Тәжірибелік сабақтар тәжірибелі нұсқаушылар мен бөлімше командирлерінің жетекшілігімен өткізілді. Атыс жаттығуының негізгі мақсаты – мергендік дағдыларын, дұрыс көздеуді және жауынгерлік қарумен сенімді жұмыс істеуді қалыптастыру. Полигонда ұйымдастырылған сабақтар әскери қызметшілерді даярлаудың бірнеше кезеңін қамтып, алдағы қызметті сапалы атқаруға қажетті базалық машықтарды қалыптастыруға бағытталған. Жас сарбаздардың басым бөлігі үшін бұл автоматтан алғаш рет оқ ату тәжірибесі болды. Толқынысқа қарамастан, көптеген әскери қызметшілер жақсы нәтиже көрсетіп, командирлердің оң бағасына ие болды.
— Автоматты алғаш рет қолына алған сарбаздардың көбі жақсы нәтиже көрсетті. Қазірдің өзінде олардың бойынан Отанның сенімді қорғаушысы болуға деген әлеует байқалады, — деді мотоатқыштар батальонының командирі майор Бексұлтан Шүкірқалиев. Өз әсерімен Әлібек Ұзақбаев та бөлісті. Маңғыстау облысынан шақырылған сарбаздың айтуынша: — «Өз нысаналарыңнан, Атыңдар!» пәрменінен кейін біз үйретілгендей көздеп, шүріппені баяу бастық. Алғашқы секундтарда толқу, қарудың тебуі мен құлақтағы шу сезілді. Бірақ кейін өз-өзіме деген сенімділік пайда болды. Бұл мен үшін әскери істі меңгерудегі маңызды кезең әрі төзімділікке сын болды – дейді ол.
Бөлімше командирлері жас сарбаздардың әскери іске деген қызығушылығы жоғары екенін және кәсіби дағдыларын жетілдіруге ұмтылысын атап өтуде. Алдағы уақытта жас жауынгерлер әскери ант қабылдап, жауынгерлік дайындық бағдарламасы бойынша оқуын жалғастырады.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат