Дүйсенбі, 29 Қазан 2018 13:02

Түркістан облысы: Бәйдібек ауданында “Адал жол” марафоны жалғасты

Түркістан өңірінде өткізіліп жатқан «Адал жол» атты республикалық эстафеталық марафонға мемлекеттік қызметшілерді ғана емес, халықты жемқорлықтан аулақ болуға шақырған іс-шара Бәйдібек ауданында өтті

«Адал жол» эстафетасын алуға Түркістан қаласынан арнайы келген делегациямен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері Мыңбұлақ ауыл әкімдігіне ат басын тіреді. Онда ауыл халқымен кездесіп, «Адал жол» акциясы тақырыбында әңгіме өрбітті. Ауыл жұрты да аталған акцияға үн қосты. Бұдан соң іс-шара аудан орталығында жалғасты. Мәдениет үйінде сахналық қойылымдар мен әуезді әндер шырқалып, «Адал жол» марафонына арналған кеш өтті.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Ғалым Сұлтанұлы сөз сөйлеп, осы марафонға өз үлестерін қосқаны үшін бірқатар аудан азаматтарын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Алғыс хатымен» марапаттады.

Жиында аудан әкімі Бақытбек Танагөзов, аудандық мәслихат хатшысы Мұхадас Нақыпбеков, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тұрсынәлі Дүйсенбеков осы тақырыпқа қатысты сөз сөйлеп, ұсыныстарын айтты.

Осы орайда аудан басшысы Бақытбек Танагөзов жаңа облыс орталығы Түркістан қаласына «Адал жол» эстафеталық кітапшасын салтанатты түрде табыс етіп, ойға түйген мәселені шешу үшін қоғам болып күресу керектігін айтып өтті. Іс-шара аудан әкімдігінде қорытындыланды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1554 рет