Сәрсенбі, 03 Сәуір 2024 12:54

ШЫМКЕНТТЕ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ОТБАСЫ АРЕНДАЛЫҚ ПӘТЕРМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Президент тапсырмасына сәйкес биыл Шымкент қаласында жыл соңына дейін мемлекеттік бағдарлама аясында жалпы саны 1900 отбасы арендалық пәтермен құрылыс жұмыстарының аяқталуы және пәтерлердің коммуналдық тұрғын үй қорына өткізілуіне қарай қамтылатын болады.

Оның ішінде тұрғын үй кезек реттілігі бойынша 449 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына, 351 пәтер көпбалалы отбасыларға, 200 пәтер жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға беріледі. Бұдан бөлек 900 пәтерге жұмыс істейтін жастар қоныстанатын болады.

Өткен жылы қалада 1687 арендалық пәтер сатып алу құқығынсыз үлестірілген болатын. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі жұмысшы жастар мен түрлі санаттағы кезекте тұрған азаматтар бар.

Айта кету керек, Шымкентте жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген жалпы саны 617 азамат ипотекалық негізде Отбасы банк арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында баспанаға қол жеткізген. Оның ішінде: 2-10-20 бағдарламасымен 199 пәтер, 5-10-20 бағдарламасы бойынша 307 пәтер, 5-20-25 бағдарламасымен 111 пәтер Отбасы банк арқылы несиелік негізде мемлекеттік бағдарлама аясында рәсімделген.

 

Одан бөлек, жыл басынан бері Шымкентте 58 отбасы тұрғын үй сертификаты арқылы баспаналы болды. Олардың 4-еуі толық емес отбасы, 20-сы – ерекше баласы бар немесе ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, сондай-ақ 24-і І, ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар мен 10-ы бюджеттік ұйым қызметкерлеріне берілді.

Талаптарға сәйкес, қайтарымсыз 1 млн теңге әлеуметтік көмек ретінде өтініш беруші және отбасы мүшелерінде ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен соңғы 6 ай ішінде орташа табысы 134 562 теңгеден аспаған жағдайда, мемлекеттік бағдарлама аясында «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20» бағыттары шеңберінде несие негізінде алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу барысында беріледі. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдар есептелмейді.

Оқылды 312 рет