Жұма, 11 Қараша 2022 22:31

Қазығұрт: 20 миллион теңге несие алып беремін деп алдап кеткен…

Қазығұрт ауданы полиция бөліміне алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын арызданған. Ол азаматтың айтуынша, өзінің танысы 20 миллион теңге несие алып беремін деп, алаяқтық жолмен 150 000 теңге ақшасын алған. Келісілген уақытта хабар келмеген соң, өзі сұрамақ болып қоңырау шалған.

Алайда, ол азаматтан ешқандай жауап болмаған соң, полиция қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді.

Орын алған алаяқтық қылмысы бойынша полицейлер жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар жергілікті тұрғын ер адам анықталды.

Күдікті ер азамат жәбірленушінің сырттай танысы 1 ай ішінде 20 миллион теңге несие алып беретінін айтып сендірген.

Осылайша күдікті пайдакүнемдік ниетпен алынған ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап жібергені белгілі болды. Сонымен қатар сезіктінің бұдан басқа 5 алаяқтық жайтына қатысы бары расталды. Қазіргі таңда ер азаматқа қатысты тергеу амалдары жүруде.

Түркістан облысы полицейлері облыс тұрғындарына кез келген жанға сенбеуді, алаяқтың арбауына түсіп қалмауды ескертеді. Азаматтарға әртүрлі алаяқтардың айла-амалдарына түспеу үшін қырағы болуды ұсынады.

Айта кетйік, бүгінгі күні кең таралған қылмыстардың бірі – ол алаяқтық. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің (әрі қарай ҚК) 190-бабының 1-бөлігінде алаяқтықтың түсінігі берілген. Алаяқтық - бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену. Қарапайым сөзбен айтқанда алаяқтық -алдау және сенімге қиянат жасау жолымен бөтен мүлікті ұрлау болып табылады.   Аталған бап 4 бөліктен тұрады, соған байланысты алаяқтық үшін жаза түрлері де күшейтілген. Егерде кінәлі адам жай алақтық жасаған болса, яғни  ҚК-тің 190-бабының 1-бөлігінде көрсетілген әрекеттерді жасаса ол 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Алаяқтықтың адамдар тобында алдын ала сөз байласуымен, адам өз қызмет бабын пайдалана отырып, ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен, мемлекеттік сатып алу саласында жасалған алаяқтық үшін аталған баптың 2-бөлігіне сай 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Алаяқтықтың ауыр түрлері осы баптың 3-4-бөліктерінде көрсетілген. Егер алаяқтың  ірі мөлшерде, яғни 1 000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен аса жасалса, алаяқтықты мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса, егер ол өзінің қызмет бабын пайдалануымен ұштасса, екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалса немесе  алаяқтық бірнеше рет жасалған жағдайда  аталған баптың 3-бөлігінде 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.  Қылмыстық топ жасаған немесе  аса iрi мөлшерде, яғни айлық есептік көрсеткіштің 4000 есе мөлшернінен  асатын алаяқтық  жасалса, ол үшін сол баптың 4-бөлігінде 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.Барлық жағдайда да қосымша жаза ретінде кінәлінің мүлкін тәркілеу жазасы қолданылады.

 

 

Оқылды 235 рет