Дүйсенбі, 18 Маусым 2018 23:29

Шымкент: қоқыс алаңы орнындағы саябақ сақалды құрылысқа айнала ма?

Шымкенттегі 40 жыл бойы жұмыс істеген қоқыс алаңының түтіні төңіректегі тұрғындарды әбден тұншықтырып, әбігерге салғаны әлі естен шыға қойған жоқ. Мәселенің өзектілігі ескеріліп, 2015 жылы қоқыс алаңы жабылған-ды. Іле-шала қоқыстың орнын көміп, қайта өңдеу жұмыстары басталды. 

Жоспар бойынша оның орнында тағы бір дендросаябақ бой көтеруі тиіс. Мұнда 6800 түп ағаш пен 160 мың түп гүл егіп, 260 шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланған. Осы жасыл желекті күтіп-баптау үшін суару-жарықтандыру жүйелері жүргізілуі тиіс-тін. Сондай-ақ саябаққа келімді-кетімді азаматтар үшін 500 жеңіл көліке арналған автотұрақ салынып, құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы қарқын алады деп күтілген.

Өкінішке қарай, жаңа саябақ сақалды құрылыстардың қатарына кіруі ықтимал. Құрылысқа тапсырыс берушілердің айтуынша, мердігер компания өзіне жүктелген міндетті аяғына дейін атқармапты.

Саябақты көркейтудің алғашқы кезеңіне 536 миллион теңге қаралған екен. Құрылысшылар оның 210 миллион теңгесін алып, келісімшарт бойынша екі автотұрақ, аяқжолдар, электр жарығының көзін орнатып, жасыл желек егуі тиіс болатын. Бірақ мұнда жайқалған жасыл желекті таппайсыз. Сол себепті Шымкент қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі биылға қаралған 300 миллион теңгені бөлмей отыр. Енді бұл мәселе сотта қаралмақшы.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1662 рет