– Аудандарды абаттандыру, көгалдандыру, тазалығын сақтау мәселесі былтырдан бері айтылып келе жатыр. Бірақ әлі бірде-бір аудан, қалада тиянақты, жүйелі жұмыс жоқ.Аппарат тарапынан бұл іс қатаң бақылануы тиіс. Әр аудан, қаланың абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізу, көгалдандыру бойынша нақты іс-шара жоспары және орындалу мерзімі болуы қажет. Осы арқылы бақылап, жоспар орындалмаса шара көреміз. Әсіресе халықаралық автожолдардың жан-жағы таза болуына мән берілсін. Түркістан қаласын таза әрі туристерге қолайлы ету аса маңызды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы қоғамдық жұмыспен қамтылған тұрғындарды осы жұмыстарға қатыстыру қажет. Жалпы елді мекендерді тазалықпен қамту, абаттандыру жұмыстарына басқармалар да атсалыссын, – деді Дархан Сатыбалды.
Облыс әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы М.Алипов аудан, қалаларды абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша зерделеу жұмыстары нәтижесі туралы баяндады. Бәйдібек, Сайрам, Түлкібас, Сарыағаш, Келес аудандары және Арыс қаласында көшелерде қоқыс жинау, шөптерді ору, кейбір ағаштарды әктеу жұмыстары ғана көрсетілуде. Жол бойындағы үйлерді және олардың қоршауларын ретке келтіру жұмыстарына көңіл бөлінбеуде. Сондай-ақ аудан, қалаларда саябақтарда, скверлерде, демалыс орындарында атқарылып жатқан жұмыстар баяу жүргізіліп жатыр.
Көпқабатты үйлердің қасбеттерін ретке келтіру бойынша Төлеби, Шардара, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласы ғана жұмысты бастап отыр. Бірқатар аймақтарда ғимараттың қасбетін әктеу сапасыз жасалған. Жиында үйлер мен ғимараттарды әктеу-сырлау, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру, ойын алаңшаларын реттеу, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырма берілді.
Осыған дейін Облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға Түркістан қаласындағы жасыл аймақты күту жұмыстарында қолданылатын құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар таныстырылғаны белгілі. Түркістанда күтіп-баптау нысандарының көлемі былтырғыдан 100 гектарға артқан. Сондай-ақ, 258 нысанды күтуге қосымша тағы 50 техника алынды. Қазіргі таңда облыс орталығының жасыл желегінде 25 түрлі 200 дана техника қолданылады. Қалада 318 гектарға орналасқан 32 саябақ, 59 гектарда орналасқан 32 гүлзар, жалпы күтіп-бапталатын 258 нысан бар. Көгал аумағы 2 620 000 шаршы метрге, ағаш 925 507-ге, бұталар 370 856-ға жетті. Облыс әкіміне күту жұмыстарының ерекшеліктері мен технологиясы, күтіп-баптауда қолданылатын химиялық жəне органикалық тыңайтқыштар мен препараттар, оларды қолдану əдіс-тəсілдері баяндалды.
Көгалдандыру шаралары бойынша Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралаған болатын. Бүгінде Келес ауданының аумағында атқарылып жатқан санитарлық-тазалық және көгалдандыру жұмыстары аудан басшысының қатаң бақылауында. Тазалық шараларын ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері тұрақты түрде жүргізуде. Дегенмен атқарылып жатқан жұмыстар барысында кемшіліктер анықталуда. Бұл бойынша ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Абдуллаев Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте баяндады.
Аудан басшысының берген тапсырмаларының қай деңгейде орындалып жатқаны бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізген жауапты бөлімінің мәліметінше аудан аумағындағы Республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойлары және елді мекеннің ішкі көшелерінде біршама кемшіліктер анықталды. Аталған жайт бойынша баяндаған бөлімдегі сектор меңгерушісі Алмас Абдуллаев ауыл әкімдері кемшіліктерді жою жұмыстарымен шектелмей, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыруды және жол жиегіндегі ақпараттық баннерлерді пайдалана отырып қажетті шараларды қабылдауды ұсынды. Өз кезегінде аудан әкімі тазалық шараларына ауыл тұрғындарын және кәсіпкерлік нысан иелерін жұмылдыру қажеттігіне тоқталды. Сонымен қатар аудан аумағындағы орталық көшелердің бойында орналасқан нысандардың сыртқы қасбетін бірдейлендіру бағытында ұсыныстар дайындау қажет екенін ауыл әкімдерін тапсырды. Берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.
Жалпы көгал жұмысында сапалы техниканың маңызы зор. Сондай техникалардың басым бөлігі енді облыс орталығы Түркістан қаласына да жетті. Қазіргі таңда қаланың 626 гектар аумағын күтіп ұстау жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Бүгінде шаһарда 32 саябақ, 49 сквер, 127 гектарға созылған 16 жасыл алаң бар. Халық игілігі үшін жасалған демалыс орындарындағы ағаштар, өсімдіктер мен гүлдердің күтімінде озық техникалар қолданылуда. Атап айтқанда ағаш тәждерін реттеуге гидробиіктеткіш көліктер, бұталарды кескіш, ауа компрессоры, су шашқыш көлік, орылған шөптерді жинауға арналған кабиналы және кабинасыз моторелдер күші жұмылдырылған. Одан бөлек моторлы көгал орғыштар, көгал тракторлары, көгалды аэрациялау машиналары да қала көркі үшін жұмыс істейді. Бұл ретте ағаштар мен көгалдардың күтіміне тыңайтқыш шашуға арналған арнайы машиналар, аспалы құрылғылар мен шаңсорғыштардың септігі мол.
Қаланың көркеюі үшін ең әуелі тазалықтың болғаны абзал. Түркістан облысына қарасты Созақ ауданында Таза ауыл атты экологиялық сенбілік жиі өткізіледі. Бүгінде Созақ ауданында «Таза ауыл» эко-акциясы аясында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, тазалық жұмыстары жалғасып жатыр. Аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов Шолаққорған ауылының ішкі көшелеріне жаупты етіп бекітілген бөлім, мекеме мамандарының санитарлық-экологиялық акция аясында өтізген тазалық жұмыстарының басында болды. Әр мекеме өзіне жүктелген көше бойларын қоқыстардан тазартып, арық-атыздар мен ағаштардың түптерін әктеп, көше бойы мен мекемелердің ауласындағы шарбақтар мен орталық көшелердің бойында орналасқан тұрғын үйлердің қасбеттеріне сырлау жұмыстарын жүргізді. Айта кетейік, бүгінгі аудан көлемінде ұйымдастырылған сенбілікке 1300 адам, 13 арнайы техника тартылды. Үй іргелік аулалардың 3200 ш. м жинастырылып, өзен-көлдер мен арықтардың 11 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында жинақталған 115 тонна қоқыс тасымалданды.
Айта өтсек, қаланың өркендеп дамуы жолында сапалы ғимараттар мен жаңа нысандардың барынша көп болуы аса маңызды. Себебі бұл кезең даму заманы аталады. Жуықта ғана облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан облысына қарасты Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жай-күйімен танысқан болатын. Нысанды аралау барысында Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды. Аталмыш ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат