Сәрсенбі, 26 Сәуір 2023 13:18

Арыста өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Арыс ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының 4 курс курсанттары: С.Байқозы, Е.Тоғанбай және Арыс қаласы «Ішкі саясат бөлімі» ММ-і «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің қатысуымен «Тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау» бойынша қала тұрғындарының үй иелеріне барып, арнайы түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Арыс аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өрттің шығуының көп бөлігі ұмытшақтық пен бейқамдықтан туындайтынын алға тартты. «Статистикаға сүйенсек, өрттің көп бөлігі тұрғын жайларда болады, ал осы бақытсыздыққа көбіне тұрғындардың өздері кінәлі болып табылады. Өрт - сөндірілмеген радиоқабылдағыштан, теледидардан, магнитофоннан, электр үтіктен, электр каминнен және ұялы байланыс телефондарының қуат көзінен ажыратылмағандығынан шығуы мүмкін» - дейді олар.

Төтенше қызметінің мамандары адамдар тұрғын үйлерге, пәтерлерге, қора-қопсы құрылыстарына, жеке гараждарға және басқа да тұрғын алаңдарда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мынадай сақтық шараларын есте сақтау керек дейді. Олар:

- үйдегі электр құрылғылар жарамды жағдайда болуы керек;

- қыздырғыш құралдарды тез жанғыш заттарға орнатуға немесе ағаш үстелдерге қоюға жол бермеу қажет;

- электр қыздырғыш құралдарды қолдану кезінде оларды қараусыз қалдыруға немесе балаларға тапсыруға болмайды;

- үйден шығар кезде немесе түнгі уақытта электр желісіндегі құрылғыларды қуат көзінен ажырату керек.

Сөндірілмеген, қараусыз қалдырылған электр құралдары үй-жайда өрт шығуының себебі болуы мүмкін.

Сонымен қатар, ошақ жағатын тұрғын үйлерде пеш жағудың өрт қауіпсіздігін сақтаған жөн. Отты жаққан кезде пештің ішіндегі температура 600-800 градусқа дейін жетеді, одан пеш қабырғалары және түтіндік қызады. Егер үйдің ағаш бөлшектері (еден, төбе басқа да жанғыш заттар) пештің қабырғаларына және түтіндікке тығыз тиіп тұрса жануы мүмкін.

Өрт болмау үшін пешті кірпіш немесе тасты негізге орналастырған жөн және пештің алдына ағаш еденнің үстіне өлшемі 50х70 см қаңылтыр қағып қойған жөн. Егер ондай болмаса, пештің аузынан түскен жанып жатқан көмірден өрт шығады. Пештің есігін жауып және қараусыз қалдырмаған жөн.

Түнгі уақытта ұйықтар алдында 1-2 сағат бұрын от жағуды тоқтатқан жөн (қатты отынмен, кемірмен жанатын пештерге байланысты). Бұл дегеніміз улы тұншықтырғыш газбен уланудың алдын алу және газбен жылытылатын қазандықтарға газбен жылыту құрылғылары істен шыққан кезде арнайы мамандарға көрсеткен жөн.

Өрт - әрдайым алапат, ауыртпалық, бақытсыздық. Соған қарамастан, көпшілік адамдар өрт кезіндегі қарапайым ережелерді білмейді. Бала күннен белгілі – «101-ге қоңырау шалу»-дың өзін үрей, байбалам кезінде естен шығарып, ұмытып кетіп жатамыз. Басты ереже - ешқашан үрейленіп, байбалам күйге түспеу! Өрт қауіпі өнеркәсіп пен мекемеде ғана емес, тұрмыста да кездеседі: - тұрғын үйде, жеке автокөлікте және көлікжайда да, саяжайлық аумақта және т.с.с. Сондықтан, өнеркәсіпте қамтамасыз еткендей, тұрғын жай және басқа орындарды алғашқы өрт сөндіру құралдарымен (өрт сөндіргіш және т.с.с.) қамтамасыз ету қажет.
Пәтерлер мен тұрғын бөлмелерде:

- жанғыш заттар, жеңіл тұтанғыш заттар және газ баллондарды балкондарда және лоджияларда сақтауға;

- төсекте және арнайы темекі шегуге әзірленбеген жерлерде темекі шегуге;

- екі қабаттан жоғары үйлерде газ балондарын қолдануға;

- балкондар мен лоджиялардан темекі тұқылын лақтыруға;

- әзірленіп жатқан асты газ немесе тоқ плитасында қараусыз қалдыруға және тұрмыстық электр құрылғыларын (теледидар, үтік, шәйнек, шаш кептіру құрылғысы және т.с.с.) тоққа қосылған күйінде қалдыруға;

- балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салынады. Ең бірінші әрі міндетті ережені есте сақтаңыз: пәтерде түтіннің әлсіз иісі келген кездің өзінде, ашық жалынның өзін айтпағанда, «101» немесе «112» ге қоңырау шалу керек. Өртті өз күшімен сөндіру көп жағдайларда нәтижесіз болады да уақытты жоғалтуға себеп болады және ол өрттің едәуір өршіп таралуына әкеліп соғады.

Өрт сөндіру қызметіне хабарласқаннан кейін, ересектер мен балаларды, қарттар мен сырқат адамдарды қауіпсіз жерге шығарып, жақын пәтерлердегі көршілеріңізді хабардар етіңіз. Пәтердегі немесе саты алаңындағы электр қалқанын қолданып электр көзін өшіріңіз. Ас бөлмесіндегі газ келетін жүйені жабыңыз. Егер сіздің үйіңіз түтін шығару жүйесімен қамтамасыз етілген болса , оны іске қосыңыз. Өрт сөндірушілердің келуін күтпей өртті қолда бар құралдармен – шелектегі сумен, өрт сөндіру құралымен, дымқыл тығыз матамен және т.с.с сөндіруге кірісіңіз.

Өрт шыққан кезде әркім білуге тиісті қауіпсіздік ережелері.

Өрт шыққанын білгенде…

Өрттің ауқымы кішкентай болса, крандағы сумен, болмаса қалың дымқыл матамен өшіруге тырысыңыз;

Өрт ауқымды болса, 101 нөміріне хабарласып, өрт шыққан мекен-жайды, ненің қалай жанып жатқанын айтыңыз. Өзіңіздің атыңыз бен нөміріңізді де беріңіз. Ол өрт сөндірушілерді күтіп алып, өрт ошағына жедел апаруға керек.  «Менен де басқалар хабарласқан шығар» деп отыруға болмайды;

Ғимараттағы барлық тоқ көздерін ажыратып, газ құбырларын жабыңыз;

Егер өрт көп қаббатты ғимараттың төменгі қабатында шықса, ғимараттың жоғарғы қабатына немесе төбесіне шығып, көмек күту керек;

Далаға шығу жолдарында от болмаса, тез арада ғимаратты тастап шығыңыз;

Өрт шыққан аумақтан өту үшін синтетикалық киімдерді шешіп, орнына жүн немесе мақтадан тігілген киім кию керек. Киімдерді сулап, басыңызға ішік, жейде, орамал сынды қалың дымқыл жамылғы жабыңыз. Дәл осылай мұрныңыз бен ауызыңызды да жабу керек. Ол түтіннен уланып қалудың алдын алады;

Есіктерді қатты жабыңыз. Себебі от оттегі келіп, жел соққан сайын өрши түседі;

Түтіннің арасынан еңкейіп, тізерлеп немесе бүк түсіп өту керек;

Пәтерден шықпас бұрын есіктің ар жағында оттың бар-жоғын тексеріңіз. Ол үшін есікке жақын барып, оның тұтқасы сияқты металды жерлерін ұстап көріңіз. Ол ыстық болса, есікті ашпаңыз. Керісінше, есіктің саңылауларын дымқыл матамен бітеп тастаңыз. Есіктің бер жағына су шашыңыз;

Ауыз-мұрныңызды дымқыл матамен жауып, пәтердегі барлық адамдарды балконға алып шығыңыз. Балкон болмаған жағдайда, терезені ашып, сырттағыларға белгі беріңіз. Олардың сізді естігеніне сенімді болсаңыз, барлық адамдарды алып, жуыну бөлмесіне кіріп, есігін ішінен мықтап жабыңыз. Ол жерде суды ағызып, үстілеріңіздегі барлық киімді сулау керек. Сол жерде көмек күтіңіз;

Өрт шатырда немесе жертөледе шықса, өрт сөндірушілерді шақырып, олар келгенше өрт шыққан аумаққа апаратын есік-терезелерді, люктарды жауып тастау керек;

Өрт шыққан үйден адамдарды эвакуациялау кезінде балалардың төсектің астына, сөрелер мен қуыстарға тығылып қалатынын естен шығармаңыз.

Не істеуге болмайды?

Киіміңізге от тигенде жүгірмеңіз. Ол оттың одан сайын өршуіне әкеледі. Одан да киімді шешуге тырысу керек, болмаса еденге жатып аунау керек. Егер жаныңыздағы адамның киімі жанып жатса, оны өшіру үшін үстіне дымқыл мата жабыңыз;

Терезелерді ашып, түтінді шығаруға болмайды. Таза ауа отты өршітеді;

Лифтті қолданбаңыз. Өрт кезінде электр тоқтары өшірілетін болғандықтан, лифт кез келген жерде тоқтап қалуы мүмкін;

Қорқынышқа бой алдырып, жоғарғы қабаттан секіруге болмайды.

Зардап шеккендерге алғашқы көмек

103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем шақырыңыз;

Күйік алған адамдардың үстіндегі киімін шешуге болмайды. Күйген жеріндегі киімін қиып, теріге жабысқан күйі қалдыру керек. Күйікті спирттелген немесе марганец ерітіндісіне батырылғын матамен жабады;

Өте үлкен күйікке шалдыққан адамды үлкен матаға немесе төсек жаймасына орап,  ыстық сусын беріп, жылылау керек;

Түтінге уланған адамды таза ауаға алып шығу қажет.

Өрттің алдын алу үшін:

Үйде темекі шекпеңіз. Толық сөндірілгеніне көзіңіз жетпей терезеден лақтырмаңыз;

Тамақ істеп жатқанда газ плитасын қараусыз қалдырмаңыз;

Электр тогы мен газ құбырларын үнемі тексеріңіз. Қандай да бір ақау барын байқасыңыз, бірден арнайы мамандарға хабарласыңыз;

Өртке арналған сатылар мен төтенше жағдайда шығатын есіктерді жаппаңыз;

Өрт сөндіргішті қолданып үйреніңіз және оны отбасыңыздың мүшелеріне де көрсетңіз. Себебі, өрт шыққанда оның нұсқаулығын оқып тұруға уақытыңыз болмайды;

От жағуға арналған сіріңке, оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз;

Балаларыңызға Төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтің нөмірлерін жаттатыңыз:

Өрт сөндірушілер — 101

Полиция — 102

Жедел жәрдем — 103

Газ апатынан құтақру қызметі — 104

Құтқару қызметі — 109

«AQ-QARA.KZ»ақпарат»

Оқылды 260 рет