгілі бір заңдылықтарға бағынатыны сияқты, ғаламшарды мекен еткен әр мемлекеттің де негізгі заңы болуы шарт. Ол заңның барлық тілдердегі мойындалған атауы – Конституция. Бұл орайда еліміз 1995 жылы өзінің талғам-талқысынан өткен басты құжаты Конституциясын жүрек қалауымен қабылдады. Жасампаздықтың жаңылмас жарғысы болған Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде біз қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еттік. Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды.

 Ата Заңымыздың жетістіктерінің бірі – адам құқығы толық ескерілмеген, қорғалмаған декларациялардан бас тартуы. Ата Заңның «Адам және адамзат» деген ІІ бөлімінде бекітілген барлық заңдар егжей-тегжейлі қарастырылған. Ондағы заңдар адамдардың күнделікті өмірінде қолданысқа ие. Сондай-ақ, осы бөлімнің 12-бабында «Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады» деп, заңның адам мүддесі үшін қызмет ететіні айшықталған.

Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде-бір адам өзінің құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Басқаша айтқанда, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегіне айналады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Қазақстан халықаралық қоғамдастықта лайықты орын алып, биік белеске көтерілді. Әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі – Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінді.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 56 рет