Сәрсенбі, 30 Қазан 2019 17:02

Шымкенттің бас полицейі бірде-бір шағым ескерусіз қалмайтынын айтты

Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетов құқық бұзушылықтың алдын алу және қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша БАҚ өкілдерінің алдында баспасөз брифингін өткізді. 

Жыл басынан бері алдын алу іс-шаралардың нәтижесінде қалада тіркелген қылмыстардың саны өткен жылмен салыстырғанда 11856-дан 10314-ке, яғни 13 пайызға төмендеген. Департамент басшысы қылмыстардың ашылу пайызы 32-ден 35-ке жақсарғанын атап өтті. Жалпы анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар 77 пайызға жоғарылап, бүгінгі таңда 1 млрд. 534 млн. теңгеге айыппұл салынған. Оның 785 млн. 778 мың теңгесі өндірілген.

– Полиция үшін ең қымбат – халықтың сенімі, олардың алғысы. Кейде үлгере алмай қалатын жағдайлар бар. Бірақ бірде-бір арыз-шағым ескерусіз қалып жатқан жоқ. Қалада көшедегі жол белгілерін әлі де жетілдіру қажет. Алматы, Нұр-Сұлтан қаласынан келген мамандармен бұл мәселелерді шешуге кірісіп кеттік. Негізінен, бізге біршама қиындық тудыратыны– есірткі бизнесі. Қылмыстың алдын алу, жолын кесу бойынша көп жұмыс атқарылады. Дегенменөткен жылмен салыстырғанда есірткі бизнесіне қатысты қылмыс саны 299-дан 243-ке, яғни 18 пайызға төмендеп отыр, - деді департамент басшысы.

Ералы Мұсаәліұлы брифингте көші-қон саласы, азаматтармен кері байланыс орнату, профилактикалық іс-шаралар мен акциялардың барысы, материалдық-техникалық жағдай бойынша да мәліметтер айтып, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап қатты.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 950 рет