Ордабасы аудандық полиция бөліміне әйел тұрғын арызданды. Оның айтуынша, үйінен құны 50 000 теңге тұратын қазанын белгісіз біреу ұрлап кеткен. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алды.
Хабарлама түскен бойда тәжірибелі тәртіп сақшылары оқиға орнына келді. Олар ұрлық қылмысын ашу мақсатында қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аумақтарды түгел қарап шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Нәтижесінде ұрлық жасаған күдікті Шымкент қаласының тұрғыны екендігі белгілі болды.
Анықталғандай күдікті жәбірленушінің тұрғын үйіне жақын маңдағы досының үйіне көмектесуге асарға барған. Содан ауланың сыртында тұрған қазанға көзі түсіп, оңай жолмен олжалы болуды көздейді. Күдікті қазанды ұрлап, арнайы темір қабылдайтын орынға алып барып өткізіп, ақысына ішімдік ішкен. Қазіргі таңда тұрғынға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға тұрғын үйлеріңізге, дүкендерге, ғимараттарға бейнебақылау камералары мен арнайы дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Өз мүліктеріңізге сақ болыңыздар.
«AQ-QARA.KZ»- ақпарат