Сәрсенбі, 18 Шілде 2018 17:03

Шымкентте «Ақылды қала» жүйесінің пайдасы зор болып тұр

Шымкент қаласында «Ақылды қала» жобасы бойынша жыл басынан бері жедел басқару орталығының бейнекамералары арқылы 130-дан астам қылмыс ашылды. Бұл туралы қалалық ішкі істер басқармасы мәлімет таратып отыр. 

Бүгінгі таңда қалалық ішкі істер басқармасына қарасты жедел басқару орталығында 479 бейнебақылау камерасы бар. Бұл бейнебақылау құрылғыларының саны жыл соңына дейін тағы да арта түсетін болады. Олар қоғамдық орындар мен халық көп жиналатын көшелерге орнатылған. Егер қоғамдық орында қандай да бір қылмыс немесе әкімшілік құқықбұзушылық бола қалса, полиция инспекторлары сол маңдағы бейнебақылау камералары арқылы бақылап, қылмысқа күдікті немесе әкімшілік құқықбұзушылық жасаған тұлғаны және автокөлікті анықтай алады. Бұл мәліметтер ары қарай күдіктіні ұстау үшін жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция полкінің арнайы автокөліктегі экипаж құрамына жіберіледі. Одан кейінгі әрекет белгілі – ұсталған азамат оқиға орын алған ауданға қарасты полиция бөліміне жеткізіледі, әкімшілік құқықбұзушылық жасау әрекеті бойынша жергілікті полиция қызметкерлері хаттама толтырады.

Атап өтерлігі, осы жылдың 6 айында жедел басқару орталығына қарасты бейнебақылау камераларының көмегімен жалпы саны 134 қылмыс ашылыпты. Оның ішінде 76 ұрлық, 5 автокөлік ұрлығы, 15 тонау, 8 бұзақылық және 4 заңсыз қару сақтау фактілері бар.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 1381 рет