Бейсенбі, 26 Наурыз 2020 13:07

Шымкент: Төтенше жағдайдың шектеуіне бағынбаған кәсіпкерлер қамауға алынды

Ел аумағында енгізілген төтенше жағдайға байланысты шектеулерге бағынбаған шымкенттік кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып жатыр. Тіпті соңғы 3 күннің ішінде әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бергендеріне 49 хаттама толтырылып, 3 кәсіпкер қамауға алынған. Арасында «Астер-авто» ЖШС-не тиесілі автосалонның директоры да бар. Маңызды ақпаратты Шымкент қаласы прокуратурасының аппарат басшысы мәлімдеді. 

«Жұмыс уақтына шектеу талаптарын бұзылуына жол бергендігі үшін (шектеумен сағат 18:00-ге дейін белгіленген жұмыс уақытын бұзып, сағат 20:30-ға дейін жұмысты жүргізген) 24.03.2020 жылы әкімшілік соттың қаулысымен «Астер-авто» ЖШС-не тиесілі автосалонның директоры 3 тәулік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Ал 26.03.2020 жылы осыған ұқсас бұзушылықтар үшін «Кафель» дүкенінің иесі 3 тәулік қамауға алу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылып, «Каравай» асханасының әкімшісі 10 АЕК (26 510 теңге) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Сонымен қатар 26.03.2020 жылы төтенше жағдай режимін қолдану кезінде мекеменің (моншаның) жұмыс істеуіне жол бергені үшін «Алтын бұлақ» моншасының иесі 3 тәулікке қамау түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Қалған материалдар сотқа мәні бойынша қарау үшін жолданды» - дейді Шымкент қаласы прокуратурасының аппарат басшысы Руслан Заурбеков.

Сондай-ақ қадағалаушы орган жалпы құны 4,8 млн. теңге болатын 26 500 (жиырма алты мың бес жүз) дана медициналық бетпердені (маска) заңсыз сатудың 3 жайтын анықтап отыр. Қазіргі уақытта тиісті материалдар әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданыпты.

Осы орайда Шымкент қаласының прокуратурасы төтенше жағдай режимін бұзу деректері бойынша 115, +7 7252 53 91 84, +7 777 402 32 98 байланыс нөмірлеріне немесе қала прокуратурасына (Шымкент қаласы, Тәуке хан даңғылы №97) шағымдануға болатынын хабарлайды.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 774 рет