Полицейлер жол-көлік оқиғасының алдын алу мен жолда жүру ережелерін өрескел бұзушыларды анықтауға бағытталған рейдтік-профилактикалық жұмыстарды тұрақты жүргізіп отырады. Мәселен Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Шұбарсу ауылы көшелерінің бірінде «ВАЗ-21099» маркалы көлік жүргізушісін жол ережесін бұзғаны үшін тоқтатты. Полицейлер құжаттарын тексеру кезінде, жүргізушінің масаң күйде екендігін аңғарады.
Бұл жайттың анық-қанығына жету үшін оған медициналық сараптама тағайындап, нәтижесі бойынша жүргізушінің алкагольдік ішімдік қолданғаны белгілі болады. Тәртіп сақшылары аталған жайтқа қатысты ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша іс құжаттар жинақтап, заңды шешім шығару үшін аудандық сотқа жолдады.
Аудандық соттың қаулысымен жүргізуші ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 608-бапта«Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру»:1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру –
он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
2. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер –
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
3-1. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және сегіз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
3-2. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –
жиырма бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және тоғыз жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға алып келеді.
4. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
5. Алып тасталды - ҚР 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер –
жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер –
отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер –
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады деп жазылған.